• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:50

Азамат есімі ардақталды

Құдайберген Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік универси­тетінде белгілі лингвист ға­лым, қоғам қайраткері, ұлт руханияты мен білім саласының көрнекті өкілі Мұхтар Арынның 90 жылдығы аталып өтті.

Ел болашағына қызмет еткен біртуар тұлғаның өнегелі өмір жолы, ғылыми мұрасы, ағартушылық қызметі туралы оның көзін көрген жандар, қызметтестері мен студенттері естеліктермен бөлісті. Мұхтар Арынның елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз еді. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі ХІІ шақырылымының депутаты ретінде тәуелсіз еліміздің Ата заңы, білім туралы заңдарының қабылдануына үлес қосты. Ақтөбеде Тама Есет батыр Көкіұлы, Есет Көтібар­ұлы, Қазанғап күй­ші ке­сенелерін тұр­ғы­зып, Әйтеке мен Иса­тай батыр баба­ла­рымыздың есімдерін аудандарға бе­ріп, олардың мұраларын жинастыр­ды, тарихи жер-су атауларын қайтаруға үлкен еңбек сіңірді. 1983–1995 жылдары Ақтөбе пе­да­гогикалық инс­титутын басқарған жыл­­дары жаңа инновациялық оқу тәсіл­­дерін енгізіп, қазақ тілінде оқу топ­­тарын, алғашқы этнопедагогика ка­­фед­расын ашты. Өзі жазған «Бес анық» атты ой-толғамдары кітабында «на­­ғыз қазақ қандай болу керек» деген үлгіні ұсынды.

«1983 жылы осы жаққа ректор болып келгенде институтта бір де бір қа­зақ бөлімі болмады. Бұл еліміз егемен­дікке қол жеткізе қоймаса да, оның лебі се­зіле бастаған уақыт еді. Мұхтар Ғали­ұлы тәуекелге барып, экономи­ка, тарих, филология факультеттерін ашты. Алғаш ашылған қазақ филоло­гиясы факультетіне 50 студентті қабылдады. «Қазақ тілі» қо­ғамын басқара жүріп, қазақ мектептері мен балабақшаларының ашылуына себепші болды. Атақты ғалым Рәби­ға Сыздықтың 70 жылдығын Ақтөбеде өткізді. Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаң­ғыт­баев кездесуге келді. Есет Көкі­ұлының 325 жылдығын, шайыр Кердері Әбубәкір, күйші Қазан­ғап есімін ұлықтап, кесенелерін тұр­ғыз­ды, Нұрпейіс Байғанин мұрала­рын жи­настырды», дейді филология ғылым­дарының докторы Абат Пангереев.

Тұтас өңірдің идеологиялық мәсе­лелерін шешкен ректордың қызметін ел-жұрты ұмытпауға тиіс дейді ардагер журналист Идош Асқар. Ақтөбе қаласында қазақ мектептерін ашудағы ұйымдастырушылық шеберлігі, қара­пайымдылығы мен кісілігі кейін­гілерге өнеге болуға тиіс. Елге адал қызмет етудің нағыз үлгісін көрсет­кен адал азаматты Ақтөбе жұрты ұмытпайды.

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар