28 Маусым, 2016

Жас маман ауылға бару үшін оған жағдай жасау керек

568 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақ агротехникалық университетіКеше С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында көрініс тапқан ауыл шаруашылығында аграрлық ғылымды дамыту және кадрларды даярлау мәселелері бойынша Парламент Сенаты депутаттарының ғалым-аграршылармен кездесуі өтті. Ауыл шаруашылығы саласында білікті мамандар даярлау мәселесіне байланысты бірқатар сұрақтар көтерілген маңызды кездесуде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев сөз сөйлеп,  Парламент Сенаты тарапынан Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақты дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотников пен бірқатар өкілдер  ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, ҚАТУ  ректоры Ақылбек Күрішбаев келген қонақтарды оқу орнының жай-күйімен таныстырды. Бұл ретте, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне  қош келдіңіздер, дей отырып,   университет ректоры  соңғы жылдары  елімізде Парламент және Үкіметтің бірлесуімен білім және ғылым саласын реформалау бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуына қарағанда, бұл бағытта аталған оқу орны  жоспарлы түрде әлем бойынша үздік деп танылған Батыс университеттері жүйесімен бірге ілгерілеуде. Сондай-ақ,  мемлекетімізде тұңғыш автономды оқу орны мәртебесін иеленген, білім беру жүйесі әлемдік ғылым-білім кеңістігімен біріктірілген, заманауи зерттеу университеті – Назарбаев Университеттің тәжірибесі басшылыққа алынуда. Осы орайда А.Күрішбаев Елбасы аталған университетті әлемдегі жетекші жоғары оқу орындары үлгісінде құра отырып, Қазақстанның болашақ ғылымы мен білімін дамытудың бағыт-бағдарын көрсетіп бергенін және сол үлгіде  ҚАТУ-дің реформалау сатысын бастағанын көлденең тартты. Қазіргі таңда білікті кадрлар даярлау мәселесі Елбасының ұдайы назарында тұрған басым бағыттардың бірі,  әсіресе, экономиканың маңызды саласы саналатын ауыл шаруашылығында кәсіби  мамандар даярлау бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Сондықтан да осындай өзекті тақырыптар талқыланған маңызы айрықша кездесулердің көптеген іс-шараларды қолға алуға мүмкіндік жасайтынын алға тартқан Аграрлық мәселелер,  табиғатты пайдалану және ауылдық аумақты дамыту комитетінің мүшесі Рашит Әкімов күні бүгінге дейін  үшінші рет өткізіліп отырған басқосу осы саладағы бірқатар мәселелердің түйінін ағытуға септігін тигізеріне сенім білдірді. Алғашқыда ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттар бағдары сарапқа салынған дөңгелек үстел басында бірнеше мәселелер қаралған болса, одан кейін Парламент тыңдауы өтті.  Бүгін, міне, ауыл шаруашылығы вице- министрінің  қатысуымен тағы да кездесу болып отыр, деді Р.Әкімов.  Оның айтуына қарағанда, осы кездесу барысында университеттің ауыл шаруашылығы кадрларын дайындайтын мамандарының материалдық-техникалық мүмкіндіктерін және дәріс оқу үдерістерімен танысу мақсаты көзделген. Ертеден келе жатқан жоғары оқу орнынан күні бүгінге дейін көптеген жас түлеп ұшты. Бірақ қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласының  мамандары жергілікті жерлерде жетіспейді. Оған нақтылай себептер де жоқ емес, жастардың өмір сүру стандарттары өзгерген, сондықтан мамандарды ауылдарға тарту үшін жақсы жағдайлар жасалуы қажет. Сонымен қатар, кадрлар дайындау барысында оқу мен тәжірибенің қатар жүруі үлкен нәтиже беретіні еске салынды. Және де ауылдарда  кадрлардың жетіспеуіне байланысты депутаттық сауал жолданып, осы мәселеде мамандарды ауылға тарту үшін ынталандыру шаралары қолға алыну қажеттігіне назар аударылды. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»