Астанада Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың қатысуымен Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа
жолдауындағы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Алексей Цой өз сөзінде «Елбасы биылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің алдына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, денсаулық саласын ақпараттандыру, дәрілік заттардың бағасын реттеу сынды бірқатар міндеттер қойды. Сондықтан біз кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қолға алып, дайындық жұмыстарын жүргізуіміз қажет», деді.
Оның айтуынша, МӘМС жүйесін енгізу кезінде денсаулық сақтау саласы бәсекелестік ортаға енеді, бұл көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруды көздейді. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды енгізу, медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру алгоритмдері мен клиникалық хаттамаларын енгізу, медициналық қызмет көрсету мақсатында денсаулық сақтау саласының субъектілері арасында байқау өткізу, медициналық қызметтерді аккредиттеу, келісімшарттық міндеттемелерді бақылау нәтижесі бойынша сапасы мен көлеміне қарай қызметтерге ақы төлеу, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау қорытындылары – медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз етпек.
Шараны қорытындылай келе, А.Цой «МӘМС-ті енгізу қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға, сапалы медициналық көмекті қолжетімді етуге, оны халықтың сұранысына сай етуге, амбулаторлық деңгейде дәрімен қамтамасыз етудің аясын кеңейтуге, денсаулық сақтау жүйесіндегі бейресми төлемдер көлемін азайтуға мүмкіндік береді», деді.
Жиынға қатысушылар Елбасы Жолдауының мән-маңызына тоқталып, денсаулық сақтау саласындағы ел ертеңі үшін жасалып жатқан елеулі жұмыстарды тілге тиек етті. Сонымен қатар, кез келген реформаның сәтті өтуі үшін қоғамдық қолдаудың ауадай қажет екенін алға тартты.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»