Жаңа жоба аясында биоэтанолды пайдалану арқылы өндірілетін отын өнеркәсіптік деңгейде шығарыла бастады. Бұл елімізде алғаш рет аграрлық өнімнің толық өндірістік цикл арқылы өңделіп, дайын мотор отыны ретінде нарыққа шыққан алғашқы өнім.
Биоэтанол Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан BioOperations кәсіпорнында өндіріледі. Бұл кешен бидайды терең өңдеуге маманданған бірегей өндіріс орны болып саналады. Шикізат тек азық-түлік немесе жем ретінде емес, жоғары қосылған құны бар өнім ретінде қайта өңделеді. Кейін дайын биоэтанол BioPetrolCompany базасында БИ-95 отынының құрамына қосылып, нарыққа шығарылады. БИ-95 отыны құрамында 5-10 пайыз биоэтанол бар бензин түрі саналады. Ол жанармайдың негізгі техникалық сипаттамаларын сақтай отырып, экологиялық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, биоэтанол көміртекті бейтарап компонент ретінде қарастырылып, шығарындыларды азайтуға ықпал етеді.
«Біз үшін БИ-95-ті іске қосу − ең алдымен экологиялық қадам. Біз тек жаңа отын түрі туралы емес, қоршаған ортаға түсетін нақты жүктемені азайту туралы айтып отырмыз. Биоэтанолды пайдалану шығарындыларды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді, бұл әсіресе ауа сапасы мәселесі бірінші кезекте тұрған Алматы сияқты қалалар үшін өте маңызды», деп атап өтті жоба жетекшісі Лаура Бергібаева.
Компания мәліметіне сәйкес, жаңа отынды пайдалану үшін автокөліктерді қайта жабдықтау қажет емес. БИ-95 стандартты бензин қозғалтқыштарында еш өзгеріссіз қолданыла береді. Сынақ нәтижелері оның қуат пен тиімділік көрсеткіштері дәстүрлі бензин деңгейінде сақталатынын, ал кей жағдайларда шығарындылардың азаятынын көрсеткен.
Айта кетейік, биоэтанол қосылған отын түрлері Еуропалық одақ, АҚШ және Жапония сияқты елдерде ұзақ жылдан бері кеңінен қолданылып келеді. Қазақстан да осы бағытты кезең-кезеңімен дамытып келеді.