22 Ақпан, 2017

Терең ойластырылған құжат

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жуырда еліміздің Беларусь Республикасындағы елшілігі Минск қаласында Қазақстанның достары клубының отырысын өткізді. Биылғы жылы бірінші рет өткен басқосудың күн тәртібінде Елбасы Н.Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі, сонымен қатар, Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қаралды. Басқосудың беташарында еліміз­дің Беларусьтегі Төтенше және өкі­летті елшісі Ерғали Бөлегенов Клуб мүше­леріне Қазақстанда жүргізіліп жат­қан саяси және конституциялық рефор­малар туралы баяндап берді. Елші рефор­малардың мақсаты мен мазмұны елімізде демократиялық үдерістерді дамыту мен нығайтуға бағытталғанына тереңірек тоқталды. Сонымен қатар, Е.Бөлегенов Ел­басының Қазақстан халқына Жол­дауында көрсетілген, Қазақстанның бола­шақ даму жолын айқындайтын бес басымдық туралы да айтты. Ол Қазақ­станның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы үшін атқарылатын жұмыстардың барысын сөз етті. Беларусь тарапының өкілдері қаза­қ­­­­стандық елшінің айтқандарына үлкен қызығушылық танытты. Олар Н.Назарбаев жариялаған екі құжатқа тарихи маңызға ие деген баға берді. Беларусь Ұлттық жиыны Өкілдер пала­тасының вице-президенті Б.Перш­туктің пайымдауын­ша, Қазақстан Президентінің Жолдауы «Терең ой­лас­тырылған, табысты жүзеге асы­рылуға тиіс бағдарлама» болып табы­лады. Оның пікірінше, Қазақстан мен Беларусь елдерінің стратегия­лық бағ­дарламаларының өзара ұқсас тұс­­тары аз емес. Бұл, әсіресе, шағын және орта бизнес, көлік және әлеумет­тік инфр­а­­құрылым салаларына қатыс­ты. Осы орайда, беларусьтік әріптестер әлемнің дамыған 50 елінің қатарындағы Қазақстанның тәжірибесін жоғары бағалайтынын айта кету керек. Дүние жүзінің дамыған 30 елінің санатына ену туралы мақсатымыз да алдағы уақытта із жүзіне асады деп санайды. Беларусь Ұлттық жиыны Өкілдер палатасы Тұрақты комиссиясының төра­ғасы В.Щепов өз сөзінде қазақстандық экономистер мен сарапшылардың дең­гейі жоғары екенін айтты. Оның пікірін­ше, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық барысында Беларусь мамандарының қазақстан­дық әріптестерінен үйренетін тұс­тары жетерлік. Әсіресе, мемлекеттік басқару жүйесін реформалауда Қазақстан алда келеді. Беларусь мемлекеттік университеті халықаралық қатынастар факультетінің деканы, профессор В.Шадурский атап өткендей, қазіргі таңда екі елде де берік саяси жүйе қалыптасқан, сол себепті оны шет мемлекеттердің араласуынсыз өз күштерімен реформалауға және одан әрі дамуға күш-жігерлері еркін жетеді. – Бұл орайда, Беларусь Қазақстанның тәжірибесіне сүйене алады. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігін назарға алсақ, Астана мен Минск халық­аралық қауіпсіздікті нығайту саласында ынтымақтаса отырып, жемісті жұмыс істей алады, – деді В.Шадурский. Беларусь Республикасы Жазушы­лар одағының төрағасы Н.Чергинец Қазақ­станның дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанына тоқталды. Оның пікірінше, өз күш-жігеріне сенімді мемлекет қана билік өкілеттіктерін қайта бөлу сынды маңызды қадамға бара алады. Беларусь Ұлттық жиыны Өкілдер палатасы Еңбек және әлеуметтік сая­сат жөніндегі тұрақты комиссиясы төр­аға­сының орынбасары О.Левшунов Қазақ­станда жүргізіліп жатқан саясаттың әлеуметтік сипатына назар аударды. Ол көптеген әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып, зейнетақымен қамсыздан­дыру, халықтың түрлі бөліктеріне көмек көрсету сынды жұмыстар атқары­лып жатқанын тілге тиек етті. Беларусь мем­лекеттік университетінің профессоры Л.Давыденко Н.Назарбаев Жолдауында Қазақстанның экономикалық дамуындағы жаңа әрі басты драйвер ретінде аграрлық сектордың таңдалуы көңілінен шыққанын жеткізді. – Қазақстанда Үшінші жаңғыру табысты жүзеге асырылады деп сенемін. Себебі, ол бірінші кезекте жас буынға арқа сүйейді. Жалпы, Үшінші жаңғырудың көздеген мақсатының өзі жастардың мүддесіне бағытталған, – деді профессор. Отырыстың соңында оған қатысу­шылар Қазақстанның тағдыршешті өзге­ріс­тер қарсаңында тұрғанын айтып, оның табысты жүзеге асатынына сенім білдірді. Екі ел бүгінгі таңда уақыт талабынан туындаған қиындықтарды еңсеріп, бірлескен бағдарламалар мен экономикалық жобаларды алдағы уақытта да жүзеге асыруға ниетті. Дайындаған Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»