
Пешене аталатын шетсіз-шексіз абстрактілі ұғымға бас игеніміз бе, әлде басқа себебі бар ма, бір жайт нақты ақиқатқа жатады: ол – ұлтының рухани сұранысын өтейтін құндылықтарды саралаушы, баға беруші, жол сілтеуші талантты жандардың алмағайып уақыт аясында тарих сахнасына шығатындығы. Қазақ әдебиеттану ғылымында айрықша орны бар С.Қирабаев, З.Қабдолов, Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, Н.Ғабдуллин, М.Базарбаев осы топ өкілдері еді. Бәрі бір жылы туған осы құрдас жандарға тағдыр ерекше міндет жүктеген еді. Егер бұралаңы мен бұлтарысы, күнгейі мен көлеңкесі қабаттасқан кешегі кеңестік дәуірде ұлт руханиятын жаңа сапаға көтеру С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин секілді заңғар тұлғаларға бұйырса, әдебиеттану ғылымының жүгін арқалау М.Қаратаев, С.Талжанов, А.Нұрқатов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин сияқты қуатты шоғырдың маңдайына жазылыпты. Ал С.Қирабаев пен оның құрдастары өздерінің алдындағы жасы үлкен буынның ісін жалғастырып қана қойған жоқ, бәрінен бұрын, ел тәуелсіздігі үшін жанын қиған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, т.б. арыстардың ұлтына қызмет етудегі аманатын жауапкершілікпен қабылдап алған еді. Қаншалықты дәрежеде міндет биігінен көрінді, ол өз алдына жеке әңгіме.
Кезінде Ғ.Мүсірепов «алыптар тобы» деп атаған классик жазушылардың бүкіл дүниелерін зерттеп, талдап, олар қалыптастырған дәстүрдің бүгінге дейінгі жалғастығын зерделеп, жоғары деңгейде сараптаған С.Қирабаевтай ғалымдар өздері де ұлттық әдебиеттанудың сардар тобына айналғанын еш уақытта ешкімге жар салып айтқан емес. Алайда, тарихи-философиялық Уақыт – Қоғам – Адам – Сана төрттағандық ұғымдары тұрғысынан келгенде, шындық түйіні осынау байламды мойындататыны анық.
Әдебиеттанудағы алыптар тобының қазіргі көзі тірі өкілі, даңғайыр ғалым, осы ғылым саласының абыз ақсақалы Серік аға Қирабаев туралы қалам тербеу өте қиын, алайда, бірер жайтты ғана айту – парызымыз.
Сераға – бүкіл ұлттық руханияттың туу, даму, қалыптасу жолын ғылыми тұрғыдан негіздей алған ойшыл.
Сераға – ұлттық әдебиеттің, онда да Кеңес дәуіріндегі әдебиеттің бірден-бір білікті зерттеушісі. С.Сейфуллиннен бастап, ХХ ғасырдың екінші жартысы мен қазіргі тәуелсіздік жылдарындағы жас буын қаламгерлердің жаңалыққа толы жылт еткен ізденісін қалт жібермей, қапысыз қадағалап отырған аузы дуалы сарапшы.
ХХ ғасыр басында Алаштың ұлы перзенттерінің барлығы дерлік халықты білім-ғылымға үндеді, ұстаздық етті, сабақ берді. Серік ағаның сол арыстардан қабылдап алған аманаты да М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында өткен жемісті жылдарымен қатар, ұзақ мерзім бойғы білім мен ғылымның қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі қызметімен тығыз байланысты. Дәріс оқыды, кафедра басқарды, проректор болды. Ұстаздық қызметті ғалымдық еңбегімен ұштастырды. Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, директоры болды. Аталмыш университет (бұрынғы ҚазПИ) Серағадай танымал тұлғаның топшысын қатайтты, Сераға өз кезегінде қасиетті білім ордасын асқақтатты.
Күні кеше орта мектепті бітірген түлектер мен жоғары оқу орнының филология факультетін тәмамдаған мамандар, бәрінен бұрын, педагог-ғалым әзірлеген «Қазақ әдебиеті» оқулығымен білімге аяқ басты. Сераға қыруар оқулықтарымен бірге, қазіргі таңда танымдық сипаты күшті монографиялар жазды. Бір ғажабы, ол кісі ғылыми жетекші, кеңесші болған ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары тек ғылыми дәреже мен атаққа ғана ие болып қоймай, атақты ғалымның принципшілдігі мен талапшылдығын, тазалығын, әділетті азаматтық арына ту етіп көтерген адами ажарын да өз болмыстарына сіңіре алды деп айрықша айтқымыз келеді.
Серағаның өмір жолы қазір бәріміз мансұқтап жүрген кеңестік дәуірде қалыптасты. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы тумасының көз алдында күшпен ұжымдастыру, отызыншы жылдардың ойраны, Екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру, елуінші жылдар ішінде қайтадан қолға алынған «саяси сенімсіздерді», «халық жауларын» әшкерелеу сияқты алапат үдерістер өткен еді. Үлкен ойшылдыққа бет бұрған азамат осылардың түп-төркініне де үңіле алған болатын. Егер жер бетіндегі бірден-бір дұрыс ілім коммунизм идеясына негізделсе, ол идеяның басты бағыты сауаттандыру, білім мен ғылымды ерекше қарқынмен дамыту, өндірілген материалдық игіліктің тепе-тең бөлінуі, аса қуатты, кемелденген мемлекет құру болса, жоғарыдағыдай алапат келеңсіздіктер неге орын алады? Алуан түрлі идеялар тоғысқан аумалы-төкпелі заманда Серік Смайылұлы өз жолын, өз соқпағын таңдап алуға ұмтылды. Идеологияның шын мәнінде адамдар санасының болмысқа қатынасын анықтайтын саяси, құқықтық, адамгершілік, этикалық және философиялық идеялар мен көзқарастардың жүйесі екендігін, сөйтіп, көпшіліктің қоғамдық таным-түсінігін қалыптастыруда, өмірде бағыт-бағдарын айқындауда зор қызмет атқаратынын ескерсек, Сераға жаңа уақыт аясында өз ғұмырын білім мен ғылым, ұстаздық жолға арнады.
Ғылыми салада өзгенің ығына жығылмайтын, ұлттық руханияттың өзекті мәселелерін өзінше ғана пайымдайтын адамдар болады. Олай болуы заңды да. Сондай өткелектен өткендердің бірі де Серағаң болатын. Егер шын талант қана найзаның ұшында жүреді деген қағидаға өзге қырынан үңілсек, білікті ғалым мен қара қылды қақ жарған әділ сыншының да жолы қияметке толы болатынына ден қоямыз. Алайда, түптің-түбінде кезінде ренжіген, тоңторыс күйде жүрген талай ірі ғалым мен ақын-жазушының сарабдал сыншы тағылымының зиялылыққа негізделгенін мойындағанына талай рет куә болғанымызды баса айтқымыз келеді.
Биылғы жылдың наурыз айында 90 жасқа толатын академик С.Қирабаевтың алпыс жылдан астам өмір кезеңі кешегі кеңестік дәуір шеңберінде өткен екен. Сол заман оны ширықтырды, ақ пен қараны ажырата алар сұңғылалыққа, өктем идеологияның қитұрқыларынан сабақ алуға тәрбиеледі. Алайда, Сераға сол дәуірдің солақай ұстанымдарының қолшоқпарына айналған жоқ, ұлтына адал қызмет етті. Бұл ойымызға Кеңес заманында қаламынан туған құнды еңбектері ғана емес, тәуелсіздік жылдары жазған зерттеулері де толықтай айғақ бола алады.
Бірде академик Зейнолла Қабдолов: «Біздің әдебиеттану ғылымымызда табиғаты таза, санасы сара Серік ағаңдай жан әлі дүниеге келген жоқ» дегені бар-ды. Ақынжанды, жайдары, сұлулық пен ізгіліктің титтей ұшқынын көрсе, балаша шаттанатын Зекеңнің бұл пікірі өзгелерді мансұқтау емес, бәріміз құрметтейтін Cерік ағаны әдебиеттану ғылымының нағыз көрнекті тұлғасы деп берген жоғары бағасы еді.
Сөз өнері саласында дәстүр және жаңашылдық деген ұғым бар. Алғашқысы іргелі шығармалар негізінде дүниеге келеді де, өзінен кейінгілерге әсер-ықпалы болса, жол сілтер мектебі болса ғана берік дәстүрге айналады. Міне, Сераға осы ретте өз соқпағын салып, үрдіс қалыптастырғаны сөзсіз.
Турашылдығы мен талапшылдығы, әділетсіздікке жол бермейтін саф тазалығы Сераға болмысына тән қасиеттер дер едік. Абзал ағаның осы уақытқа дейін қолынан қаламы түспей, ғылыми ізденіс жасаумен қатар, тәуелсіз елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік өміріндегі оң өзгерістерге ақ жол тілеп отыруы айрықша бітімін танытады.
Ал ол кісіден білім алған, сондай-ақ, ғылым биігіне қанат қаққан шәкірттері ұлт мүддесіне қызмет етіп жүр десек, жоғарыда айтқан дәстүр ұғымының Серік аға Қирабаев арқылы берік орныққаны деп білеміз.
Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымдарының докторы, профессор