17 Қыркүйек, 2016

Атыраудың Астанадағы күндері басталады

249 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
atyrau Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникация­лар қызметінде «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» тақырыбымен Атырау облысының Астана қаласындағы күндерінің өтуіне орай брифинг ұйымдастырылды. Брифингте Атырау облысы әкі­мінің орынбасары Әлібек Наутиев бі­рін­ші кезекте өңірдің дамуы, атқа­рылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. – Атырау облысы – әлеуметтік-эко­номикалық даму көрсеткіштері қарқынды өсіп келе жатқан аймақ­тар­­дың бірі. Тек мұнай өндірісі ғана емес, өзге де түрлі салаларда іл­гері­леушілік бар. Облыстың жалпы өңірлік өнімі осы жылдың бірін­ші тоқсанында 1,18 трлн теңгені құра­са, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,52 трлн теңгеге жетті. Аймақта индус­триялық-инновациялық даму бағ­дарламасы шеңберінде 5,1 мың жұмыс орны құрылды, сондай-ақ, жалпы құны 2,5 трлн теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске асырылуда. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 53,1 пайызға өсіп, 1 093,1 млрд теңгені құрады. Осы кезеңге дейін 273,8 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғаса бермек. Осы жылдың 1 қыркүйегіне мемлекеттік бюджетке 503,5 млрд теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсті, – деді облыс әкімінің орынбасары. Оның айтуынша, негізгі салада Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеуде. Бұл зауыт жаңғыртудан өткен. «Теңізшевройл» компаниясы 30 млрд долларға жуық қаржыға жаңғыртудың үшінші кезеңін бастамақ. Ал Қашаған жобасы қазан айында іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, ол әлеуметтік са­лалардағы атқарылып отырған жұмыс­тарға тоқтала келіп, білім беру сек­торындағы игі істерді атап өтті. – Облыста 192 мектеп бар. Осы мектептерге бірінші сыныпқа барған балалар 100 пайыз оқулықтармен қам­та­масыз етілді. Мұнан бөлек, 1-4-сынып оқушыларын тегін тамақ­пен қамтамасыз ету үшін облыс бюд­жетінен 1 млрд 190 млн теңге бөлін­ді. Соның нәтижесінде 51 мың 560 бала тегін тамақпен қамтамасыз етіле­тін болады. Әрине, облыста білім сала­сындағы проблемалы мәселелер де жоқ емес. Апатты жағдайдағы 6 мектеп бар. Оның 5-еуінің құрылысы бас­талып, үшеуінің құрылысы биыл аяқ­та­лады. Біреуі 2017 жылдың соңын­да толық бітеді. Осылайша, апат­ты мектептерден арыламыз, – деді Ә.Нәутиев. Ал Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев өз кезегінде өңірде аталған салаға қатысты жүйелі жұмыстар жүргізіліп отырғанын, со­ның нәтижесінде бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізілгенін, 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін жәрмеңкеге қызу дайындықпен келгендерін жеткізді. – Бұрын Атырау облысы Астанаға тек балық өнімдерін жіберетін болса, енді елордалықтарға ауыл шаруа­шылығы өнімдерімізді ұсына аламыз. Олардың ішінде көкөніс, сүт, ет өнімдері, жұмыртқа, шұжық, салаттар бар, – деді басқарма басшысы. Оның айтуынша, биыл атыраулықтар Астанаға мол тартумен келіп отырған көрінеді. Нақтылай айтқанда, атыраулықтар Астанаға 36 тауар өндірушілердің қатысуымен 90 тоннадан астам өнім әкелген. – Атырау облысы жергілікті өнді­рушілердің өнімдерін елордаға әкелді. Кеше ғана жүк тиелген 14 жүк көлі­гі қалаға жетті. Біздің әкелген өнім­деріміз 90 тоннадан асады. Оның ішіндегі негізгі өнім – балық 36 тоннаны құрайды. Мұнан бөлек, 38 тонна бақша дақылдарын, сүт, ет өнімдерін және жұмыртқа әкелдік», – деді ол. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, өңірде соңғы 3-4 жылда ауыл шаруашылығы саласына 17 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп, 14 жоба іске асқан. Өңірді сүт өнімдерімен қамтамасыз ету де біршама жақсарған. Сондай-ақ, осыдан 3 жыл бұрын өңірде ішкі нарықты жұмыртқамен қамтамасыз ету 13 пайыз ғана болса, бүгінде бұл көрсеткіш 100 пайыздан асып отыр, – деді ол. Сонымен, бүгін және ертең, яғни 17-18 қыркүйекте Атырау облысының Астанадағы күндері өтеді. Шара барысында Атырау облысы бойынша 260-қа жуық өнерпаз, 10 шығармашылық топ өз өнерлерін ұсынады. Олардың ішінде Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония, М.Өтемісұлы атындағы Қазақ драма театрының ұжымы, сонымен қатар, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі бар. Жоғарыда аталған ұжымдардың қатысуымен бүгін сағат 18:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Ғасырлардан сыр шерткен – Атырау» атты көрме ұйымдастырылады, ал 19:00-де осы сарайда гала-концерт көпшілік назарына ұсынылады. 18 қыркүйекте елордадағы Жастар сарайында Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» атты пьесасы қойылады. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»