Саясат • Бүгін, 08:03

Қауіпсіздік саласына қатысты заң жобасы қаралды

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтті. Депутаттар бірінші оқылымда Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметі мәселелері жөніндегі заң жобасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді талқылады. Бұған қоса Мәжілістің салалық комитеттері «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Қауіпсіздік саласына қатысты заң жобасы қаралды

Мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттігі кеңейеді

Төменгі палатаның жалпы отырысында депутаттар «Кейбір заңнамалық акті­лерге Қазақ­станның арнаулы мем­лекет­тік органдарының қыз­меті мәсе­лелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжат­ты бірінші оқы­лымда қарады. Құжат бойынша Мәжі­лістегі Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Болат Керімбек баяндама жасады.

– Құжат ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Респуб­ликасының арнаулы мем­лекеттік органдарында қызмет өткеру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатын көздейді. Заң жобасы мемлекет­тің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты құрылымдар қызметінің тиімділігін арттыру­ға, құқық қолдану қызметі барысында анықталған құқық­тық олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Жалпы заң жобасы 3 кодекс пен 11 заңға түзетулер енгізуді көздейді, – деді Б.Керімбек.

Сонымен қатар заң жобасында ұлттық қауіпсіздік орган­дары­ның дағдарыстық жағдайлар туындағанда, төтенше және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай енгізілген кезде әрекет ету құзыретін нақтылау ескерілген. Бұл түзету «Төтенше жағдай туралы» заңға сәйкес келтіру мақ­сатында енгізіліп отыр. Сон­дай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттік құ­пия­ларды қорғау жағдайын күшейту көзделген. Осы мақсатта заңда «мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейінің төмендеуін» ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіптердің бірі ретінде бекіту ұсынылды. Бұған қоса экстремистік және террорис­тік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, әзірлеуге және таратуға заңнамалық тыйым салудан басқа, заң жобасы оларды сақтауға қосымша тыйым салуды енгізуді ұсынады.

– Заң жобасында әскери және арнаулы оқу орындарына түсуге арналған конкурсты өткізу кезінде үміткердің емтиханнан алған балдары тең болған жағдайда, жекелеген санаттағы адамдарға ба­сымдық беру тәртібін айқын­дау ұсынылды. Мәселен, жетім бала­лар, мектепті «Алтын белгі­мен» бітірген түлектер және халық­аралық олимпиадалардың жеңімпаздары қамтылады. «Білім туралы» және «Әскери қыз­мет туралы» заңдарда аталған мүм­кіндіктер қарастырылған. Алайда «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» заңында көзделмеген, – деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Арнаулы мемлекеттік органдары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасында мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы белгілен­ген талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жауапкершілікті енгізу ұсынылады.

– Мемлекеттік күзет қызметі­нің жұмысын жеделдету мақ­сатында аталған мекемеге қызметі барысында орындалмаған нұс­қа­маларға әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы хаттама жасау құқығын беруді ұсынамыз, – деді Б.Керімбек.

Қысқасы, бұдан былай Мемлекеттік күзет қызметіне де әкімшілік хаттамалар толтыру өкілеттігі берілмек. Осы заң жобасы аясында IT саласындағы талантты жастарды, қабілетті мамандарды арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тарту тетігі де ұсынылды.

– Бүгінде қарапайым аза­маттардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда интернет-қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізу жұмысы өте маңызды. Әр адамның жеке дерегінің, қаржысы мен күнделікті цифр­лық өмірінің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету өзекті. Ал бұл қыз­метті тиімді атқару заманауи цифр­лық құзырет пен анали­ти­калық дағдылары бар жоғары білікті кадрларсыз мүмкін емес. Сондықтан заң жобасында IT саласындағы талантты жастарды, қабілетті мамандарды арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тарту тетігі ұсынылады, – деді Б.Керімбек.

Депутаттың айтуынша, халықаралық тәжірибе көрсет­кендей, IT-мамандарды тартуда икемді тәсілдерді қолдану мем­лекеттік институттардың инновацияларды тезірек енгізуіне, цифрлық дамудың тиімділігін арттыруына мүмкіндік береді. 

Халықаралық валюта қорының кеңсесі жұмысын бастады

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық валюта қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңір­лік орталығына қатысты өзара түсіністік жөніндегі меморандумды ратификациялау туралы» заң қабылданды.

Бұл мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, меморандумның ережелері орталықтың Алматы қаласындағы кеңсесінің жұмыс істеуі мен орналасуы, сондай-ақ орталық қызметкерлері­нің елімізде болу шарттарын регламенттейді.

– Бұл – еліміздегі халықаралық ұйымдардың қызметі туралы келісімдерге арналған стандарт­ты ережелер жиынтығы. Халық­аралық валюта қоры орта­лы­ғы­ның елімізде орналасуы елдің әлеу­меттік-эконо­микалық да­муы­­на ықпал етіп, эко­номи­ка­­лық саясат пен мемле­кеттік бас­­қару саласындағы ұлт­тық инс­ти­­ту­­ционалдық әлеуетті нығайту­ға мүмкіндік береді. Мемлекеті­міз үшін ХВҚ орталығы – консуль­та­ция­лар, кәсіби білім  және эконо­микалық семинарлар алаңы ғана емес, сонымен қатар страте­гия­лық ресурс. Бүгінде ор­та­­лық 100 мил­лионға жуық хал­қы бар 9 елді біріктіреді және ХВҚ-ның жаһан­дық желісінің бір бөлігі са­налады, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, бүгінде орталық жұмысын бастап кеткен. 615-тен аса іс-шара өткізіліпті. Бүкіл өңірден 4 670 маман, оның ішінде елімізден 1 370 маман оқудан өткен. 

Теріс ағымдарға тосқауыл

Депутаттық сауал жолдауды Ермұрат Бапи бастады. Мәжіліс депутаты теріс діни ағымдарға тосқауыл қою мәселесін көтеріп, Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады.

– Сөз нәзік діни дүниені жал­бағай жамылып, елдің интернет әлемінде халықтың санасына манипуляция жасайтын «псевдодіни авторитеттер» турасында бол­мақ. Турасын айтқан­да, дүмше догманы тықпала­­ған бұл қараба­йыр діндарлар ұлттық ұстанымды ірітіп, мем­лекетіміз бен қоғамның таға­нын теңселтіп барады, – деді Е.Бапи.

Осы орайда депутат ұлттық мәселені популизм жолында құрбан етуге құштар журналист әріптестер мен масс-медианың басқа да өкілдерін кәсіби, адами және азаматтық ұстанымға берік болуға шақырды.

Депутат егер біз бұл теріс догмаға бүгін өте қатаң және жүйелік тойтарыс бермесек, ертең қапыда қалуымыз әбден мүмкін екенін айтты. Себебі бүгінде әсіресе жастардың сенім-танымы мен қоғамдық көзқара­сы дәстүрлі діннің мешіттерін­де емес, әлеуметтік желілерде қалыптасып келеді.

– Егер бұл ресурстарда ресми институттардың жүйелі, авторитетті және заманауи ұстанымы тапшы болса, бұл бос қалған кеңістікті қарабайыр және қауіпті пропаганда толтырады. Бас прокуратура, тиісті құзыретті ведомстволар мен мемлекеттік органдар онлайн ортадағы осы қитұрқы құбылысты шектеу әрекетіне жедел кірісуі керек, – деді Ермұрат Бапи.

«Ауыл» партиясы фракция­сының мүшесі Жигули Дайра­баев Премьер-министр Олжас Бектеновке жемшөп өндірісін дамыту шаралары жөнінде са­уал жолдады. Айтуынша, бүгін­де бұл салада бірқатар мәселе бар. Жемшөп өндірісі табиғи-климаттық жағдайларға тәуел­ді. Кейінгі жылдары суармалы жерлердің жеткіліксіздігі бай­қалады, каналдар тозған, су үнемдеу технологиялары жеткілікті деңгейде енгізілме­ген. Мал азығы дақылдары­ның өнімділігі төмен, тұқым шаруа­шылығы жеткілікті дамы­маған, селекциялық жұмыс пен тұқым жаңарту жүйесі әлсіз. Осыған байланысты депутат Үкімет басшысына жемшөп өндірісін дамытуға бағытталған жүйелі шаралар қабылдау қажет деген тұжырымын ұсынды.

Ал «Ауыл» партиясы фрак­циясының тағы бір мүшесі Қарақат Әбден Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның назарына еліміз­дегі донорлықты дамыту төңі­регіндегі мәселелерді жеткізсе, Екатерина Смышляева Денсау­лық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға медицина қыз­меткерлерінің кәсіби жауап­кершілігін сақтандыру мәселе­сіндегі түйткілдерді көтеріп, ақ­халаттылардың ахуалына алаң­даушылық білдірді.

Депутат Әділ Жұбанов мұ­най-газ-химия жобаларында шетел­дік мердігерлер тым арзан баға ұсынып (демпинг), отандық компанияларды ығыстырып жатқанын айтты. Соның салдары­нан отандық үлес азаяды, ақша ел экономикасына толық қайтпайды, жұмыс орын­дары қысқарады. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін көп тарту да ішкі еңбек нарығына қысым түсіреді деп алаңдайды. Сондықтан Үкіметке демпингке қарсы шара енгізуді, тендерлерде отандық үлесті кемінде  70% етуді, жергілікті мамандарға басымдық беруді ұсынды.

Ал депутат Respublica партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смолякова Үкіметке туризм маусымына дайындық нашар екенін айтып, нақты шараларды қолға алу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, мардымды ақпарат жоқ: рейстер, по­йыздар, бағалар, орындар туралы дерек кеш беріледі. Салдарынан туристер де, бизнес те сапарын жоспарлай алмай отыр. Ішкі туризм әлсіз – отандастарымыз өз елін­де демалмай, сыртқа кетіп жатыр. Қауіпсіздік проблемасы да түп­кілікті шешілмеген, жыл са­йын суға бату фактілері көптеп тір­ке­леді, яғни құтқару жүйесі жеткіліксіз.

– Былтыр 62 адам суға батса, оның 24-і бала. Бұл қайғылы оқи­ғалар біздің дайындық деңгейі­міздің тікелей көрсеткіші, – деді Е.Смолякова.

Сондықтан депутат барлық туристік ақпаратты алдын ала, ашық жариялауды талап етті. Кө­лік пен инфрақұрылымды ретке келтіріп, демалыс орын­дарын­да қауіпсіздікті күшейтуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар