20 Қыркүйек, 2016

Паралимпиада мәресіне жетті

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
20-09-16-paralimpiada-1Бұрнағы күні түнде Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионында Паралимпиялық ойындардың салтанатты жабылу рәсімі болып өтті. Ойындар қыркүйектің 7-сінен 18-іне дейінгі аралықта өтті. Жабылу рәсімінің қойылымы Бра­зилия халқының ән әуені әлеміне арналды. Жиналған­­дар а­л­­дын­да осы елдің белгілі ән­ші­­­лері өнер көрсетті. Солардың ішін­­­­де туғаннан қолдары жоқ му­­­зы­­­­кант Жонатан Бастос та бол­­­­ды. Ол әлемге өзінің барлық ком­­­по­­­зи­­­ция­­л­арын аяғының баш­пай­­­ла­ры­­мен ойнайтынымен таныл­ған. Шара басында көрермендер мен қатысушылар сенбі күні жарыс барысында қатты құлап, ауруханаға барар жолда жан­тәсілім еткен ирандық 48 жас­­тағы велошабандоз Бахман Голбар­нежад үнсіздікпен еске алды. Осы қайғылы оқиғаға байланыс­ты Ойындар ұйымдастыру коми­теті­нің басшысы Карлос Нузман мен Халықаралық паралим­пия­лық комитеттің президенті Филип Крэйвен Иран командасы мен марқұмның отбасына көңіл айтты. «Мақсат орындалды... Брази­лия ешқашан берілмейді», деп мәлімдеді өзінің сөзінде Нузман елде Олимпиада мен Пара­лим­пиаданы дайындаудың өте қиын жағдайда өткенін меңзей келіп. Өз кезегінде Крэйвен брази­лия­лықтарға жылы құшақ жай­ғандары үшін алғыс сезімін біл­дірді. Ол сондай-ақ жарыстарға қатысқан мүмкіндіктері шек­теулі спортшылардың бәрінің кере­мет қасиеттері жөнінде айтып өтті. Содан кейін коми­теттің Ойындарды жақсы ұйым­дастырып, жоғары деңгейде өткіз­гені үшін Рионы өзінің ең жо­ғары наградасы – орденмен марапаттайтынын жеткізді. Соңында Крэйвен ән салып, Ойындарды жабық деп жариялады. Ал паралимпиялық жалау келесі Ойындардың иесі – Токиоға салтанатты жағдайда табыс етілді. Паралимпиялық ойындар 107 алтын, 81 күміс, 51 қола, бар­лығы 239 медаль алған Қытай құрамасының айқын жеңісімен аяқ­тал­ды. Екінші орын 64 алтын, 39 күміс, 44 қола, барлығы 147 медаль жинаған Ұлыбритания құра­масына бұйырды. Үшінші орын­ға 41 алтын, 37 күміс, 39 қола, жал­пы 117 медалі бар Украи­на ко­ман­дасы шықты. Бұдан әрі алғашқы ондықты АҚШ, Авс­тралия, Германия, Нидерланд, Бра­зи­лия, Италия және Польша коман­далары құрады. Бұрынғы кеңестік елдер ара­­­­­сынан 8 алтын, 6 күміс, 17 қола, бар­лығы 31 медаль жинап, 16-орын­нан көрінген Өзбекстан құ­ра­масын ерекше атап өтуге болады. Бұл елден Ойындарға барған 32 спортшының 31-і осылайша медальмен оралды. Бұдан бөлек, Беларусь – 19-шы, Литва – 44-ші, Латвия – 45-ші, Әзербайжан 48-ші орындарға орналасты. Ал Ойындарда 1 алтын, 1 күміс медаль алған Қазақстан құрамасы Словения спортшыларымен бірге 58-59-шы орындарды бөлісті. Мұрат АЙТҚОЖА