22 Қыркүйек, 2016

Балдырғандар байқауы

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
logotip-k-25-letiyu-dnk-1Бұл күнде өнерге таласы барлар көп-ақ. Шын талант пен әнші болуға талап­тану­­дың арасы жер мен көктей екені әм­беге аян. Алайда әнші болып туған адам­­ды жөргегінен танып, дарындарды демеу қазіргі сахна тарландарына, тәжі­ри­белі тұлғаларға да аманат. Осыдан біраз жыл бұрын КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова бір байқауды бас­тап, классикалық өнерге бейім бірқатар жастардың үлкен сахнаға жолдама алуына септігін тигізген еді. Алматыны бір ажарландырып өтетін сол өнер байқауы биыл сегізінші рет өтпек. Қыркүйектің 19-27 аралығында өтетін Бибігүл Төлегенова вокалистерінің VIII Халықаралық байқауы бұл жолы Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығы мен Алма­ты қаласының 1000 жылдығына арналмақ. Байқауға әлемнің әр шалғайынан айтулы музыканттар қазылық етуге келеді. Іргеміздегі Қырғызстан, Өзбекстан, одан әрі Әзербайжан, Литва, Ресей, Германия, Чехия, Моңғолия, Болгария сынды мемлекеттерден опера саласына құлаш ұрған 65 әнші Алматыда бас қосады. Жоғарыда атап өткендей, осынау ауқым­ды оқиға жас әншілердің биік тал­ғамын, өнерге деген терең түсіні­гін қалыптастыруды мақсат етеді. Халық­ара­лық байқау жас өнерпаздардың назарын классикалық және халық әндеріне аударып, оларды нағыз өнердің бұлағынан сусындауға шақырады. Ән сайысы жаңа таланттардың есімін анықтап, ұлттық классикалық өнерді ұлықтамақ. Байқау бағдарламасы да бекзат өнер­дегі бұрын-соңды таңдаулы туын­ды­ларға құрылған. Оған қоса Қазақ­­стан ком­по­зиторлары шығармашы­лығы­нан да ха­лық әндеріне ұқсас туындылар ұсы­нылады. Іріктеу кезеңі және финалдық сайыс Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармония залында, ал ашылу және жабылу салтанаты Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында өтпек. Халықаралық деңгейдегі өнер майталмандары конкурс аясында кездесулер өткізіп, дарынды жастармен дидарласып, тәжірибе бөліседі. Қатысу­шылардың өнерін бағалап, олардың орындауларына қатысты жеке-жеке көз­­қарастарын білдіреді. Сондай-ақ жас­тарға бағалы ақыл-кеңестерін де айтады. Халықаралық конкурстың Бас серіктесі – «SAMRUK KAZYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Ал ұйымдастырушы – «Мирас» қоғам­дық қоры. Сондай-ақ вокалис­тер­дің халықаралық байқауын өткізуге Алматы қаласы әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ