26 Ақпан, 2017

Шығыс Қазақстанда құтқарушылар жоғалған тiкұшақты iздестiрiп жатыр

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының Қожа ауылынан ұшып шыққан жеке адамның иелігіндегi С-341 тiкұшағы Аягөз ауданының Ақшатау ауылына қонуға тиіс болған. Тiкұшақтың Айғыз ауылының үстінен ұшып өткенін көрген адамдар бар. Алайда межелі жерге жетпеген. Ұшқыш сағат 18:30-да байланысқа шықпаған. Тiкұшақ аралығы 100 шақырымды құрайтын Айғыз бен Ақшатау ауылдарының ортасындағы аумақта жоғалуы мүмкін деп болжануда. Үржар мен Аягөз аудандарының төтенше жағдай бөлімдерінің қызметкерлері қазіргі уақытта жоғалған тiкұшаққа іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Облыс орталығы - Өскеменнен де құтқарушылар көмекке келген. Бүгін таңертең Семейден МИ-17 маркалы әскери тiкұшағы мен Өскеменнен МИ-8 маркалы тiкұшағымен Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары бастаған құтқарушылар Аягөзге жеткен. Облыстық төтенше жағдай департаменті мен Аягөздегi дағдарыс орталықтарында жедел штабтар құрылған. Құтқару жұмыстарына облыстық төтенше жағдай департаменті мен облыстық Iшкi iстер департаментінің жеке құрамының 29 адамы мен 4 техника жұмылдырылған. Облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, тiкұшақ бортында үш адам, яғни, екі жолаушы мен бiр ұшқыш болған. Азамат ҚАСЫМ, "Егемен Қазақстан" ӨСКЕМЕН