24 Қыркүйек, 2016

Аударма жайы алаңдатып отыр

699 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
kitap Жақында Мәскеуде әлемнің бірқатар елдерінен келген баспагерлер мен кітап таратушылардың басын қосқан үлкен кітап көрмесі өтті. Қазақстанның атынан осы айтулы шараға біз де қатысып қайтқан едік. Аз-кем әсерімізбен әрі отандық кітап өндірісіне қатысты ойларымызбен бөлісуді жөн көріп отырмыз. Халықаралық бұл кітап көрме-жәрмеңкесі биыл жиырма тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырғанын айту керек. Кітап мерекесіне 45 мемлекеттен 500-ге жуық баспагер қатысып, ұзын-саны 200 мыңнан астам баспа өнімін көпшілік назарына ұсынды. Көрмені «кітап теңізі» деуге болады. Қазақстандық 14 баспа осы мерекеге қатысып, өз кітаптарын шетелдік әріптестеріне көзайым етті. Жалпы алғанда, қазақ баспагерлерінің өнімдері қазіргі заман талабына сай дамып отырғаны анық байқалды. Ресей мен шетел кітаптарының аясында біздің кітаптар да ұялмайтындай деңгейде көрінді, сөрелерде жарқырай орын тепті. Көрмені қызықтаушылар, кітап­құмарлар шын мәнінде құмары­нан бір шығып, ақын-жазушылармен, ғалымдармен, саясаткерлермен алуан кездесулерге қатысты. Оқырман көпшілік көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алды. Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің басшылары Ресей мен бірқатар шетелдік бас­па мен баспасөз өкілдерімен кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізді. Қазақстан стендіне келген мамандар мемлекет тарапынан баспа ісі мен кітап өндірісіне деген біздің елдегі қамқорлықтың көрінісіне куә болды. Олар биылғы қарашада және келесі жылы ЭКСПО-17 аясында Астанада өтетін Халықаралық кітап көрмесіне келетін ниеттерін жеткізді. Көрмені аралап жүріп, осы сырт көз сүйсінетін отандық кітап ісіндегі көңілге кірбің түсіретін ойлар да мазалағаны рас. Әсіресе, көркем әдебиетіміздің шетелдік аудиторияға шығуы, оның шетел оқырмандарына танылуы мен лайықты бағалануына қатысты проблемалар баршылық. Бұл – біздің қоғамда көптен қозғалып жүрген мәселе. Анығында, ұлттық әдебиетіміз ел ішінде өзінің бағасын алып жатыр, шүкір, мақтаудан да, мадақтаудан да кенде емес. Алайда, әлемдік деңгейге шығу жайында сөз қозғалса, біреулер қаражат­ты көлденең тартып күмілжиді, біреу­лер аузын қу шөппен сүртіп мысқылдайды. Бәрін де көріп-біліп жүрміз. Ту­ра­­сында, біздің қазақта дүние жұртшылығына ұялмай ұсынатын көркем шығарма жоқ деу қиянат болар еді. Ол «көрмес түйені де көрместің» кебі. Әйтпесе, мақтаған шетелдік шығармаларды да оқып жүрміз, бәрі бірдей алтын мен күміс деуден аулақпыз. Сондықтан, қазақы мінезімізбен тағы да іштарлық жасамай, барымызды бағалай білейік, намысқа тырысып, көрсете білейік. Қазақ әдебиетінің шекара ас­ып, шетел оқырмандарының талғам-талқысына түсуі үшін алдымен шығармаларды әлем тілдеріне аудару керектігі белгілі. Бұл да ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатыр. Еліміздегі аударма саласы, әсіресе, көркем туындыларды шетел тілдеріне аударумен айналысатын жүйе әлсіз екенін мойындауға мәжбүрміз. Қазір әлемде геосаяси тұрғыдан ғана емес, мәдени-рухани бағытта да ықпалдасу шапшаң жүріп жатқаны аян. Біз ұзаққа бармай-ақ, ТМД елдерінің мәдени кеңістігін алып қарайтын болсақ, бәсекенің басында орыс мәдениетінің нық тұрғанын көреміз. Рас, орыс әдебиетінің, тұтас руханиятының тамыры терең, тағылымға аса бай. Сондай-ақ, қазіргі мәдени интеграция кезеңінде тілдік қатынас маңызды міндет атқаратыны тағы жасырын емес. Орыс тілінің аймақтағы ықпалы әдеби туындылардың таралымы мен танымалдығына да жол ашып отырғаны шындық. Орыс тілінің орасан кең аудиториясы ежелгі көршілеріміздің әдебиетіне деген сұранысты арттырып отырғаны да содан. Дегенмен, бұл қазақтың көркем әдебиетінің дүниежүзілік оқырман нарығына шығуына шектеу бар деген ұғым емес шығар. Мемлекетімізде, саясат пен экономикадағы сияқты, мәдениетіміздің дамуына, ұлттың өнері мен әдебиетінің танылуына жұмыстар жасалып жатыр. Әсіресе, Ресей Федерациясымен достық шеңберінде атқарылған істер бір төбе. Шекаралас елдердің зиялы қауымына ортақ мәселелер үзбей талқыланып жүр. 2014 жылдың қоңыр күзінде Мәскеуде екі елдің ақын-жазушылары бас қостық. Ресейдегі біздің елшіміз Марат Тәжиннің жеке бастамасымен, «Литературная газетаның» қос­тауымен өткен әдеби шарада екі елге ортақ мәселелер жан-жақты сөз болған. Біз Қазақстан мен Ресей жазушыларының шығармаларын шығаратын біріккен әдеби альманах ашуға келіскенбіз. Сол келісімнің нәтижесінде қазақтың біраз ақын-жазушыларының туындылары басылды. 2015 жылы осы келісімнің екінші кезеңіне қол жеткізіп, қаламгерлер басқосуы тағы өтті. Оның нәти­же­­сінде тағы бір әдеби альманах шығару жөнінде келісілді. Биылғы жылы сол ортақ әдеби альманахтың екінші саны дайын. Бұл жолы онда екі елдің үкілеп үміт күткен жас жазушыларының туындылары топтас­тырылды. Осы алдымыздағы қазан айында Мәскеу қаласында қазақ-орыс жазушыларының қатысуымен сол альманахтың тұсаукесері өткі­зілмекші. Мұның бәрі біздің әдеби орта үшін, орыс оқырмандарын өзімізге тартып, әдебиетімізді таныту үшін сәтті мүмкіндік болуда. Соңғы жылдары қазақ көркем әдебиетінің шетелдерде танылуына, Батыс елдерінің тілдеріне аудармалар жасалуына Қазақ ПЕН-клубы жақсы үлес қосып отырғанын айту парыз. ПЕН-клубтың қазіргі басшысы Бигелді Ғабдуллиннің іскер­лігі мен шетелдік әріптестерімен бұ­рын­­нан қалыптасқан қарым-қатынасының арқасында АҚШ-та Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы өлеңдері, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» хикаясы, Олжас Сүлейменовтің «Код Слова» атты зерттеулері, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», Смағұл Елу­баевтың «Ақ отау» романдары, Герольд Бельгердің таңдамалы эсселері жарық көріп, бүгінде сол елдің кітап дүкендерінде сатылып жатыр. Бұларға қосымша, жуықта Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесі жеке кітап болып, ағылшын тілді оқырман қауымына ұсынылғанын естідік. Кезекте Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағанбетов, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков сияқты таланттарымыздың шығар­ма­лары тұр. Бұдан бөлек, әдеби әріп­тестік пен авторлардың дос­тық рәуіштегі байланысының нәти­жесінде Францияда, Беларусьте, Әзербайжанда, Польша елінде жекелеген жинақтар сол елдердің тіліне аударылып жарық көрген. Сондай-ақ, қазақ жазушыларының ағылшын тіліндегі кітаптары Аmazon атты интернет-сайт арқылы сатылымға түскен. Отандық әдебиетті дамыту мен танытуға әдеби агенттіктердің араласа бастауы да көңілге медеу болып отыр. Бұл өзі біздің елімізде енді-енді ғана жанданып, қалыптаса бастаған жүйе болғандықтан, болашағына зор үмітпен қарағымыз келеді. Көңілге сенім ұялатар жақсылық іс екені қуантады. Әрине, бұл айтылғандар үлкен шаруаның теңізге тамған тамшыдай ғана үзігі. Жалпы, қазақтың көркем әдебиетінің дамыған елдерде насихатталуына қатысты көзқарасқа түбегейлі өзгеріс керек. Мүмкін, елімізде «Аударма институтын» қалыптастыратын уақыт жеткен болар. Жаһандану заманында өмір сүріп отырғандықтан, сыртқы мәдени экспансиядан қашып құтылу мүмкін емесін тағы ұмытпайық. Демек, біз де ұлттық өнер мен әдебиетімізді басқа мәдениеттермен терезесі тең етіп көрсете білуді, сөзімізді өткізе білуді, атымызды бәйгеге қоса білуді үйренуге тиіспіз. Тағы бір қуаныштысы – шығарма­сын бірнеше тілде жазатын алғыр буын өсіп келеді. Шет тілдерін ана тіліндей жақсы білетін жастар бар. Бұл өз алдына жеке әңгіме. Әлібек АСҚАРОВ, жазушы, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры