Уақыт ағымына сай құжат

Жаһандық жарыстың ұлы дүбірі
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 31 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бүгінгі күндері әлем елдерінің назарында. Бұл Жолдаудың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталуының өзіндік мәні бар деп ойлаймын. Өйткені, осы Жолдау «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегияларының, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сияқты түбегейлі мақсаттардың тікелей жалғасы болып отыр. Қазақстанның көп ұлтты халқы тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылдың ішінде батыл бастамашыл, көреген де болжамшыл, алғыр да табанды Н.Ә.Назарбаевтай Елбасының басшылығымен адам айтқысыз үлкен белестерді бағындырды. Бұл сөзіміздің бұлтартпас дәлелі Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік салаларда қол жеткізген зор табыстары, жасампаз жетістіктері болып табылады. Атап айтсақ, қарқынды өсіп келе жатқан экономикалық көрсеткіштер, ауыр өндірістердің ірі орталықтары, жаңадан ашылған жұмыс орындары, соңғы жылдары жүзеге асқан инфрақұрылымдар, Сарыарқадай сайын дала төсінде бой көтерген елорда – әсем Астана, тағысын тағылар. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды, Сирияда шиеленіскен саяси дағдарысты реттеуде әлемдік ықпалды елдер арасына дәнекерлік көрсете білді, өркениетті елдермен терезесі тең түрде жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі күрт көтеріле түсті. Қазақстанның Үшінші жаңғыруы Жолдауы ғылыми және инновациялық технологияның заманауи жетістіктеріне сүйене отырып, әлемдік Төртінші өнеркәсіп революциясын ұтымды қабылдау, жаһандық ұлы өзгерістер мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жаңа жағдайға уақыт ұттырмай тез бейімделу, осы арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, адами капиталдың қадір-қасиетін көтеріп, халықтың әлеуметтік тіршілігін жақсарту, жаңа Еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту, бизнес-ортаның мүмкіншілігін толық пайдалануды арттыру, ел өркеніне тұсау болған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту сияқты сан-салалы аса маңызды мақсаттарды қамтыған стратегиялық кешенді бағдарлама деп бағалауға әбден лайық. Осынау Үшінші жаңғыру табысты орындалса, Қазақстанның әлемнің озық 30 елінің қатарынан орын алу мақсатына межелі уақытынан бұрын қол жеткізетініне де еш шүбә келтірмеуге болады. Қысқасы, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы – жаңа заман жаңғырығы, жаһандық бәсеке дәуірінің ұлы дүбірі!
Сұлтан ТӘУКЕЙҰЛЫ, Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы, ғылым докторы, профессор