Аймақтар • 18 Мамыр, 2017

Қызылордада Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталды

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

17 мамырда Қызылордада Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың бірінші шағын ауданының құрылысы басталды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алғашқы құрылыс нысандарының іргетасын қалап, сырбойылықтарды осынау тарихи сәтпен құттықтады.

Қызылордада Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталды

«Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттің өркендеуі жолындағы барлық бастамалар Ұлт Көшбасшысы, Елбасының есімімен тікелей байланысты. Бүгінде, Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміздің экономикасы кемелденген, дамудың даңғыл жолын ұстанған қуатты мемлекетке айналды. Біздің аймағымызда жүзеге асып жатқан игілікті істердің барлығы да, Елбасының тікелей қолдауының және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты көрінісі», деді аймақ басшысы.

Сол жағалауда бірінші кезекте бөлінген 9,8 га аумақта бүгін 18 көпқабатты тұрғын үйлердің және 320 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстары басталды. Мұндағы нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаттары есебінен және мемлекеттік-жекешелік әдісімен салынуда.  

Сонымен қатар, осы шағын ауданда жастар орталығы, неке сарайы, «Болашақ» университетінің, онкологиялық орталықтың және жаңаша салынған Қазақ Орталық Атқару Комитеті ғимаратында қала мұражайы бой көтеретін болады. Олардың жобасы дайын, қаржыландыру мәселелері негізінен шешілген, 600 орындық мектеп пен тағы бір 320 орындық балабақша құрылысы жобалануда.

Айта кетейік, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мақсатында жалпы көлемі 1 мың 532 гектар аумаққа бүгінгі талаптарға сай заманауи үлгідегі жаңа қала салу жобасы қолға алынып, былтыр Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында алғашқы нысан – ұзындығы 1,2 км автомобиль көпірі пайдалануға берілді.

 

Соңғы жаңалықтар

Кесар тілігінің зардабы қандай?

Медицина • Бүгін, 18:34