13 Ақпан, 2017

Сахна сәні – «Қыз Жібек»

1167 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Еліміздің музыкалық-сахна әлеміндегі тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібектің» дүниеге келгеніне, міне, 83 жыл толған екен. Ол туғанда өзгеше сырлы даусымен барша әлемді селт еткізіп, ықылас-зейінін өзіне бірден тартты. «Қыз Жібек» бүгінгі күні ұлттық опера өнерінде ең ұзақ ба­қытты өмір кешкен қасиетті туын­ды! Оны өмірге келтірген автор­лар – композитор Евгений Бру­силовский мен жазушы Ғабит Мүсіреповтің, басты рөл­дердегі Күләш, Қанабек Бай­сейітовтердің, Құрманбек Жан­дарбековтің, Манарбек Ержа­новтың, Ғарифолла Құрман­ғалиевтің, Шара Жиен­құло­ваның есімдері ұлттық опера өнерінің шежіресіне алтын әріппен жазылды. Осы уақыт аралығында бұл туындыда қоюшы режиссерлер, дирижерлер, балетмейстерлер, әншілер, суретшілердің үш ұрпақ буыны қатысып алмас­ты. Олардың әрқайсысы туындыға өзінше тың серпіліс беріп, тереңдете, кеңейте түсті. Бұлар – Тұрғыт Османов, Базарғали Жаманбаев, Нұрлан Жарасов, Абзал Мұхитдинов, Дәурен Әбіров, Зәуір Райбаев, Тұрсынбек Нұрқалиев, Гүл­файруз Ысмайылова, Шабал Бейсекова, Бибігүл Төлегенова, Байғали Досымжанов, Әнуар­бек Үмбетбаев, Кәукен Кенже­таев, Нариман Қаражігітов, Бақыт Әшімова, Амангелді Сембин, Шора Үмбеталиев, Кеңес Бақтаев, Қанат Омар­баев, Ғафиз Есімов, Қанат Құ­лым­жанов, Бақытжан Ысқа­қов, Әлібек Дінішев, Кен­жеғали Мыржықбаев, Бай­ғали Момбеков, Нұржамал Үсен­баева, Жанат Шыбықбаев, Май­ра Мұхамедқызы, Гүлзат Дәуірбаева, Жан Тапин, Дина Хам­зина сынды Абай атындағы мемлекеттік академиялық және Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театр­ларының өнер тарландары. Ал енді «Астана Опера» мемлекеттік театрында бүгінгі қойылып жатқан «Қыз Жібекте» ұлы Күләштің жұлдызды шө­берелері өнер көрсетіп, көрер­мен жүрегінен орын алуда! Бұл операның феномені неде деген сұраққа, мен дом­быраның қос шегіндей үндес­тікте болған композитор Евгений Брусиловский мен жазушы Ғабит Мүсірепов сынды дана суреткерлер, ақын Мағжан айтқандай, «Қаламымды малып жүрек қанына...» өздерінің жан жүрегінен тудырып, жалын берген «Қыз Жібектің» мәңгілік жастығында дер едім. Кемеңгер Ахмет Жұба­новтың 1933 жылы Ленинград (қазіргі Петербор) қаласына барып, 27 жастағы Евгений Брусиловскийді қазақтың кәсіби музыкасын көтеру үшін Алматыға арнайы шақырғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Бірақ екі жылға келісім берген Брусиловский өзінің бар шығар­машылық өмірінің 37 жылға созылатынын, саналы ғұмырының қазақ жерінде өтетінін, қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін салушылардың бірі болатынын болжап білмегені хақ. Міне, 1933 жылы Қазақ­станға келе сала, өзі қызмет ететін Алматы музыкалық-драма техникумы жанындағы халық музыкасының ғылыми-зерттеу кабинетінде дәстүрлі музыканың хас шеберлері Дина Нұрпейісова, Қали Жан­тілеуов, Науша және Махам­бет Бөкейхановтар, Уахап Қабиғожин, Лұқпан Меде­тов, Әміре Қашаубаев, Ма­нар­бек Ержанов, Иса Байза­қовтың орындауында 250-ден астам халық және халық композиторының інжу-маржандарын нотаға түсіріп, артынан оларды өзінің туындыларына арқау етті. Ол өзінің газетке берген бір сұхбатында: «Мен қандай музыка жазсам да, бәрібір ол қазақ музыкасы болып шыға береді...» деуі содан болар. Евгений Григорьевич 9 операны дүниеге әкелген композитор. Солардың ішінде «Жал­быр» (либреттосы Бе­йім­бет Майлиндікі, 1935 ж.), «Ер Тарғын» (либреттосы Са­ғыр Қамаловтікі, 1936 ж.), «Айман-Шолпан» (либрет­то­сы Мұхтар Әуезовтікі, 1938 ж.) қойылымдары кезінде кө­рер­мен халықтың керемет қошемет-ықыласында болды. Бірақ солардың ішінде бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқаны – «Қыз Жібек» операсы. Оның бірден-бір себебі, «Қыз Жібек» либреттосының шекспирлік деңгейдегі ғажайып мүлтіксіздігі деп білемін. Мұнда ұлылық пен зұлымдық, нұрлы күн мен сұрлы күн, тазалық пен ластық, асқақтық пен арсыздық бітіспес қақтығысқа түсіп, ақыры жас жүректердің ғашықтық сезімін тұншықтырып тынады. Бұған дейін де, бұдан кейін де отандық драмалық туындыларда болмаған, аспан айналып жерге түскендей көріністегі Ұлы даланың ұлы трагедиясы бұл! Әрине, мұндай әдеби көркемдік деңгейі биік либреттоға музыка жазу Брусиловский сияқты тұлғалы композиторға шынайы бақыт еді. Ғабит Мүсірепов әрқашан Евгений Брусиловскийге деген өзінің шынайы достық көңілін тебірене, шығармашылық қа­рым-қатынасын ерекше білді­ретін. Осыған дәлел ретінде ком­позитордың 1970 жылы Ал­матыдан Мәскеу қаласына біржола қоныс аударғанда, ұлы жазушының оған жазған хатынан үзінді келтірейін: «...Ев­гений! Сенің бізден біржола кетіп бара жатқаныңды енді қазір ғана ұқтым. Азын-аулақ адал адамдардың бірі мүлде алыс­тап бара жатқандығынан көңіл пернелерім бырт-бырт үзілуде. Ағымнан жарылатын, адал көңіліммен сырласатын адамдарым Мұхтар мен Сен едің. Осы жолдарды саған «Қош!» – деп айтқан сөзімдей қа­был ал, сүйікті адал досым. Тұ­ла бойы тұтас өзіңнің Ғабитің». Ғабеңнің де 500 жылдан астам тарихы бар, қазақ хал­қы­ның көне лиро-эпостық дас­тандарының бірі «Қыз Жібек­ке» бет бұрғаны кездейсоқ болмас... 1936 жылдың мамыр айында Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласында Қазақ­­станның мәдениеті мен өне­рінің Бірінші декадасында Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы көрсетіліп, бұл қойылымды, ондағы Жібек рөліндегі Күләш Байсейітованы көрген Иосиф Сталин оны «Қа­зақ бұлбұлы» деп атаса, орыс­тың ұлы әншісі Антонина Неж­да­нова «Чудо!» деп таңдай қақты. Міне, шетсіз, шексіз Ұлы даланың жусан аңқыған аршын төсі, сағым қуған тұлпарлар тұяғының қуатты дүбірі, күн сәулесін қанатына ілген аққулар қаңқылы, бәрі-бәрі әншілердің, хордың, оркестрдің үнінде, мың бұралған балет биінде беріліп, Үлкен театрдың сахнасын ғала­мат көрініске бөледі. «Қыз Жібек» операсының 1968 жылы 1000-шы, ал 2008 жылы 1500-ші қойылымы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында өтті. Енді ол 2013 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен құрылған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында бірінші рет жаңа музы­калық редакцияда, жа­ңа ре­жиссерлік шешімде, акус­ти­калық, компью­терлік, жарық беру техноло­гия­сымен, пласти­калық хорео­графиялық тұжырым­дамада, кейіп­керлердің ойнау, сөйлеу, ән айту тәсілдері қазақтың дәс­түрлі орындаушылық ерек­ше­лік­терінде қойылып отыр. Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор