27 Қыркүйек, 2016

Ақбикеш мұнарасы қайта жаңғыртыла ма?

1155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
img-20160920-wa0046Қаратау ауылдық округіне қарасты Ақсүмбе елді мекеніндегі «Ақбикеш» мұнарасы облыс әкімінің 2010 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен ХІІІ-ХІV ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік тізімге енгізілген. Тарихи деректерде Ақбикеш мұна­расын ХІІІ ғасырда Дешті-Қыпшақ  тайпасы қарауыл мұнарасы ретінде салынғаны жазылған. Мұнара биік жерде таудың төмен қабатында орналас­қан. Кезінде биіктігі 24 метр шамасында лайдан тұрғызылған мұнара қазір 13 метр­ге түскен. Ол осы күнге дейін табиғи әсер­лер­ден жартылай бұзылып, төбесі мүжіліп, қабырғаларын жаңбыр ша­йып келген. Енді қайта қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Сан ғасырлық тарихы бар жәдігерге осы уақытқа дейін бірде-бір жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. «Ақсүмбе» мұнарасын  қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін құны 26 миллион 710 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаты дайын. Алайда, Бюджет ко­дек­­сі­не сәйкес арнайы бағдарламаның жоқ­­ты­ғынан оған жергілікті қазынадан қаржы бөлу мүмкін болмай отыр. Тарихи мұраны сақтап қалу мақ­сатында Созақ ауданы әкімдігінің бастама көтеруімен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен рестав­рациялық жөндеу жұмыстарына дейін арнайы төзімділігі берік материалмен қаптама тігіліп, уақытша қаптау жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа «Қаратау» ЖШС-нің бас­шылығы ерекше көңіл бөліп, қажетті техникалар мен қамтамасыз етті. Қазіргі таңда мұнараны сақтап қалу, қайта қалпына келтіру, көркейту жұмыс­тарын қолға алу мақсатында арнайы қор ашу жұмыстары жүргізілуде. Аталған қорға «Қаратау» ЖШС-нің басшылығы көлемді қаржы аударатынын жеткізіп, өзге өндіріс орындарын да қолдау көр­сетуге шақырды. Бақтияр Тайжан, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы