20 Қыркүйек, 2016

Ұлттық формуляр жүйесі бекітілді

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
farmokoterapiyaҚазақстанда бұған дейін қанатқақты режімде жұмыс істеп келген Ұлттық дәрілік формуляр (ҰДФ) ресми бекітіліп, іске қосылды. Тиісті бұйрыққа Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қол қойған. Осылайша, Отанымыз ТМД елдерінің арасында мұндай ақ­параттық ресурсты іске қосқан ал­ғашқы республика болып отыр. ҰДФ-ны жасақтау барысында фармокотерапия саласындағы озық әлемдік тәжірибе басшылыққа алынған екен. Бұл дәрілік көмек азаматтар­дың әлеуметтік жағдайы мен табысына қарамастан бәріне бірдей қолжетімді болмақ. Се­бебі, мұнда дәрі-дәрмектердің шекті бағалары көрсетілген. Формуляр жүйелі түрде жаңар­ты­лып отыратындықтан, меди­циналық қызметкерлерге дә­рі-дәрмек түрлері, оларды қол­дану тәжірибесі туралы жаңа мағ­лұматтар алып, фармацевтика саласындағы білімін жетілдіріп отыруға мүмкіндік береді. Ұлттық формулярды қалың жұртшылық та www.knf.kz сайты арқылы орыс және қазақ тілдерінде онлайн-режимде қолдана алады. ҰДФ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған жүйе бойынша құрылған. Препарат туралы ең қажетті ақпараттың бәрі бір бетте жинақталған. Ал қажет болған жағдайда, сілтемені ашып, кеңірек мағлұмат алуға болады. Кері байланыс жүйесі арқылы сайтты қолданушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын қалдыра алады. Жоба 2015 жылдың соңында еліміздің тұрғындарына ұсыны­лып отырған дәрілердің сапасы, қауіпсіздігі мен қолжетімділігі мәселелерін шешу мақсатын­да қолға алынған болатын. Оған ми­­нистрліктің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті ұйытқы болған. ҰДФ-ны жасақтауға шетелдердің тәжірибелі фармакологтары тартылыпты. Қазақстандық ұлттық формулярды мамандарға және қалың көпшілікке таныстырып, қол­даныс аясын кеңейту мақсатында Денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орта­лығы еліміздің аймақтарында семинарлар өткізіп, таныстырып отыруды қолға алмақ. «Егемен-ақпарат»