Фото: ашық дереккөз
Депутат жаңа заң жобасы көпшіліктің жылдар бойы кезігіп келген нақты мәселелеріне берілген жауап деп есептейді. Сондай-ақ ол құжаттағы әр бағытты санамалап берді.
«Скрининг – жұмыс берушінің есебінен. Көбі жалақыдан қағылмау үшін арнайы скринингке баруға қорқады. Жұмыс беруші сізді орташа жалақыңызды сақтай отырып, 3 күнге дейін скринингке жіберуге міндетті. Енді eGov немесе SMS арқылы «тексерілетін уақыт келді» деп хабарлама келеді. Ал кадр қызметі қызметкерді скринингке жіберуі тиіс. «Білмедім» немесе «жібермеді» деген сылтау енді жүрмейді. Болмаса – жауапкершілік. Біз мәселе көтерсек, оны заңдағы нақты нормалар арқылы шешеміз», деді Асхат Аймағамбетов.
Жаңа заң жобасы: Ауыл бюджеттерін ұлғайтуға жаңа салықтық тетіктер ұсынылды
Халық қалаулысы сондай-ақ жүргізушілер мен зауыт жұмысшыларының ауысым алдындағы тексеріс уақытына ақы төлену мәселесін көтерген.
«Егер ауысым алдындағы тексеру міндетті болса – демек, ол жұмыс уақыты. Ол есепке алынып, төленуі тиіс. Бұл норма кәсіпорындарды процесті автоматтандыруға стимул болады, әйтпесе кезекте тұрған әр сағат үшін ақы төлеуге тура келеді», дейді депутат.
Депутаттың айтуынша, жұмыс беруші жұмысқа қабылдаудан бас тартса, онда жазбаша жауапты талап етуге мүмкіндік бар. Бұл қағазбен еңбек инспекциясына немесе сотқа сенімді түрде баруға болады.
Сонымен қатар құжатта адамның ар-намысы мен абыройын заңмен қорғау бекітілген.
«Біз алғаш рет Еңбек кодексінде қызметкердің ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу және жеке өміріне қол сұғылмау құқығын бекіттік. Басшылық тарапынан дөрекілік, буллинг немесе жеке істерге араласу – енді заңды тікелей бұзу болып саналады», деп жазды депутат.
Заң жобасында мұнан өзге қызметкерді жұмыстан босатарда оның қателігін саралау, жұмыстан кету шешімін қабылдаған азаматты әртүрлі сылтаумен ұстап отыру заңға қайшы екені нақтыланған. Сонымен қатар ауырып жүргенде еңбек шартының мерзімі аяқталғанымен, оны аурухана парағы аяқталғанша ұзарту, жалақы, график, жұмыс орны секілді кез келген өзгеріс тек жазбаша немесе ЭЦП арқылы және 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей хабарлануы тиіс екені жазылған. Оған қоса денсаулық жағдайына байланысты шығынсыз ауысу мәселесі де қаралған.