20 Қыркүйек, 2016

ФИФА «Алтын доптан» айырылып қалды

252 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Француздың France Football журналы Халықаралық футбол федерациясымен (ФИФА) әлемнің үздік ойыншысына тапсырылатын «Алтын доп» жекелей наградасы жөніндегі әріптестігін тоқтатты. Басылым сайты мұны 16 қыркүйек, жұма күні жазды. Атап өтілгендей, тараптар әріптестікті жалғастыру жөніндегі келісімге келе алмаған. Енді бұл саладағы өзгеріс биылғы жылдан басталады. Футболдағы басты жекелей марапатты тапсырудың жаңа ережелері журналдың 20 қыркүйек, сейсенбі күні шығатын нөмірінде кеңінен жазылады. «ФИФА-ның алтын добы» – жылдың қорытындысы бойынша үздік футболшыға тапсырылатын жүлде. Награда 2010 жылы France Football  версиясы бойынша анықталатын «Алтын доп» және «ФИФА-ның жыл ойыншысы» атты екі жүлденің бірігуі нәтижесінде пайда болған. Содан бері жеңімпаз француз басылымы журна­лис­терінің, жаттықтырушылар мен ұлттық құрамалар капитандарының дауыс берулері жолымен анықталып келді. «ФИФА-ның алтын добы» жүлдесін соңғы рет «Барселона» командасының шабуыл­шысы Лионель Месси жеңіп ал­ған еді. Ол бұл атаққа 2009-2012, 2015 жыл­дары бес рет ие болды. Үш награданы Мадридтің «Реал» командасының фор­вар­ды Криштиану Роналду (2008, 2013, 2014), голландиялық шабуылшылар Йохана Кройфа (1971, 1973, 1974) пен Марко ван Бастена (1988, 1989, 1992), сон­дай-ақ, француздың жартылай қорғау­шысы Мишель Платини (1983-1985 ж.) алған. France Football – француздың 1946 жылдан бері сейсенбі және жұма күн­дері шығып келе жатқан футбол тақы­ры­бындағы журналы. Ол «Алтын доп» жүлдесін 1956 жылдан бері тап­сырып келеді. Демек, жүлденің тағайын­дал­ғанына да биыл 60 жыл толып отыр.   Дамир ҚОЖАМҚҰЛ