Куба президенті Мигель Диас-Канель АҚШ-ты «геноцидтік блокада» жүргізіп отыр деп айыптады. Ол Дональд Трамп енгізген жаңа санкциялар елдегі энергия тапшылығына қатысты қиындықтарды одан әрі ушықтырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Куба президенті Telegram желісінде АҚШ-тың Гаванаға жанармай жеткізетін елдер мен компанияларға қарсы санкциялар енгізу туралы жарлығын адамгершілік нормаларға қарсы шешім деп атады. Оның айтуынша, бұл шектеулер азық-түлік, дәрі-дәрмек және гигиена құралдары сияқты негізгі тауарларды жеткізушілерге әсер етіп отыр.
«Куба халқына қарсы қолданылып отырған ұжымдық жаза – халықаралық ұйымдар айыптауы тиіс геноцид әрекеті. Ал оны бастағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек», деп жазды ол.
Еске салсақ, жыл басынан бері Дональд Трамп Кубаға қатысты көпжылдық блокаданы күшейтіп, Гаванаға мұнай экспорттайтын елдерге сауда баждарын енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын.
Салдарынан Кубада энергия тапшылығы күшейіп, халық жаппай ереуілге шыққан.