Босния және Герцеговина өткен жылдың 15 ақпанында Еуропалық одаққа мүшелікке өтуге тапсырыс берген еді. Сол кезде мұндай тапсырыстың түскенін ЕО-ның Шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерика Могерини мәлімдеген болатын.
Могерини ханым мұны аталған ел үшін де және Еуропалық одақ үшін де жақсы жаңалық ретінде қабылдаған еді. Брюссельде Босния және Герцеговинаның Еуропалық одаққа өтуі үшін ЕО-ның барлық стандарттарына сәйкес келмейтініне қарамастан, Сараевоның мүшелікке тапсырысы қаралатыны атап көрсетілген болатын.
Сол тұста Босния және Герцеговина төралқасының төрағасы Драган Чович өз елінің үміткер ретіндегі мәртебесі көпке созылмайтынына үміт артқан еді. «Бізді реформалардың ұзақ жолы күтіп тұр. Бірақ алған бетімізден қайтпаймыз», деген еді Д.Чович.
Өз кезегінде, ЕО-ны кеңейту және көршілестік саясаты жөніндегі еурокомиссар Йоханнес Хан «Босния және Герцеговинаның ЕО-ға мүшелігі бірнеше ай, тіпті бірнеше жылдан кейін де мүмкін емес» екенін көлденең тартқан болатын.
2015 жылдың 1 маусымында 2008 жылы қол қойылған ЕО мен Босния және Герцеговина арасындағы тұрақтандыру және ассоциация туралы келісім күшіне енді. Бұл Сараевоға Еуропалық одаққа қосылуға ресми тапсырыс беру үшін бейресми мүмкіндік ашқан еді.
Күні кеше Еуропалық одақ елдері Еуропалық комиссияға Босния және Герцеговинаның кандидат мәртебесін алғанын нақтылауды тапсырды. «Біз ЕО-ға ұмтылып отырған елдерге қарай қадам жасауға тиіспіз», деп атап өтті Словакия сыртқы істер министрлігінің жоғары шенді өкілі Иван Корчок.
Енді Босния және Герцеговинаның экономикасы бағамдалып, демократияға қатысты ахуалы мен заң үстемдігі және адам құқы мәселелері сарапталатын болады. Бұл елдің мүшелікке қатысты міндеттемелерді сақтауға қабілеттілігін байқау үшін қажетті қағидаттар болып табылады.
Осы оқиғаға орай, Босния және Герцеговина премьер-министрі Денис Звиздич былай деп мәлімдеді: «Біз үшін бұл күн – шын мәнінде тарихи күн... Сөйтіп, еліміз Еуропаға қатысты бағытын, яғни өзінің болашағын айқындайтын болады. Бұл жағымды жаңалық, әсіресе, жастар үшін маңызды».
Атап көрсететін жайт – елдің ЕО-ға енуі үшін бірнеше ай немесе тіпті бірнеше жыл қажет болуы ықтимал.