• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:43

Жауынгер рухына тағзым

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 81 жыл толды. Бірақ осыншама уақыт өтсе де қанды қырғынның әрбір қазақ отбасына салған жарасы жазылған жоқ. Сол жылдары елімізден майданға 1 миллионнан аса ер-азамат аттанған. Солардың тең жарымы елге оралмаған. Бұл – өте ауыр қасірет.

Бүгінде осы соғыста із-түз­сіз кеткен қанша­ма жауын­гердің  жерлен­ген орны мен жеке дерегі анық­талды. Әсіресе майдан даласында белгісіз қалған қаншама сарбаздың сүйегі қайта жерленді. Осы боздақтарды туған­дары­мен қайта қауыштыруда іздестіру топтарының еңбегі ерекше.

Сондай майдан даласында ер­лікпен көз жұмған қазақ жауын­ге­рінің бірі  – Қасым Мағұлов. Ол 1916 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. 1939 жылы әскерге алынған, кеңес-фин соғысына қатысқан. 1940 жылы әскерден елге аман-есен оралады. Ал 1941 жылы әскерге қайта шақырылып, майданға аттанған.  Ол соғысқа кеткенде үйінде жас ке­ліншегі бір айлық сәбиімен қалған. 

Жақында Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, доғарыстағы пол­­ковник Манас Мағұлов Ре­сейдің Ленинград облысына барды. Онда ол бауырластар зира­тын­­­­да жерленген ағасы Қасым Мағұловтың басына барып, Құран ба­ғыш­­тады. Манас Бадыханұлының айтуын­ша, әскерге шақырылғаннан ке­йін Қасым Мағұлов 314-атқыш­­тар дивизиясының 598-жеке са­пер­лер батальонында болған. Ол осы бөлім құрамымен «Нев­­с­кий пятачок» деген жерде со­ғыс­қан. Бұл – Ленинградты қор­­ғау­дағы ең маңызды майдан ше­бі­нің бірі. Қазір аталған аумақ  Ле­нинград облысының Киров муни­ципалдық ауданына кіреді. Мұнда кеңес жауынгерлері неміс әскерлерінің жойқын шабуылын тоқтатып, Ленинградты қорғауда жанқиярлық ерлік көрсеткен.

Манас Бадыханұлы бізге әке­сінің інісі жерленген бауырлас-тар зираты туралы анықтаманы көрсетті. Құжатты Ленинград облысы Киров муниципалдық ауданының Путилово ­ауылы әкім­шілігінің басшысы Н.А.Пранс­кунас берген.

Онда қазақ жауынгері туралы былай деп жазылған:

«Ұлы Отан соғысы біздің өлке­мізде өшпес ізі қалды. Өйт­кені дәл осы жерде Ленин­­град­­ты қорғау үшін қанды шайқастар болды. Мәселен, 29 ай бойы кескілескен жаумен ұрыс тоқтамай, Ленин­град түбінде жүргізілген 12 страте­гия­лық әскери операцияның жетеуі Киров ауданының аумағында өтті. Қатардағы жауынгер Қасым Мағұлов 1943 жылғы 12 қаңтарда Ленинградты жау әскерінен қорғау кезінде ерлікпен қаза тапты. Ол Путилово селосындағы  Орталық бауырластар әскери зиратына жерленді. Оның аты-жөні мемориалдық тақтаға қашалып жазылып, Ленинград облысы есте­лік кітабының 18-томына енген. Сондай-ақ қазақ жауынгерінің есімі Орталық бауырластар зиратында жерленгендердің есеп кіта­бын­дағы тізімінде көрсетілген».  

Екінші дүниежүзілік соғыста ле­нинград­тықтар 900 күн мен түн қор­шауда болып, ауыр тауқыметті бас­тан кешті. Жау әскері тарихи шаһарды басып алуға бар күшін салды. Алайда кеңес әскер­ле­рі жау­ға табанды қар­сы­лық көрсетті.

1943 жылғы 12–19 қаңтар ара­лы­ғында жау әскері Ленинград қор­шауын бұзу үшін үздіксіз шабуылдаған. Әсіресе «Невский пятачок» жерінде кескілескен ұрыс болған. Осы қанды қырғында 40 мыңнан астам кеңес жауынгері қаза тапқан. Соның бірі – қазақ жауынгері Қасым Мағұлов. 

Қазір осы өлкеде Ленинградты қорғауда ерліктің асқан үлгісін көрсеткен жауынгерлерге арнал­ған бірнеше музей жұмыс істейді. Онда өмірін Отан үшін қиған сарбаздардың ерліктері жайында толық баяндалған.

Манас Бадыханұлы музейге барған кезде мұражай қызметкер­л­е­рі өздерін өте жылы қарсы ал­ғанын айтты.

– Бізге ерекше ілтипат танытты. Музей қызметкерлері өте білімді екен. Олар соғыс жыл­да­­рын­дағы оқиғаларды жан-жақ­ты біледі. Бізге қолынан кел­генше сол кезеңнің тарихын кеңінен әңгімелеп берді. Бұдан бөлек, Синявин қыратында  50-ге жуық бауырластар зираты бар екен. Солардың біріне менің ағам жерленген. Бейіттер жақ­сы күтіліп, сақталған. Бір өкініштісі, бауырлас-тар зиратына 100–150 адам жерленсе, оның 30–40 пайызының есімі белгісіз. Аты-жөні жазылмаған. Оның себебін сұрағанымызда  музей мамандары бір қызық дерек айтты.  Біріншіден, ауыр шайқас­та адам шығыны көп болғаны анық. Екіншіден, ұрыс алдында командирлер қарамағындағы жауынгерлерге өздерінің дерек­тері туралы қағазға жазып, оны гильзаға сақтауды міндеттеген. Алайда мұсылман жауынгерлер мұны жаман ырымға балап, ештеңе жазбаған. Содан кейін шабуылда мерт болғандарды анық­тау қиын­дық туғызған», деп жауап берді, – дейді Манас аға.

Шын мәнінде, Ленинградты қорғаған қазақ, өзбек, татар, қыр­ғыз және басқа да мұсылман елдерден келген жауынгерлердің саны 50–60 пайызды құраған.

Манас Бадыханұлы ағасы жерленген бауырластар зиратына барғанда сонда мәңгілік тыныс тапқан барлық мұсылман жауынгерінің рухына Құран бағыштап, тағзым еткенін айтты.

«Бір байқағаным, бауырлас-тар зи­ратының маңайына басқа халықтардың шағын діни ғи­мараттары салынған екен. Сосын маған бір ой келді. Осында жат­қан­дар­дың көбі дер­лік мұ­сыл­ман ­жауынгерлер. Сондықтан осы жерге солар­дың туыстары келгенде діни жорал­ғыларды жасайтын шағын мешіт салуға болмас па еді? Бұл сұ­рақты жергілікті әкімдік өкіл­деріне қойдым. Олар бұл мәселені әлі ешкім көтермегенін айтты. Шынында, осы мәселені құзырлы органдар өкілдері ескерсе, ізгілікті дүние болар еді деп ойлаймын», дейді Қарулы күштер саласының ардагері.

Соңғы жаңалықтар