17 Қыркүйек, 2016

Машина жасау – индустриялық қуат негізі

265 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
1-1609Кеше елордада Қазақстан машина жасаушыларының IV форумы өтті. Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ, еліміздің машина жасау өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындардың басшылары қатысқан форумға әлемнің 20 елінен 100-ден астам делегат келді. Жиын басында Асқар Мыр­зах­метов Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың форум қаты­су­шы­ларына арнаған сөзін оқып берді. «Құрметті форум қаты­су­шылары, сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының IV форумының ашылуымен құт­тықтаймын! Бұл форум жаңа экономикалық жағдайда машина жасау саласының алдында тұрған мақсаттарға жетуде практикалық шараларды әзірлеуге жол ашатындығына сенімдімін. Бүгінгі міндеттер сіздерден ең жаңа технологияларды енгізуді, өнімділікті арттыруды және экспортқа бейім, бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруды талап етеді, сол себепті индустриялық даму мемлекеттік бағдарламасында машина жасауға айрықша назар аударылды», делінген Елбасының сөзінде. Мемлекет басшысы атап өт­кендей, Индустрияландыру картасының аясындағы әрбір оныншы жоба машина жасау саласында жүзеге асырылған. Бұл салада бас-аяғы 250 миллиард теңгенің 88 жобасы жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйы­­мының мүшесі ретінде Қа­зақ­стан өзінің машина жа­сау саласындағы артықшы­лық­тарын пайдаланып, ел эко­но­микасындағы шешуші сек­торлардың біріне айналуға тиіс. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өз баяндамасында еліміздің темір жол, авиациялық технология және машина жасау салаларындағы жетістіктері туралы баяндады. Отандық электр­ мобильдер өндіру барысына да тоқталды. Оның айтуынша, 2015 жылдан бастап отандық қана емес, әлемдік машина жасау саласында сұраныстың тө­мен­деуі, жаңғыртуға бөліне­тін инвестицияның азаюы, кәсіп­орындарды несиелеу шарт­тарының қиындауы сынды кері үрдістер байқалыпты. Нарық­тағы осы ахуалды назарға ала отырып, бұл саланы дамы­туға да жаңаша тұрғыда келген жөн деп санайды минис­тр. Бұл салада өндірісті тежей­тін проблемалардың бірі кәсіп­орынды қаржыландыру мәселе­сімен байланысты, соның сал­дарынан әлеуетін толық іске асыра алмай жатқан кәсіп­орындар бар екен. Дегенмен, Ж.Қасымбектің айтуынша, бұл проб­лема да қазір шешіліп жатыр. Атап айтқанда, «Бәйтерек» хол­дингі арқылы бірқатар жо­баларға қаражат бөлінуде. Қа­рапайым тұтынушыларға берілген 7500-ден астам автонесие де отандық автокөлік өндірісінің дамуына оң ықпал етіпті. Машина жасау сала­сын­да болып жатқан ірі өзгеріс­тердің бірі іштен жанатын қоз­ғалтқышты автокөлік өнді­рісіне қатысты. 2030 жылдан бастап Қазақстанда мұндай көліктерді шығару көлеміне шектеу қойылмақ. Алдағы бес жыл ішінде Шығыс Қазақстан облысында «Азия Авто» жобасын дамытудың екінші кезеңі жүргізіліп, нәтижесінде кәсіпорын жылына 120 мың көлікке дейін шығарады деп жоспарланған. Қостанай облы­сын­дағы кәсіпорындарға да үлкен үміт артылып отыр. Яғни, отандық кәсіпорындар арасында бәсекелестік қалып­тасып үлгерді деуге де болады. Алайда, әлем елдері іштен жанатын қозғалтқышы бар авто­көліктерге емес, үнемді әрі экологияға зиянсыз қозғалт­қышы бар көліктерге иек артып жатқанын ескеріп, алдағы уақытта Қазақстан да осы бағытты ұстануға көшпек. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі былай деді: – Еуроодақта 2050 жылдан бастап іштен жанатын қоз­ғалтқышты көліктерге шектеу қойылатынын білесіздер. Авто­кө­ліктің пайдаланылу мер­зімін ескерсек, бұл – 2030 жылдан бастап мұндай көліктерді шығару шектеледі деген сөз. Сол себепті, осы үрдістің аясында Қазақстанда қазірдің өзінде электр мобильдер тестілеуден өткізілуде. Ал­дағы уақытта соған сай келетін инфрақұрылым қалыптастыру, Алматы мен Астанада жанармай құю стансаларының инфрақұрылымын жетілдіру жоспарланып отыр. Елімізде электр мобиль шығару ісі қолға алынғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Қос­та­най облысындағы «Сары­ар­каАвтопром» компаниясының базасында биыл 5 электр мобиль құрастырылғаны белгілі. 2020 жылдан бастап компания осындай көліктердің сериялы өндірісін жолға қоймақ. Машина жасау саласының маңызын арттыратын тағы бір көрсеткіш – оның халықты жұ­мыспен қамтудағы рөлі. Бұл салада жаңадан ашылған 1 жұ­мыс орны жанама түрде он­даған жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді екен. Бұл туралы «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» заңды тұл­ғалар бірлестігінің басқарма төр­ағасы Мейрам Пішембаев айтты. – Елбасы Н.Назарбаевтың машина жасау саласына айрық­ша көңіл бөлуі бүгінгі шара­ның маңызын арттыра түседі. Пре­зиденттің тікелей назар аударуының арқасында еліміздің экономикасын индус­трияландыру саясаты белсенді түрде жүргізілуде. Ал машина жасау индустрияландырудың негізі болып табылады. Себебі, бұл салада ашылған бір жұмыс орны – өңдеуші сала, жеңіл өнер­кәсіп, мұнай химиясы сын­ды басқа салаларда 100 жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді, – деді Мейрам Пішем­баев. Мейрам Пішембаев айтып өт­кендей, еліміздің экономика­сында ауыл шаруашылығы ерекше орын алатынын ескер­сек, ауылшаруашылық маши­на­ларын жасауға ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Ауыл­ша­руашылық машиналарын жасау комбайн, трактор, тіркеме, тағы басқаларын шыға­румен шектелмейді. Ауыл шаруа­шылығындағы өңдеуші техни­калардың барлығы қамтылуға тиіс. Заман талабына сай мал шаруашылығын түгелдей автоматтандыруға көшіру керек. Яғни, бүгінгі таңда ауыл шаруа­шылығын дамытуға қажет­ті міндеттердің маңызды бір бөлігі машина жасау саласымен тікелей байланысты деу­ге болады. Форумға келген шетелдік делегаттардың бірі, герма­ниялық Price Waterhouse Coo­pers агенттігінің халықаралық сарапшысы Кристоф Штюр­мер жиында әлемдік автоин­дустриядағы соңғы трендтер туралы айтты. – Күнделікті ішетін сусын, тұтынатын телефон сияқты, автокөлік те бір бұйым. Оның басты айырмашылығы – қымбат бұйым екендігі. Қазақстан аз ғана уақыт ішінде экономикасы қуатты, әл-ауқаты жақсы елге айналып үлгерді. Жаңа нарықтарды бағындыра бастадыңыздар. Ал өнеркәсіп өндірісі нарықтағы сұранысқа, халықтың талап-тілегіне тәуелді. Бұл елде автокөлікке деген сұраныс бар, автокөлік өндірісін дамытуға мүмкіндік мол деп ойлаймын. Себебі, халықтың жаңа өнімдерге деген сұранысы жоғары, – деді халықаралық сарапшы. Оның айтуынша, қазақстандық автокөлік құрастырушылар жылдамдық, үнемділік және қоршаған ортаға зиян келтірмеу сынды талаптардың үдесінен көрінетін көлік түрлерін шығаруы тиіс. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Игорь Бургандинов