17 Қыркүйек, 2016

Халықаралық әуежайға Хиуаз аты беріле ме?

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

17-09-16-atyrau-7

Атырау облысының Астанадағы күндері аясында Бейбітшілік және келісім сарайында қазақтың батыр қызы Хиуаз Доспановаға арналып жарық көрген «Хиуаз» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Екінші дүниежүзілік соғыста ерекше ерлік көрсеткен Хиуаз Доспанова туралы кейінгі жылдары баспасөзде аз жазылып жүрген жоқ. Бірақ, ол туралы кітап жарытымсыз екен. Тұсаукесер барысында сөз алған белгілі сыншы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлия Бөпежанова Хиуаз апамыздың ғажайып ерліктер көрсетіп елге оралғанын, елге келген соң да партия қатарында қызмет еткенін, бірақ өмірінде ешқашан мақтанбағанын, өзін көрсетуге ұмтылмағанын баса айтты. «Бізде идеология жоқ дейді. Жастар кімге еліктейді деп жатады. Жастар Хиуаздай апаларына еліктеп өссе болады деп айтар ем. Бұл кісі Кеңес Одағы кезінде онша ескерілмеді. Тек тәуелсіздіктен соң ғана Доспанова есімі айтыла бастады. Халық Қаһарманы атағы берілді»-деген сыншы Атыраудағы Халықаралық әуежайды Хиуаз Доспанова атына берілсе екен деген зиялылардың тілегін жеткізді. Бұл бастама осыдан төрт жыл бұрын көтерілген бастама екен. Әзірге тоқтап тұр. Айта кетейік, Хиуаз Қайырқызы соғыс жылдарында орыстың атақты ұшқыш қызы Марина Раскованың 46-гвардиялық түнгі бомбалаушылар ұшқыштар полкінің құрамында болды. «Түн перілері» деп атаған оларды өлтіргендерге неміс әскерилерінің тек қаһармандық көрсеткендерге ғана берілетін темір крест орденімен марапатталатыны соғыс жылдарында аңызға айналған. Жау шебін талқандау үшін 300 мәрте әуеден соққы беріп, жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындаған. Ал, «Хиуаз» атты кітап Атырау облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының қолдауымен шығып отыр. Кітапты құрастырған белгілі журналист -  Тұрсын Қалимова. Айгүл СЕЙІЛОВА Фото: Орынбай БАЛМҰРАТ