27 Қыркүйек, 2016

Сингапур сыры

850 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
img-20160906-wa0035 Қыркүйектің ортасында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов бастаған орталық қызметкерлері тәжір­ибе алу мақсатында Сингапур Респуб­ликасына барған болатын. Қаржы саласын дамыту тетіктерінен ха­бардар еткен Ли Куан Ю мекте­біндегі семинарға қатысып әрі Синга­пур­дың қаржы-экономика саласына жауап­ты ведомстволарындағы кездесу­лерден кейін шағын ғана елдің қарышты қадамдарына қатысты ойға түйгендерімізбен бөлісуді жөн көрдік. Сингапур – әлемдегі аса ірі қаржылық хаб. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алпауыт компаниялар мен ауқатты азаматтар қаржыларын Сингапурде орналасқан қаржы құрылымдарында сақтағанды жөн көреді. Жері жетіспегендіктен, көршілерінен құм әкеліп, теңіз жағалауын құрғату арқылы аумағын арттырып отырған осы бір арал-мемлекеттен өз кеңселерін ашуға әлемдік мықты қаржы конгломераттары аса мүдделі. Қаржы саласының ғана емес, өзге де салалардағы талантты азаматтар Сингапурден жұмыс тапқанды жарты бақыт сезінеді. Қазіргі күні Сингапурдың қаржы саласы ІЖӨ-нің 12 пайызын беріп отыр. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 3 пайызға тең. Көңілге жаққан алғашқы жайт – мемлекеттік органдардың аса үйлесімді қимылы болды. Бірінші кезекте – мемлекеттік мүдде. Сингапурдың ұлттық банкі іспеттес орган Ақша-несие басқармасы, ол сонымен қатар, қадағалаушы функцияларымен және қаржы орталығын дамыту қызметімен де айналысады. Осы басқарма жаңа құрылған кезде, яғни 45 жыл бұрын, әрі әлемдегі ірі «қаржылық хаб» атануға деген мақсатын белгілеген кезде келесі орган – Экономикалық даму агенттігі (жаһандық бизнес-орталық ретінде елдің позициясын нығайтуға арналған жоспарлау мен стратегияларды іске асыру жөніндегі үкіметтік ұйым, АҚШ пен Батыс Еуропада және Азияда Сингапурді ірі корпорациялар үшін арзан өндірістік базалар құратын алаң ретінде ұсынатын өкілдіктері бар) қаржы орталығына келуі тиіс ірі компанияларды Сингапурға шақыруға және ірі компаниялардың штаб-пәтерлерін Сингапурден ашуға үгіттеуге барынша ден қойған. «Негізгі мақсат – Сингапурды жайлы, қолайлы, инвестицияны әкелуге және сақтауға тартымды мемлекет ету идеясымен байланысты болды», дейді осы агенттіктің төрағасы Бе Суан Джин. Ол қазіргі күні Сингапурдың мақтана алатын немесе үлгі ете алатын негізгі төрт бағытын атап көрсетті. Біріншіден, Сингапур – Оңтүстік Азияның капитал нарығына айналған. Екіншіден, аймақтағы әл-ауқатты басқару менеджментін қалыптастырған. Үшіншіден, активтерді басқаратын орталыққа айналған. Төртіншіден, қаржы институт­тарының бизнес орталығы деген атты сенімді түрде иемденген. Айта кету керек, «Астана» халық­аралық қаржы орталығының алға қойған мақсаты да осы бағыттармен үндес. 5,5 млн халқы бар Сингапурде 200 мыңнан астам азамат қаржы саласында қызмет етеді. 500 басқарушы компания құны 1 трлн АҚШ долларынан астам активтерді басқарады.1200 қаржы институты бар. Әйгілі «Fortune-500» тізіміне енген компаниялардың 300-і Сингапурде жұмыс істейді. Алайда, Сингапурдың қаржы орталығына тіркелу аузын айға білеген әлемдік қаржы институттары үшін оңай шаруа болмаған. Сингапурдың қаржы реттегіші кез келген қаржы институты туралы ақпаратты тәптіштеп тексеруімен, ықтимал қауіп-қатерден сақтануды жөн көруімен белгілі орган. Соңғы жылдары ғана қаржы саласында бейтараптандыру үдерісін бастауды жөн деп тауыпты. Сол кезде де Экономикалық даму агенттігі сол бағытта қолғабыс етумен айналысқан. Келесі ойға түйген дүние әрине, Сингапурдың «экономикалық архитек­торларының» үлесі. Бұл мысалды кел­тіру арқылы біз мемлекетшілдік, үйлесімділік секілді факторларды алға қоюды жөн деп таптық, өйткені, идеяның көпшілікке жетіп, оны қабылдап, оған сеніп, оны жүзеге асырған кезде ғана әсері мықты болады емес пе. «Темасек» компаниясының бас ат­қарушы директоры Ли Тенг Киат­пен кездесу кезінде «Астана» халық­аралық қаржы орталығының делегациясына Сингапур жетістігінің негізгі ерекшеліктері туралы айтылды. «Аса үлкен рөл осы қаржы саласын жаңадан құру кезеңімен байланысты болды», деген ол, осы саланың алғашқы көш­бас­шылары, «экономикалық архитектор» деген атқа ие Хо Суй Сен мен Го Кенг Суйиді ерекше атады Де­мек, ал­ғышарттарды айқындайтын адам­дар­дың рөлі жоғары болып отыр. Келесі кезекте Сингапурдың сәттілігі айтылады, әрине, географиялық орналасуы, ағылшындардан мұраға қалған ағылшын заңдылығы секілді жағдайлар да айтылмай қалмады. «Темасек» ком­паниясы біздің «Самұрық-Қазы­наға» ұқсас. Дұрысын айтқанда, «Самұ­рық-Қазына» осы Темасектің үлгісін алған. 1974 жылы құрылған ұлттық әл-ауқат қоры, Сингапурдың ірі хол­дингі, экономиканың көптеген сектор­ларын­дағы компанияларға иелік етеді және оларды басқарады. Қазіргі активтерінің құны 180 млрд АҚШ долларына тең. Географиялық орналасуы – шын­дығында да елдің сәттілігін айқындаған фактор. Сингапурдың Үндістан, Ин­донезия, Қытай секілді ірі мемлекеттерден аса алыс еместігі, бұған қоса бұл елдің ағылшын коммерциялық заңдылығы бойынша жұмыс істеуі инвесторлардың сеніміне ие болуына мол әсер еткен. Бұған қоса Гонконгпен қатарласып Қытай секілді алып экономиканың навигаторына айналған. Қор биржасын дамытуға да осы географиялық ахуалы оң ықпал еткен. Қор биржасы, салыс­тырмалы түрде, жас. Биржалардың бірігуінен пайда болған, яғни осыдан 17 жыл бұрын ғана құрылған Сингапур қор биржасында тіркелген компаниялардың саны 800-ден асады. Олардың 40%-ы елден тысқарыда орналасқан. Бұл қор биржасының бір мемлекеттікі немесе аймақтікі ғана емес, ғаламдық екендігінен хабар беретін жайт. Сингапурден үлгі алар тағы бір маңызды жайт – елдің таланттарды тарта білуі. Сингапурды – «таланттарды тартудан алдына жан салмайтын елдердің» қатарына қоссақ, артық етпес. Біз қатысқан 20-ға жуық кездесуде министрлері, ұлттық банк төрағалары, холдинг басшылары, бизнес өкілдері, қай-қайсысы болмасын «Біз мықты университеттерді Сингапурдан бөлімін ашуға шақырдық, мықты студенттерді жан-жақтан тартуға көңіл бөлдік, талантты қызметкерлердің Сингапурға келіп жұмыс істеуіне жағдай жасадық», деген пікірді айтумен болды. Егер қаржы саласында 200 мыңнан астам қызмет ететін болса, соның басым бөлігі экспаттар екен. Әсіресе, 2008 жылғы ғаламдық қаржы дағдарысы кезінде Еуропа, АҚШ қаржы рыноктары зардап шеккен уақытта Сингапурде «экспаттар нөпірі» орын алған. Айта кетерлігі, Сингапур тәуелсіздік алған 50 жыл ішінде әлемде қанша қаржы дағдарысы орын алғанымен, олардың осы арал-мемлекеттің өсіміне әсері болмаған. Мықты кадрларды өз экономикасының өсіміне жұмыс істете білу ең ұтымды шешім болар. Бізбен кездескен сингапурліктер «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғы­ның жұмысына кәдімгідей қызығып, бұл орталықтың құрылуына түрткі бол­ған себептерді сұрастырумен болды. Қай­рат Келімбетов «Астана» халық­ара­лық қар­жы орталығының негізгі бағыт­та­ры, мүм­кіндіктері, қаржы институттары үшін жеңілдіктерді тәптіштеп айтып берді. ТМД кеңістігінде ағылшын заңнамасына негізделген инвесторларға түсінікті платформаны тек «Астана» халықаралық қаржы орталығының ғана құрып отырғанын естіп, сингапурліктер өздерінің қаржы орталығын құрудағы ең алғашқы қадамдарын еске түсірді. Гонконг секілді бәсекелесі хақында баяндады. Жылдар бойы үзеңгілес келе жатқан екі қаржы орталығының тағдыры ұқсас. Ғалымдары сондай мықты бәсекелесінің барын тіпті жетістігінің себебі деп біледі. Босаңсуға жол жоқ. Тек алға жылжу қажет. «Астана» қаржы орталығының исламдық қаржыландыру туралы жос­парларын сұрады. Еуразия аймағында немесе Дубай мен Куала-Лумпур арасындағы кеңістікте бұл қаржы құралының өз деңгейінде дамымағанын, соны қазақстандық қаржы орталығының өзінің негізгі бес бағытының бірі ретінде айқындап отырғаны туралы естіді. Қазақстанға деген қызығушылық арта түскендей. Қазақстандық делегация қаржы орталығының капитал нарығы бойынша жоспарларын ортаға салады. Сингапурліктер Қазақстанның қаржы саласын халықаралық деңгейде дамытуға ден қойып отырғанын, ағыл­шын заңнамасы шеңберінде жұмыс істеу­ге деген талпынысын жоғары баға­лайды. Сингапур Ақша-несие басқар­ма­сының басқарушы директоры Рави Менон «Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Қазақстан үшін аса үл­кен мүмкіндік беретін бағдарлама. Біз Қытаймен көп бағыттар бойынша жыл­дар бойы жұмыс істеп келеміз, сон­дық­тан, бірге қолға алатын салалар, жоба­лар да баршылық деп ойлаймын. Қаржы, инфрақұрылым салаларында бірге атқаратын істер көп», дейді. Ол сонымен қатар, жоғарыда жазғанымыздай, «та­ланттарға жол ашу керек» деген ойын жеткізді. Сингапур сапарынан кез келген істі бастарда алғышарттар дұрыс қалыптасып, оған көрсетілетін қолдау қамтамасыз етіліп және жасалынатын шаруаны бір саланың ғана ісі деп қарамай, мемлекеттің негізгі бағыты, ілгері өрлеуінің кепілі деп қарастырған кезде, ондай істің сәтсіз болуы мүмкін емес деген ой түйдік. Гүлнәр МҰҚАНОВА