Алматыдағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімінде «Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясы құрамында қызмет ету үшін Голан жоталарына аттанатын үшінші ұлттық бітімгерлік контингентті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Бітімгерлік операциялар орталығының қолбасшылығы, қызметтестер, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты. Митингте сөз алған Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қолдау ісіне қатысуының маңыздылығына тоқталды.
«Сіздер еліміздің абыройын асқақтатып, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына қатысуға аттанғалы тұрсыздар. Бұл – мемлекеттің, халықаралық қауымдастық пен жақындарыңыздың алдындағы үлкен жауапкершілік», деді генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Қазіргі таңда 150-ден астам қазақстандық бітімгер Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыстағы және Африка континентіндегі 7 миссиясына әскери бақылаушы, штабтық офицер және жеке дербес әскери контингент ретінде қатысып жатыр. Атап айтсақ, Ливанда, Сирияда, Батыс Сахарада, Оңтүстік Суданда, Конго Демократиялық Республикасында, Орталық Африка Республикасындағы БҰҰ миссияларында қазақстандық бітімгерлер бар.
Қазақ әскерилері Голан жоталарына аттанады
Қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, тосқауыл бекеттерін күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ персоналдарын алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындайды. Ұлттық контингенттің бұған дейінгі екі құрамы Голан жоталарында қызмет еткен кезде қойылған барлық міндеттерді ойдағыдай орындап, БҰҰ миссиясы мен Хатшылығының басшылығынан жоғары баға алғанын айта кету керек.
Голан жоталарында мыңнан аса қауіпті зат табылды
Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында үшінші ұлттық бітімгерлік контингенттің дайындық барысын пысықтады.