
Профессор Рысқұл Ойнаровтың азаматтық, рухани-адамгершілік келбеті ұшқан ұясынан дарыған. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жетелі, көшелі жасөспірімнің таным-түсінігі, оқу-білімге деген құштарлығы, биікке іңкәрлігі қалыптасқан. Тәжірибелі, білімдар, көреген ұстазы Темір Тілесбаевтың жол-жоба көрсетуімен математика мамандығын таңдаған. Иә,
әкесі Ойнар Байарыстанов бір түйесін қаражатқа айналдырып, ақ жол тілеп, Алматыға аттандырады. Сөйтіп, КазГУ-дің механика-математика факультетіне қабылданады. Айтулы профессор В.А.Харасахалдың ғылыми үйірмесіне қатысып, тәлім алады. Ол негізінен, дербес туындылы дифференциал теңдеулер жүйесін зерделейді. Ал 1968 жылы, яғни 4-ші курста профессор Д.Үмбетжановпен бірігіп жазған мақаласы жарияланады.
Ол 1969 жылы университет тәмамдап, Арал қаласындағы №67 сегіз жылдық орыс мектебінде мұғалім болып, одан әскери міндетін өтеп, 1972 жылы КазГУ-ге оралып, сол жерден Ғылым академиясына ауысады.
1981 жылы «Урыссонның сызықтық операторларының Липшицтілігі мен үзіліссіздігі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Сөйтіп, ғылыми-шығармашылық әлеуетін, математиканың түпсіз тұңғиық иірімдерін танитын зерек қабілетін танытады. Қорғау рәсімдерінен кейін анасы Сәнім: – «Рысқұл, тағы оқисың ба?», – депті. «Апа! Бұл оқу – білімнің басы ғой», – деген. Анасы қайтадан: «Жарайды, Рысқұл! Аман бол да, алға оза бер, оқи бер!», – депті.
Ананың ақ тілегі жарылқап, 1994 жылы ойлы ғалым «тереңге бет қойып» (Абай), таным-пайым жолында қажырлылықпен еңбектеніп, тоғыз толғанып, он ойланып «Интеграл және дифференциал операторлардың жүктемелік бағамдары» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғайды.
Ол әділдік, кісілік, түзулік жолында жан сала қызмет етті. Математика және механика институтында жұмыс істеген кезеңде Рысқұл Ойнаров ғылыммен түбегейлі шұғылданып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Он жылдан астам уақыт ол институттың кәсіподақ комитетін басқарды. Институт басшылығымен бірлесе отырып, ұжымның әлеуметтік жағдайын көтеру жолында көп еңбек етті. Әсіресе, жыл сайын институт қызметкерлеріне қаражат бөлдіріп, бала-шағасымен 40-50-ге жуық адамды Алматау турбазасына 10 күндік демалысқа алып баратын. Ол институтта ұжымдық келісімшарттың орындалуын қатты қадағалады.
Профессор Р. Ойнаров функционалдық талдау және оның қолданыстары саласында 100-ден аса ғылыми мақалалар жазып, олардың ішінде 35-тен астамы халықаралық жоғары деңгейдегі импакт факторлы журналдарда жарияланған. Математикадағы интегралдық операторлар теориясындағы өте күрделі мәселенің бағытын алға тартатын зерттеулері дүниежүзілік математикалық әдебиеттерде «Ойнаров шарты (Oinarov condition)», «Ойнаров өзегі (Oinarov kernels)», «Ойнаров класы (Oinarov class)» терминдері қолданылып, «Ойнаров, Oinarov» қағидаты дүниежүзілік математика мәдениеті тарихына енді. Ойнаров қағидалары! Ойландырады. Рас, ұшан-теңіз жетістіктерге жеткізетін адамның ары, жүрегінің қайраты, ақылдың сәулесі, рухани болмысы. Ол тумысынан қазақтың фольклорын жанындай сүйеді. Абайды, Мағжанды, Мұқағалиды, Жұмекенді рухани нәр-қорегім деп қабылдайды. Математикалық ойлау қабілетін ұлттың көркемдік ойлау жүйесімен сәулеттендіреді.
Профессор Р.Ойнаровтың ғылыми еңбектерінің халықаралық деңгейде тағы бір бағалануы оның ағылшын тіліндегі «Eurazian Mathematical Journal» (Астана), «Journal of mathematical inegualities» (Загреб, Хорватия) және «Advances in Inegualities and Applications» (Лондон, Ұлыбритания) сияқты халықаралық математикалық ғылыми журналдардың алқа мүшесі екендігінен де көрінсе керек.
Профессор Р.Ойнаров 1986 жылдан бастап ғылыми жобалардың жеңімпазы және ғылыми жетекшісі. 2006 жылы халықаралық INTAS, Open call грантын ұтып алып, 2006-2008 жылдар аралығында халықаралық INTAS ғылыми тақырыбының жетекшісі болды. 2009 жылы ғылыми координатордың атынан ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Профессор Р.Ойнаровтың ғылыми жетекшілігімен 1 физика-математика ғылымдарының докторы және 1 филология ғылымдарының докторы, 15 ғылым кандидаты даярланды.
2005 жылғы ел Президентінің Жарлығы бойынша Қазақстанның екі университетіне, ҚазҰУ мен ЕҰУ-ге шетел профессорларымен біріге, PhD докторларын дайындау үшін қомақты қаржы бөлініп, ЕҰУ-де PhD докторантурасы ашылған-ды. Р.Ойнаров ЕҰУ профессорларының қарлығашы атанып, 2005 жылы профессор Ларс-Ерик Персонмен бірге Швецияның Лулео технологиялық университеті (ЛТУ) мен ЕҰУ арасында, 2008 жылы профессор Массимо Ланца де Христофриспен бірге Италияның Падова университеті (ПУ) мен ЕҰУ арасында бірігіп PhD докторларын даярлау жөнінде келісімшарт жасасты. Осы келісім шарттардың негізінде ЕҰУ-де 12 PhD докторлар дайындалды. Олардың ішінде Айгерім Қалыбай, Замира Абдықалықова, Лариса Арендоренко, Айнұр Темірханова, Ақбота Абылаева Р.Ойнаров пен Л.-Е.Перссонның ғылыми жетекшіліктерімен Швецияның ЛТУ-інде қорғап, Швецияның PhD докторы ғылыми атағын алды.
Ал Жанар Таспағанбетова мен Салтанат Құдабаева Р.Ойнаров пен профессор Массимо Ланца де Христофристің ғылыми жетекшіліктерімен Италияда қорғап, Италияның PhD докторы ғылыми атағын иеленді және де Ойнаровтың ұсынысы бойынша профессор Назерке Тілеуханова мен Л.Е.Перссонның ғылыми жетекшіліктерімен Ләззат Сарыбекова Швецияда қорғап, Швецияның PhD докторы ғылыми атағын алды.
Бұл диссертацияларды қорғау аталған университеттердің есебінен қаржыландырылады. Мұның өзі Р.Ойнаровтың білімпаз математик ретінде шетелдерде де мәшһүр екендігін айғақтайды. Қазақстанда PhD докторантураға түсіп, диссертациясын Қазақстанда қорғаумен қатар, шетел университетінің қаражатымен сол университете қорғау Қазақстанның басқа ғылыми саласында болған емес. Профессор Рысқұл Ойнаровтың пайымдауларын ескерсек, өркениетті мемлекеттерде PhD докторларын әзірлеудің мейлінше қатаң әрі әділ шарттары бар екен:
Біріншісі. Диссертанттың ғылыми-шығармашылық әлеуеті.
Екіншісі. Оның адами қасиеттері: ар мен жан тазалығы, абырой-беделі.
Үшіншісі. Іскерлік деңгейі, шеберлік қырлары.
Төртіншісі. Диссертацияны талқылауға комиссияның 3 мүшесі және 1 оппонент қатысады. Сондай-ақ, диссертация қорғауға белгілі бір майталман, білгір маман қолдаухат (рекомендация) береді. Қолдаухат берушінің жауапкершілік міндеті аса ауыр. Ол талапкердің ғылымдағы тағдыр-талайына таразы.
1991 жылы ұлтжанды Р.Ойнаров «Қалауын тапса қар жанар...» дейтін мақаласында («Ана тілі», 26 желтоқсан 1991 жыл, №52) Ш.Біләловпен бірігіп, ұлттық математикалық ғылыми терминдер жасаудың жолдарын тереңнен ойластырады. Тегінде, белгілі бір ұғым, құбылыс, заңдылықтың қасиеттерін, ара-қатынастарын зерделеу барысында жаңа ұғымдардың туындайтынын және мұның табиғатын, ішкі сыр-сипатын нақтылы сөйлететін атаулы термин – сөз пайда болатынын баяндап, «қисынымен қызықты» термин сөзтаным үдерісіне әсер ететінін, оның қазақтың әдеби тіліне көшетінін, ұлттың санасынан жарқын көрініс табатынын дәйектейді. Жат ұғымдар мен терминдерге лайықты баламалар табудың тәсілдерін былай айқындайды: 1) жаңа сөз жасау; 2) түркітектес халықтар тілінен балама іздеу; 3) халықаралық терминдерді қолдану мәселесі. Бұл орайда автор «бұл терминдерсіз біз халықаралық байланысқа кіре алмаймыз, ғылым мен техниканың жетістіктеріне қолымыз жетпейді-мыс» дейтін пікірлерді терістейді. Мысалы, Елдес Омаровтың «Пішіндеме» атты еңбегінде (Қызылорда қаласы,1928) «функция» терминдік атауы «берне» делінген. Бұл қазақтың төл сөзі, Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» бар.
Профессор Р.Ойнаровтың Ж.Біләлұлымен бірігіп құрастырған «Математикалық аталымдардың орысша-қазақша сөздігі» (Алматы, 1992. -430 бет) ғылыми байыптылығымен, салиқалы ізденістерімен ерекшеленеді. Ұлттық ғылыми сана, ұлттық ғылыми тіл мәнісі де осы бір сөздіктен айқын елес береді. Айта кетерлік бір жайт, профессор Р.Ойнаров Математика және механика институтында 1989-1991 жылдарда ғылыми семинар ұйымдастырып, Алматыда ЖОО-дағы білімдар математиктердің басын қосып, пікірлерін сарапқа салып, талқылап, ой бөлісіп, ақылдасып, ғылыми терминдерді қалыптастыру негізін жасаған-ды.
Ізгілік әрекеттерге, тәуекелшілдікке, әділеттілікке, дегдарлыққа, сыпайылыққа, мейір-рақымға, ішкі мәдениетке ие дарынды оқымысты-математик, тамаша ұстаз Рысқұл Ойнаровтың кемел тұлғасы турасында Швецияда PhD докторы ғылыми атағын иеленгендер былайша сыр толғайды:
– Менің ойымша, Рысқұл ағайдың басқа кісілерден ерекшелігі мынада: ол кісі тек әлемге әйгілі профессор, дарынды және парасатты тұлға ғана емес, біріншіден, қарапайымдылығы және әр уақытта шәкірттеріне өз білген білімін үйретуден тынбайтын кісі. Ол кісі тек жетекшілік етіп, ғылыми бағыт қана беріп қоймай, өмірлік білім беруден де жалықпайды. Барлық шәкірттері жоғарыдан көрінсе, бірдеңеге қол жеткізсе, өз қатарының алды болса деген ізгі ақ ниетпен біздің тілеуімізді тілеп, бізді соған сүйреп жүреді. Барлық шәкірттері қорғап, жырақ кетсе де, әлі күнге дейін ағаймен хабарласып, жағдайын біліп тұрады.
Тағы да ерекше айтып кететін қыры, ол кісі өзі тыңдай біледі және тыңдата біледі. Әр отырыстарда керемет билеп, сол отырыстың гүлі болып, барлық уақытта сол отырысты басқара біледі – дейді әдептілігіне жан сүйсінерлік Ақбота Абылаева.
– Мектеп табалдырығын алғаш аттаған кезді еске түсіргенде бірінші мұғаліммен байланыстырсам, ғылым жолындағы ұстазым ол – Рысқұл аға. Рысқұл аға оқуға келген жастарды, соның ішінде мені, ғылымға тартып, қызықтырып, жұмыста бағыт-бағдар беріп, өмір-тіршілік жағдайларында өз кеңесін аямаған, жетістіктерімізге қуанып, қиыншылықта демеп, өмірімде ерекше орын алған қорған-панам болып табылады. Ұстазға деген ілтипатымды:
Жақсы аға күнде шуақ сыйлар жанға,
Мерейім өсіп тұрар ағам барда,
– деп сипаттасам дұрыс болар еді. Және де Бауыржан дейтін әріптесім:
Рысқұл ағам білім кенін аямаған,
Өзіңіздей қызғалдақты аялаған.
Ағамыз бәйтерек қой ғылымдағы,
Шәкірттері жапырағын саялаған,
– деп мен «Дарын» мемлекеттік сыйлығына ие болғанда, ұстазымның маған деген ұлы еңбегін осылайша сөйлеткен-ді, – деп ағынан ақтарылды сырлы сөзіне, жан сырына нәзіктігі жарасқан Айнұр Темірханова. Толық кәмелетті ұстаз еңбегінің жемісі мен бақыты, дәстүрі мен мектебі, ғибрат-тағылымы деген осы.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор