
Іс-шараға екі елдің мәдениет министрлері – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен РФ Мәдениет министрі Ольга Любимова төрағалық етті. Сондай-ақ жиынға екі ел делегациялары қатысты.
Кездесу барысында Аида Балаева елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
«Жалпы, әріптестерімізбен бірлесе әзірлеп, жүзеге асырып жатқан жобаларымыз біздің ведомстволар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық байланыстарының дамуына тікелей ықпал етіп жатыр», – деді Аида Балаева.
Министрлер өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған кең ауқымды мәселелерді талқылады.
«Алда көп жоспар бар. Бұл жобалардың жүзеге асуы екі елді бұрынғыдан да жақындастырып, мәдениет саласындағы ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенімдімін. Кіші комиссия отырысына ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына жауапты әріптестеріміз және Ресейдің жетекші мәдениет мекемелерінің өкілдері қатысып отыр. Бүгінгі жиында серіктестігіміздің басты мәселелерін, кино саласы, кітапхана ісі және мәдениет саласындағы білім беру бағыттарындағы бірлескен шараларды кеңінен талқылауды ұсынамыз», – деді Ольга Любимова.
Тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған кең ауқымды мәселелерді талқылады. Екі елдің мәдениет ұйымдарының басшылары бірлескен жұмыстың нәтижелерін ұсынып, алдағы бағыттарды айқындады. Жиында кинематография, кітапхана, музей ісі және мәдениет саласы қызметкерлерін даярлау мәселелері көтерілді.
Кіші комиссия отырысы аясында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен ГИТИС Ресейдің театр өнері институты арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Құжатта актерлік шеберлік, сахна тілі, хореография, театр менеджменті және продюсерлік бағыттардағы бірлескен бастамалар қамтылған.
Сонымен қатар бүгін Мәскеуде Ресейдегі Қазақстанның мәдени күндері басталды. Екіжақты кездесу барысында Аида Балаева Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимоваға іс-шаралар ұйымдастыруға және өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.