17 Қыркүйек, 2016

Мыңжылдық мегаполис

331 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
bibigul-tulegenovaБибігүл Төлегенова, КСРО халық артисі:

Көз алдымызда көркейді

Адам физиологиялық тұр­ғыда жыл өткен сайын қартая берсе, қаланың бір ар­тық­шылығы, уақыт өткен са­йын құлпырып, жасара түседі. Алматы қаласының тұр­­ғы­ны болғаныма 70 жылға жуық­­тады. Туып-өскен Семейім­де 18 жыл ғана тұрсам, со­дан кейінгі бар өмірім Ал­ма­ты­­­мен байланысты бол­ған­дық­­­тан, бұл қала маған тым ыс­тық, аса аяулы мекен. Жер жүзінің бірталай мем­ле­кеттерінде болдым, талай елді араладым, бірақ Алматыдай сұлу қаланы еш жерден кездестірмедім. Тіпті мұнда аз күнге келген шетелдік қонақтардың өзі оны сүйіп қал­ғанын талай көрдім. Өзім де шетелге шық­қан сапарларда «Қайдан келдіңіз?» дегендерге, «Алматыдан» десем, бірден жүздері жайнап, жылыұшырай ілтипат білдіріп жатады. «Алматы» дегенде ауызға ілігетіні алдымен алмасы болса, содан кейін мөп-мөлдір суы сылдырап аққан арықтары аталушы еді. Студент кезімде қазіргі Фурманов пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы жатақханада тұратын едім. Суды таңғы сағат 6-дан тұрып, екі-үш көше жоғары жатқан «Головной арык» деп аталатын, бүгінгі Абай даңғылының бойындағы арықтан тасып ішетінбіз. Арықтар Алматының барлық көшесінде ағып жататын. Судың әсері болуы керек, Алматының ауасы да салқын тартып тұратын. Әрине, кейінгі жылдарда қала адам танымастай өзгерді. Әдемі ғимараттар салынды. Субұрқақтар көбейді. Көз алдымызда көркейіп бара жатқанына қуанамыз. Бі­рақ осындайда ой туады. Мы­са­лы, мен Шанхайда болдым. Шанхай дегеніңіз мем­ле­кет­тің ішіндегі жеке бір мем­лекет десек те болады. Архи­тек­тура­ның ең соңғы жаңалығынан, адам­ның ойы түгілі түсіне кірмейтін, бірін-бірі қай­та­ламайтын, көкпен иық тірескен кере­мет ғимараттардан аяқ алып жүре ал­май­сың. Дамып, өркендеп жатқанына қара­мас­тан, қытайлар ескі Шанхайдың қисық ағашына да қол тигізбей, толықтай сақта­ған. Өйткені, ол көне қаладан Қытайдың өт­кен мәдениеті, дәстүрі, тарихы тілсіз сөй­леп тұрады. Сол секілді Фурманов пен Абы­лай хан көшелерінің бойында біздің байыр­ғы зиялыларымыз тұрған екі қабатты ағаш үйлерді де қиратпай, сақтау керек еді. Өйт­кені, ол біз­дің өткен тарихымыздың бір көрі­нісі. Өт­кен­ді құрметтей отырып, жаңаны асқақтатсақ, жасарған, жайнаған бүгінгі Алматының тарихы да толығып, байытыла түспек. laki-kesogluЛаки КЕСОГЛУ, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Өнеріме өріс ашты

Мен үшін Алматының аты да, заты да ерекше. Бұл қаланың бүкіл Қазақстан үшін де орны бөлек. Өйткені, Алматыда мемлекеттің ең құнды құжаты –Тәуелсіздік декларациясы мен Қазақстан Республикасының  Консти­туциясы жарияланды. Алматы ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің, спорт пен туризмнің орталы­ғы. Менің өз басым Алматыны ешбір қаламен салыстыра алмаймын. Менің өнердегі жолым, өмірдегі бар қызығым осы қалада өтті. Алматы мен үшін күн өткен сайын жасарып, көркейіп келеді. Сүйікті шаһарымның 1000 жыл­дық мерейтойы оның тарихи келбетін бұрынғыдан да шырайландыра түскеніне қуаныштымын. Алматыда қаншама қазақ өнері алыптарының ізі сайрап жатыр. Халық арасында «Алматы  – ән қала, Алматы – жыр қала!» деп бекер айтылмаса керек.  Бұл қалада қазақтың небір ғұламалары, ға­лымдар, шығармашы­­лық өкілдері еңбек етті, әлі де етіп келеді. Ұлт зиялылар­ының көбі Алматыда рухтанған. Алматы сонысымен де биіктен көрініп, ас­қақ­тап тұрады. Бүгінгі мерекелік сәтте – халықтар арасындағы береке-бірлікті нығайтып, тұрақ­тылықтың үлгісіне айнал­ған сүйікті қалама шын жүректен «Асқақтай бер, Алматы! 1000 жылдығың құтты болсын!» дегім келеді. murat-zhurinovМұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық ғылым академиясының президенті: Қағанаттардан қалған қарашаңырақтың иесімізАлматының 1000 жыл­дық тарихы, негізінен, Ұлт­тық Ғылым академиясы ғалым­дары­ның еңбегімен дәлелденіп отыр. Тарих және этнология, ар­­хео­­логия институтының ғалым­­дары бұл  мәселемен ұзақ уақыт айналысып, ақыры бұл­тарт­пайтын дәлел-дерегін тауып, нақты нәтижелердің негізінде Алматыға 1000 жыл болғанын мойындатты. «Алмату» деген жазуы бар күміс теңгелердің табылуы шаһарымыздың талас тудырып отырған тарих-тағдырын шешті. Сонымен қатар, Алматының Ұлы Жібек жолы бойында сауда-саттық жасаумен айналысқан ірі қала екенін растайтын өзге деректер де табыла бастады. Нормативке сәйкес, қаланың жасын анықтап, дәлелдеу өте қиын. Еуропадағы тиісті ұйымдар жазба деректер мен артефактілерге сүйенген дәлелді талап етеді. Ал, оны табу оңай емес. ЮНЕСКО орналасқан еуропалықтардың талабы бойынша, қала мәртебесін иеленген болса, ол қалада, алдымен, әкімшілік-билік орталығы, яғни ел билеушісі отыруы керек, екіншіден, дамыған қолөнері болуы керек, үшіншіден, сауда ісі болуы тиіс, міне, осы талаптың бәріне ежелгі Алматы тарихы толықтай жауап береді. Осылайша арғы бабаларымыз қала да салды, саясат та жүргізді, шартараппен қатынас та жасады. Алматы тарихын Верный бекінісінің салыну уақытымен байланыстырып жүргендер оның бар болғаны байырғы қалада орныққан инфрақұрылымға салынғанын түсінуі керек. Түптеп келгенде ол шаруаға қолайлы, малы бар, азық-түлігі бар, қызмет көрсететін адамдары бар дайын қаланың жанынан салынған жай ғана бекініс болатын. Алматы алдымен қараханидтердің, содан кейін шағатайлардың қаласы болды. Осы уақытқа дейін Тараздың 2000 жылдығы, Түркістанның 1500 жылдығы аталып өтті, бірақ кейінгі жылдардағы ғалымдардың зерттеуі бойынша, қазақ хандығының астанасына 3000 жыл болғанын растайтын жаңа дәлелдер табылып жатыр. Сондай-ақ, Самарқан мен Бұқараның 3000 жылға дейін жылжытылуы тегін емес. Бұлардың бәрі Жібек жолы бойындағы қалалар, ендеше Алматы да осы қалалар пайда болған уақытқа шамалас бой көтерген. rabiga-syzdyk77Рәбиға СЫЗДЫҚОВА, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Әлі сүйсінумен келемін

Алматының топырағына табанымның тигеніне биыл 61 жыл болады. Батыс жақтағы Ақтөбе секілді орташалау қаланы, Темір, Ойыл деген қалашықтарды көріп өскен маған зәулім үйлері сап түзеген, табиғаты тамылжыған ғажайып сұлу қала естен тандырғандай әсер қалдырды. Әсіресе таң қалдырғаны – басын ақ қар құрсап, найзадай шаншылып тұрған таулар мен аспанға бойлай өскен биік тал-теректер болды. 16-17 жастағы балаңдығымызға қарамай, бүкіл соғыс бойы анамызды, бауырларымызды асырап келген біз үшін әнде айтылатындай, Алматы нағыз «арман қала» болатын. Қысы-жазы құм суырып, ұйытқып боран соғып тұратын елден келген мен желі жоқ қаланы алғаш рет көріп, тағы да таңғалғанмын. Содан бері Алматы мен үшін алабөтен ыстық. Сол жылдарда бүгінгі Абай атындағы Опера және балет театры, соған таяу Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы орналасқан ескі Үкімет үйі, оның жанындағы Қазпошта және оның айнала­сындағы үш-төрт көше Алма­тының орталығы болып есептелетін. Сол көше­лердегі үйлердің бұрышында таудай-таудай демейін, бірақ кішігірім жеңіл көліктің көлеміндей қойтастар жататын. Қаланың байырғы тұрғындарынан сұрап білсем, 1921 жылдары қалада алапат тасқын болып, Алатаудың қары, мұзы еріп, таудан аққан сел жолындағысын түгел шайып, таудың баурайындағы қойтастарды қаланың ішіне дейін домалатып әкелген екен. Құшақ жетпес тас­тардан қаланы тазарту қиынға соққан­дықтан, құрылысқа пайдаланып, үйлердің бұрышына жапсарластырып қойған. Содан бері Алматыға таңғалуым, сүйсінуім күні бүгінге дейін бәсеңдеген емес. Алматыда білім алдым, еңбек еттім, ғылыммен айналыстым, кітап­тар жаздым, қанаттандым, өстім,  міне, осының бәріне маған күш берген – Алматы. Әрине адам үшін туған жер­дің орны бөлек, бірақ азамат болып қалыптасуыма өлшеусіз септігі тиген Алматы, ал оның 1000 жылдық қуаны­шы жеке менің өзімнің еншіме тиген қуанышым сияқты.

Құтты қоныс, мерейлі мекен

asyly-osmanЕлбасы айтқандай, Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі. Бала кезімізде Алматының көркіне біз ғана емес, бүкіл шетелден келгендер таңданатын, там­санатын. Қазір Алматыда қаншама зәулім ғима­раттар бой көтерді, көшелер кеңейіп, жол­дар жөнделді. Мен мұның бәрін мақтаныш етемін. Бірақ әттеген-ай дейтін тұстар да баршылық. Мен оқыған мектепте Абай­дың: «Орыстың тілі – дүниенің кілті» деген сөзі үлкен әріппен жазы­лып тұратын. Неге қазір біз «Қазақтың тілі – Қазақстан­ның кілті» деп айтпаймыз? Неге өз тілімізді қадірлеп, құрмет­темейміз? Бірде Алматының қазіргі жас әкімі Бауыржан Байбек Алатау ауда­нында Ұлттық дәстүрлі өнер театрының салта­натты ашылуында: «Қазақтың өнері – бармақтың басында, тілдің ұшында», деді. Жаным сүйсінді. Шынында да қазақтың домбы­ра­сына, қазақтың әніне, қазақтың фольк­лорына, қазақтың әдет-ғұрып, дәстү­ріне ештеңе де жетпейді. Оны насихаттау, дамыту – әрбіріміздің парызымыз, міндетіміз. Сөз соңында айтарым – біздің құтты қоныс, мерейлі мекеніміздің орта­лығы болған Алматының  1000 жылдығы құтты болсын! Алматының мәртебесі, құдіреті, қасиеті, маңызы арта берсін!  Асылы ОСМАН,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері

Жеңісті де жемісті күндеріміздің куәсі

seydilda-bayshakovБіздің жігіт шағымызда айты­латын «Алматым жүре­гім­де...» деген ән бар еді, сол әнмен ағалыққа аяқ басқанбыз. Адам өзі етек-жеңін жиып, атақ-абыройға бөлен­ген кезе­ңі мен меке­нін есінен шығар­май, мақтанышпен айтып, тебі­реніп жүреді екен. Менің Алматыға деген махаббатым, сағынышымның астарында осындай үлкен құрмет жатыр. Өзімді бақытты адамдардың санатына қосамын. Еліммен, жеріммен бақыттымын. Қазақтың махаббатына бөлендім. Кезіндегі «Қайрат» командасындағы барлық серіктерім үшін ең керемет құрмет отандастарымыздың сенімі еді. Алматының Орталық стадионы біз үшін киелі еді. Матчтар өтіп жатты. Талай қарсылас команданы Алматының төрінде қарсы алдық. Жеңіске жеттік. Жеңілістің ащы дәмін де таттық. Осының барлығына Алматы куә болды... Алматының 1000 жылдығы құтты болсын! Ұлтымыз­дың жетістігіне, ұрпағымыздың жалғастығына жол ашып, Мәңгілік Елмен бірге жасай берсін!  Сейілда Байшақов, КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы,  «Қайрат» футбол клубының ардагері