13 Ақпан, 2017

Түйе баққан табысқа кенеледі

932 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Маң­ғаз дала. Маң-маң басқан жануар. Сағым арасындағы жал-жал болған сары құмда сексеуілдің басын отап тұрған сары атан. Сурет қой. Қазақ саха­расы мен түйе түлігінің үйлесімділігі Жаратқан сыйға тартқан бір жара­сым секілді көрінеді бізге. Мәңгілік мекенді таппақшы болған Қорқыт бабаның сенім­­ді серігі ойсылқара түлігі еді. Жер жүзінен Жерұйықты іздеген Асан қай­­ғы­­ның ұзақ жолдағы жолдасы Желмаясы-тын. Олай болса, жарықтық тү­йе жануары түп-тұқияннан бері қазақпен бірге жасасып келе жатыр деп бай­лам жасауға болатын сияқты. Ендеше, осы түліктің бүгінгі жай-күйі қандай?

Деректер не дейді?

Алдымен ресми дерекке көз жүгір­тейік. Осыдан бір жыл бұрынғы нақты дерек бойынша Қызылорда облысында 37,4 мың бас түйе бар екен. Он екі айдың аунап түскенін ескерсек, онда бұл санның аз-маз артқанын айтпаса да болатын шығар. Осының ішінде 19,2 мың басы інген. Жер жағдайы ойсылқара тұқымын өсіруге ыңғайлы аймақ болған соң, өңірде 21 қожалық түйе шаруашылығымен айналысады. Аз да, көп те дей алмаймыз. Дегенмен, осы шаруашылықтарда талай адам жұмыс тауып, күнкөрісін айырып жүргені анық. Алдыңғы жылдармен салыс­тырғанда өңірдегі түйе саны 3,2 па­йызға артқан. Ал асыл тұқымды түйе­нің үлесі 10,6 пайызды құрап отыр. Ақмешіт атырабында жыл са­йын 3433 тоннадан астам шұбат өнді­рі­­леді. Сондай-ақ, өндірілген шұ­бат­қа мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мәселен, былтыр 81,6 тонна қымыранға 4487,7 мың теңге субсидия төленіпті. Сонымен қатар, 56,7 тонна түйе етіне 5106,9 мың теңге берілген. Түйе басын асылдандыру ісі де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Айталық, 25 бас асыл тұқымды түйе сатып алуға мемлекет қоржынынан 925 мың теңге қаржы бөлінген. Сиыр, қой, не жылқы секілді шеттен шертіп жүріп асыл тектісін өңгеріп келе бере­тіндей емес. Сондықтан, түйе түлі­гін асыл­дандыру жұмысында өзін­дік баяу­лық байқалады. Сонда да болса, шаруашылықтар алдындағы аз ма­лына қанағат етпей, оның басын көбейтіп, шұбаты мен етін нарыққа шыға­рып, тұқымын асылдандырып жат­қанына көңіл қуанады. Облыстық ауыл­шаруа­шылық басқармасынан келген деректер осылай сөйлейді. Аса өсімтал емес жануар­дың өңірдегі күйі әзірге осы.

Шығыны аз, күтімі жеңіл

Түйе шаруашылығы аймақтың батыс өңірінде жақсы дамыған деуге болады. Әсіресе, Қазалы, Арал аудандарында төрт түліктің төресіне деген ынта мен ниеттің өзгешелігін байқаймыз. Жалпы, бұл аймақта түйенің моңғол, қалмақ, қазақ тұқым­дары кездеседі. Ең ірісі қалмақтікі болып саналады. Ал одан кейінгі кезекте қазақы түйелер тұрады. Моңғол түйелері аталмыш ұлттың аттары сияқты аса ірі емес. – Түйе малының өзге түліктерге қарағанда шығыны аз. Қыста жұт болады деп қорықпайсың. Біздің өсіріп отырғанымыз қазақтың айыр өр­кешті түйесі. Қарақұм мен Қызыл­құм­ның арасында жатады. Қырық күнге дейін су ішпей жүре алады. Біз­дің өңір секілді шөлейтті жерлерге ең ың­­ғайлы жануар. Көбіне жантақпен, жусан­­мен қоректенеді. Түйенің жүніне дейін жарамды. Түбіті мен шудасынан күнделікті өмірге қажетті киім-кешекті тоқи беруге болады. Шұбатының емдік қасиеті жоғары. Майлылығы 6 пайызға дейін жете­ді. Нарлардан сүт көп шығады. Бір өр­кешті түркі­мен түйелері де қазақы түлі­к­терге қара­ғанда сүтті бо­лып келе­ді. Ата-баба­мыздан жал­ға­­­сып келе жат­қан кәсіп қой. Сон­дық­­тан түйе шаруа­шылығымен айна­лысу­­да ешқандай қиыншылықты байқа­маймыз. Қыста суыққа, жазда ыстыққа төзім­ді жануарға аса көп күйдің де керегі жоқ. Қора салып, қарекет етпейсің. Өйткені далалық жерде жата береді. Өзге малға жинағандай шөп жинамайсың. Азығын иен даладан табады. Сол себепті, түйе бағумен айналысамын деген шаруаның ұтары мол. Ең үлкен кемшілігі екі жылда бір төлдейтіні ғана, – дейді «Аян» шаруа қожалығының жұмысшысы Қуаныш Шүленбаев.

Шұбатты нарыққа шығару қиын ба?

Былтыр «Аруана» шаруа қожалығы өз қара­жаты есебінен шұбат өңдеу цехын ашты. Цехтың жобасының жал­пы құны 45 миллион теңгені құра­ды. Онда тәулігіне 400 литр сүт өңде­ліп, шұ­бат өнімі арнайы ыдысқа құйы­лып дайын­далады. Цехтың құрал-жабдық­тары заман талабына сай жасақталған. Сондай-ақ, цехта 5 адам тұрақты жұмыс жасайды. – Бұл жобаға қызығушылығым Алматы қаласына жұмыс сапарымен бар­­ғанымда, Сыдық есімді кәсіпкер­дің жұмысымен танысқан кезден бас­тал­ды. Содан бері міне, бірнеше жыл өтті, атакәсіп өнімінің бірі – шұбат­тың құнарын арттырып, жаңа дең­гейге көтеру, оның сақталу мерзі­мін арт­­тыру технологиясымен шұғыл­данып жүрмін. Бизнес-жоспар жасағаным­мен, талай кедергілерге кездестім, қан­ша қиналсам да, өз жобамды жүзеге асыр­ғаныма қуаныштымын, – дейді Сабыр Ермаханов. Істің жөнін тарата ай­тар болсақ, оның мәнісі мынандай: бұрын­нан келе жатқан қарапайым қазақы тәсіл бойынша ашытқан шұбат әрі кетсе екі-үш күнге ғана шыдайды, ал Сабыр­­дың қазіргі жобасы бойынша ар­найы пластмасса құтыға құйылған шұбат толық бір ай жарамды болады, айны­майд­ы. Өйткені, түйе сүтін ашытатын ашыт­­қының құрамы ғалымдармен бір­­лесе жұмыс істеу арқылы жасалып отыр. – Биология ғылымының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі Әсия Серікбаева өз шәкірттерімен бірге үлкен ізденісті жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, 5 жиын­тық­тан тұратын жаңа ашытқы қолда­ныс­қа енді. Алдағы уақытта шұбаттың бұ­­зыл­­май сақталу мерзімін 3 айға ұзар­ту­­­­ды мақсат етіп отырмыз. Сонда өз өнім­­­дерімізді еліміздің барлық айма­ғы­на тара­ту­мен қатар, шет елдерге жет­­­кі­зу­­ге мүм­кіндік туар еді, – дейді кәсіпкер. Өнімнің сапалы және тауарлық сипаты жақсы болуы үшін онда қызмет жасайтын мамандардың да білігі мен тәжірибесі болуы шарт. Бұл орайда, кәсіпкердің жас мамандарды тәжірибе алмасудан, арнайы курстардан өтуін қаржыландырып, үлкен мән беріп келе жатқандығы сүйсіндіреді. Шиелі ауданындағы индустриялық аймақта орналасқан цехтың екі қабатты ғимараты жаңадан салынып, оған электр желісі тартылып, бөлек трансформа­тор орнатылған. Таза ауыз су құбыры да жет­кізілген. Шет елден алдырылған қон­дырғылары да сапалы. Нақты айт­қан­да, сапалы өнім өндіруге барлық жағ­дайы сақадай-сай деуге болады. Жағдай осылай болғанда, шұбатты нарыққа шығаруға болады деген сөз. Сондықтан, аймақта мұндай цехтар әлі де көптеп ашылуы керек деп ойлаймыз.

Емдік қасиеті ерекше

Ибн Сина жарықтық «Адам ағзасына пайдалы шөптердің дені құмда өседі» депті ғой. Олай болса, құмды мекен ететін, сексеуіл мен жантақты қорек қылатын түйе жануарының сүтінің де емдік қасиеті мол десек, ағат айтқандық болмас. Оның үстіне біздің жұрт шұбат­­т­ың емдік қасиетін ежелден біл­ген. Баяғының адамдары бауыр, өкпе ауру­ларын, асқазан мен ішек жолдарына жел байланып, ас қорыту нашарлағанда шұбатпен емдеген. Бүгінгі медицина шұбаттың құрамында А, В1, Д, Е, С дәру­мендері барын, май, ақуыз, тұз бен түрлі дәрумендерге және қант, амин қышқылына бай екенін айтады. Соңғы жылдары дәрігерлер оның қатерлі ісік, сары ауру, созылмалы колит, созылмалы гастритке шалдыққандар, холецистит, өт жолдарының бітеліп қалуы аурулары, дисбактериоз дертіне таптырмас ем екендігін алға тартып жүр. Ең бастысы, шұбаттың радиацияға қар­сы бірден-бір амал екендігінде болып тұр. Түлік төресінің өнімі адамның есте сақтау қабілетін жоғарылатып, ми та­мыр­ларына сергектік пен демалыс бере­ді. Сусын адам ағзасында жеңіл қорыт­ылатындықтан, қарын сөлінің жұмысын күшейтіп, асқазан жолының бездерінен сөл шығаратын қасиетке де ие. Мәліметтерді негізге алсақ, мұн­дай өнiм ағзаның жұмыс қабiлетiн арт­тырып, ерлердiң әлеуетiн көтередi, әйел­дер­дiң климаксы кезiнде көмегі зор. Ал балалардың белсендi iс-қимы­лын арттырып, денсаулығын бiршама ны­ғайта алады. Никотин, алкоголь сияқ­ты зиянды элементтердің ағзадан тез шығуын қамтамасыз етеді. Улану жағда­йын­да бүкіл ағзаны таза­лап шыға­ды. Ішті тыяды. Яғни, шұбат­тың адам ден­­сау­­лығына пайдасы өте зор. Сондық­тан «кола» мен «фантаға» үйір бол­май, өзі­м­із­дің бабалар тұтынған шұбат­ты ішіп, шалқып өмір сүру керек қой деп ойлаймыз.

Түйін:

Мінсең – көлік, ішсең – сусын, жесең – ет, жүні киім-кешек түйе түлігі қай жағынан алсаңыз да тұрмыста өте пайдалы. Қой секілді күні бойы соңын­да жүріп бағуды қажет етпейді. Жыл­қы сияқты бір түннің ішінде ұры­лар алдына салып қуып кетеді деп қорық­пайсың. Сиырдайын сипап отыр­майсың. Бағуға ыңғайлы. Тұрмыс­қа қолайлы. Сол себепті, түйе шаруа­шы­лығын дамытуға, басын көбейтуге, тұқымын асылдандыруға мемлекет тарапынан әлі де көп көмек берілуі керек деп есептейміз. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы