29 Қыркүйек, 2016

«Шайтанарбалы» шаһарлар басқаларға үлгі бола ма?

388 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
fq   «Мықты болғың келсе – жүгір, әдемі болғың келсе – жүгір, ақылды болғың келсе – жүгір» деген сөз бар. «Шайтанарба» шықпаған кезде айтылған «жүгірді» бүгін «велосипед теп» деп өзгерсек болатындай. Қым-қуыт тірлікте күн сайын саябаққа барып жүгіруге екінің бірінің қол тие бермеуі мүмкін, ал велосипедке уақыт бар. Керісінше, оның арқасында адамдар уақытын үнемдейді, денсаулығын түзейді. Көліктің жанармайына кететін шығынынан құтылады. Қоршаған ортаны ластанудан сақтайды. Қаладағы көлік кептелісін аазайтады. Осы себептерден велик міну өркениетте елдерде жақсы үрдіске айналған.  

Отбасы экономикасына тиімді

Өз «велигің» болғанға не жетсін, әрине. «Шайтанарба» отбасынының экономикасына да, елдің экономикасына да тиімді көлік саналады. Жаңа автокөліктің құны жыл өткен сайын шарықтап барады. Ескі көлік ақшаның соры. Жанармай жыры туралы жоғарыда айттық. Одан басқа да құятын майы бар, жөндеуі бар дегендей. Қысқасы, автокөлікті несиеге алып, отбасын тарықтырып қою қазір ұят саналады. Кейбір адамдардың көліктен түсіп, «великтің» ершігіне тақым артып жатқанының басты себебі осы тәрізді. Қазір базар мен дүкендерде 5 мыңның «Балдырғанынан» бастап, бағасы 100 мың теңгеден асатын тау-тасқа шығуға арналған спорттық велосипедке дейін толып тұр. Уақытша алуға болатын жерлер де жеткілікті. Осы орайда, еліміздегі «шайтанарбасы» көп шаһарлар деп Астана мен Шымкентті айтуға болады. Бас қаланың көшелерінде педаль айналдырып бара жатқан жас-кәріні жиі көреміз. Шетелдіктер «шайтанарбаның» отбасы бюджетімен қатар, қала үшін қаншалықты үнемді екенін есептеп қойыпты. Ол әр қаладағы ахуалға қарай әртүрлі болып келеді. Мәселен, кейбір шаһарларда ата-аналардың үштен бірі балаларын мектепке велосипедпен апарса, көлік тығыны әжептәуір азаяды. Велосипед жолдары көгалдың үстімен салынатындықтан, оған арнайы суағар салудың қажеті жоқ, жауған жаңбыр көгалға сіңіп кете береді. Осы тектес тиімді тұстары жетерлік. Велосипедшілердің көбеюі қаланың экологиясын жақсарту үшін бөлінетін қаражатты үнемдеуге де мүмкіндік береді екен. Мәселен, Ресейдің Қазан қаласының әкімдігі автокөлікпен жүргендердің саны 5 пайызға азайса, қалада бөлінетін көмірқышқыл газы азаятынын хабарлап, халықты шайтанарбаға ауысуға шақырды. Сол арқылы қаланың ауасын жақсарту үшін жыл сайын 600 гектар ағаш отырғызу машақатынан құтылуға болады екен.

Астана бастады...

Неліктен велосипед мінгендер Астана, Алматы және Шымкентте көп? Сол сауалдың жауабын зерделеу үшін алдымен Астанаға тоқталайық. Елордада қыс ұзақ. Соған қарамастан, қала әкімдігі «Astana bike» жобасын жолға қойған. Қазір қаланың көп ауданында әр 500 метр сайын велосипед стансаларын көруге болады. Сөмке мен басқа да зат салатын себеті бар, салмағы жеңіл, тежегіші жақсы істейді. Қалада қазір тек осы жоба бойынша мыңнан астам велик жүр екен. 15 сәуірде іске қосылысымен-ақ клиенттері көбейіпті. Әсіресе, таңғы уақытта және кешқұрымғы қарбалас шақта стансалардан велик табу мүмкін емес. Өйткені, жұмысқа барып-қайтатындардан артылмайды. Тамызға дейінгі үш ай аралығында осы жобаның көліктерін пайдаланатын 557 мың адам 1 жарым миллион шақырымнан астам жолды жүріп өтіпті. Аз көрсеткіш емес. Бұған жекеменшік велигімен жүргендерді қосыңыз. Қалада халықты «шайтанарбаға» қызықтыру жағы да ойластырылған. Велосипедті алғашқы жарты сағатта тегін тебесіз, әрі қарай тақымыңызға жағып жатса, ақшасын карточка арқылы немесе онлайн төлеп кете бересіз. «Astana bike» жобасының өкілдері великтер мен тұрақтар санын көбейту қажет екендігін айтады. Себебі, күн сайын бір велосипедті орта есеппен 7-8 адам мінеді екен. Үстінен адам түспегенсін, ершігі қажалып, дөңгелегі қисалаңдап, шынжыры босап, бұзылуы көбейеді. Ауа райы қатал десе де, қыркүйек пен қазандағы мизамшуақта великпен серуендейтіндер көп. Сол себепті ақылы велотұрақтар қарашаға дейін жұмыс істейді. Айтпақшы, қысқы спорты дамыған Финляндияда велосипедпен жүретіндер көп екен. 200 мың адамдық Оулу қаласының бала-шаға, шал-шауқанына дейін велик тебеді. Халықтың 17 пайызы қыста великпен жүреді. «Қыста жаяу жүруге болады, неге велосипед тебуге болмайды?» дейді финдер.  

...Алматы мен Шымкент қостады

«Шымкент байк» жобасы Астананың үлгісімен жасалды. Әзірге қалада 200 велик пен 40 велотұрағы бар. Алдағы уақытта еселеп көбейту жоспарланған. Шымкенттің табиғаты жайлы. Сондықтан мұндағы жұрт келешекте велосипедті негізгі көлікті біріне айналдырады деп сенеміз. 6b5714931a6ebe3c12875694d461c4e8773aebcd Алматыда қала әкімдігі биыл Almaty Bike жобасын іске қосты. Мегаполис үшін 270 мелик пен 50 велотұрақ түк емес екені белгілі. Дегенмен, бұл шара велосипедті халыққа кеңінен насихаттауға жақсы болды. Алдағы уақытта жобаны кеңейту жоспарланып отыр. Біз велосипедке ауысқан астаналық Олжас Беркінбаевты әңгімеге тартқан едік. Ол былай дейді: – Жұмысқа, басқа жерлерге великпен баруды биыл бастадым. Меніңше, әкімдіктің жобасы қала тұрғындарына, қаланың экологиясына, экономикасына тиімді жұмыс істеп жатыр. Астананың барлық аудандарында бекеттері бар, жарты сағаттың ішінде велигіңізді ауыстырып мініп, қалаған жеріңізге артық шығынсыз жетіп барасыз. Өз басым кейде бір күнде 7-8 шақырымға дейін жүріп тастаймын. Дегенмен, велотұрақтарды әлі де көбейту керек. Сосын, ылғи міністе болғандықтан кейбір великтердің тежегіші дұрыс істемейді, дөңгелегінің желі шығып кеткен. Сол үшін бекеттерді жиі тексеріп, великтерді тезірек жөндеп отырса. Қалада велсипедшілерге арналған арнайы жолақ жоқ, автокөліктермен соқтығысып қалу қаупі бар. Болашақта біз сияқтыларға арналған жолақтар болса, бордюрлерді ыңғайлап жасаса, жақсы болар еді. Сонымен, біз велосипедтің экономикаға, экологияға және денсаулыққа пайдасы туралы аз-кем сөз қозғадық. Жақсы жақтарын жеткізу үшін кейбір жобаларды мысал еттік. Дамыған елдерден үлгі алып, саламатты өмір салтына бет бұру керек-ақ. Алайда, бұған алдымен халықтың өзі мүдделі болуға тиіс деп ойлаймыз.   Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»