13 Ақпан, 2017

ЭКСПО-2017: Қонақтарға қандай қызмет көрсетіледі?

263 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырыл­ған көрмесі елімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, шараны тама­шалауға бес миллион адам келмек. Оның 85 пайызы қазақстандықтар болса, 15 пайызы – шетелдік қонақтар. Дайындық жұмыс­тары күн өткен сайын қыза түсуде. Әсіресе, әртүрлі елден, аймақтан келетін туристер Астананың қызмет көрсету салаларынан сын таппауы тиіс. Осыны мақсат етіп қолға алынған шаруалардың барысы қалай жүзеге асуда?

Жатын орындарды броньдау жалғасуда

Жоғарыдағы бес миллион адам­ды жайғастыру үшін 164 қонақ үй, 350 пәтер әзір тұр екен. Енді 23 нысан ашылады. Астана әкімдігінің есебінше, қонақтар мен туристерді орналастыруға 35-40 мың төсек-орын дайын болса, 16 мыңы қо­нақ үйлер мен хос­телдерде. ЖОО жатақ­ха­на­ларында – 9 мың, жалға бері­летін тұрғын үйлерде 18 мың орын бар. Астана Конвеншн бюросында аймақтар мен шет елдерден келетін қонақтарды орналастыру бойынша броньдау бөлімдері жұмыс істейді. Елорда әкімі Әсет Исекешев­тің айтуынша, қазірге дейін 4190 қонақ үй мен жатақхана брон­далған. Төтенше жағдай депар­таментіне, ҰҚК шекара қыз­метіне, ІІМ ака­демия­сы­ның курсанттарына, ерік­ті­лерге, көрмеге қатысушы мемле­кеттер­дің­ ұлттық және аймақ­тар­дың мәдени күндерін ұйым­дастырушыларға арналмақ. «Кинг отель» қонақ үйінен 500 орын ІІМ қызметкерлеріне бөлінген. Арнайы ашылған «Recom­mended by EXPO-2017» сайты ар­қы­лы астаналық кәсіп­керлер көр­меге келген қонақтарға қыз­мет көрсете алады. Бірақ мұнда қызмет көрсету сапасы жоғары кәсіпорындар ғана таңдалады және олар көрмені өткізуде әріптес-серіктес те бола алады. Дәл қазір «Recommended by EXPO-2017» әріп­тестік бағдарламасына 136 нысан кірген. Олардың қатарын­да 35-55 қонақ үй мен қоғам­дық тамақтандыру орындары, 10 қызмет көрсету мекемесі, 4 көлік компаниясы, 7 хостел және 24 апар­тамент бар. «Бағдарлама бо­йынша персоналдың біліктілігі, ағылшын тілін білуі және туристер үшін мәзірдің қолжетімділігі талап етіледі. Қызмет көрсету бары­сында қандай да бір кемшілік­тер болса оны жоюдың жолдары жөнін­­дегі ұсыныстарды да қабыл­дауға әзірміз. Бұған осы саладағы барлық ұйымдарды белсене қатысуға шақырамын», дейді қала басшысы.

«Астана Такси» бағдарламасының артықшылығы бар

ЭКСПО қонақтары көрмемен бірге, қаланы аралап, түрлі шара­ларға қатысуы керек. Бұл орайда, негізгі салмақ көлік жүйесіне түседі. Сондықтан, қоғамдық және арнаулы қыз­меттік көліктер мен такси қыз­метін дұрыс ұйым­дастыру ма­ңызды. «Bus Lane» қосымша бөлін­ген қозғалыс жолақтары есебі­нен жыл­дам жүру қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, арнайы тіркелген такси көліктерінің жүруі заңнамамен реттелмек. Аста­на қаласы жолау­шылар көлігі бас­қармасының басшысы Бек­мырза Игенбердиновтің мәліметін­ше, көрме қонақтарын таситын авто­бустар саны мамыр айынан бастап көбейеді. «Күн сайын 83 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін жеті жаңа «Shuttle Bus» маршруты ашылады. Сонымен қатар, ЭКСПО аумағынан өтетін қолданыстағы 11 бағыттың күнделікті тасымалын күшейту арқылы уақыт ара­лығын 5-7 минутқа төмендету қарастырылған», дейді ол. ЭКСПО көрмесін өткізуге да­йын­дық аясында «Астана Такси» жаңа бағдарламасы іске қо­сыл­­ады екен. Бұл шара бо­йын­­­ша шағын және орта биз­нес өкіл­деріне отан­дық көлік өн­діру­­шіл­ерден жеңіл­детілген па­йыз­­бен автомобиль сатып алу қарастырылған.

Азық-түлік көрші елдерден де ағылады

Көрме кезінде тұрғындар мен қонақтарды азық-түлікпен қам­тамасыз ететін кешенді шара­лар да қолға алынбақ. Қазіргі таңда Астана халқы күніне шамамен 1,5 мың тонна тағам өнімін тұтынады десек, ЭКСПО уақытында 160 000 тонна азық-түлік өнімі тұты­ныла­ды деп болжануда. Елорда­дағы «Sapa logistics», «Астық логистик», «Continental Logistics» және «Мир Круп» секілді ірі кәсіп­орын­дар­да азық-түлік сақтау орындары 42 мың шар­шы метрге дейін жетеді. Бұған қоса, басқа кәсіп­орындардағы қоймалардың 42500 тоннаға дейін өнім сақтау мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығы басқарма­сы­ның басшысы Ардақ Досанов­тың айтуынша, қазір сауда-логистикалық операциялардың бірыңғай жұмыс регламентін пы­сық­тау көзделуде. Ірі және орта сауда желілеріне ӘКК және Өңірлерді қаржыландыру бағ­дар­ламасы аясында күріш, қант, қарақұмық секілді тауар­лар­ды сатып алуға несие беру қолға алынды. «ЭКСПО кезін­де оңтүстік өңірлерден, Өзбек­стан және Қырғызстан елдеріне азық-түлік тауарларын үздіксіз жет­кізу бойынша сауда-эконо­мика­лық ынтымақтастық тура­лы меморандумға қол қойылды. Ауылшаруашылық жәрмеңкесіне мамандандырылған сауда алаң­дары құрылады. Онда шара­лар ұйым­дастыруға өтінім бірыңғай элект­ронды портал арқылы жүре­ді», дейді А.Досанов. Жалпы, Астана қаласында 156 мейрамхана, 460 кафе, 27 асхана және 7 көпшілік тамақтану орны бар. Бұлар бір мезетте 165 мың адам­ды қамти алады.

Отбасылық демалыстарға көңіл бөлінеді

Көрме кезінде мәдени шара­лар қалай өрбиді? Қала әкімдігінің мәлі­метінше, кешенді мәдени бағ­дарламада қазақстан­дық, шет­ел­дік шығармашылық ұжым­дар­дың және талантты жастардың қатысуымен 7 мың­­нан астам түрлі форматтағы іс-шаралар өт­кізу қарастырылған. Үш ай бойы қызықты әрі әдеттен тыс кештер ұйымдастырыл­мақ. Бас қаладағы театрлар мен саябақтар ш­тат­тық режімде жұмыс істейді. Астаналық­тар мен қонақтар Есіл өзенінде күн сайын лазерлік шоу­ды тамашалайды. Бұған ресей­лік субұрқақтар циркі арнайы шақы­рылған. Тағы айта кетерлігі, отбасылық демалыстар өткізуге екпін беріледі. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетін уақытта мәдени, ойын-сауық шара­ларын өткізуге «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ, Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігі жауапты болып бекітілгенін айта кетпекпіз. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»