13 Ақпан, 2017

Эллада елі көрмеге қатысады

125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2012 жылғы 9-10 ақпан аралығында ЭКСПО-2017 көрмесінің Комиссары Рәпіл Жошыбаев Грекия Республикасында жұмыс сапарымен болып, ел астанасы Афина қаласында бірқатар мемлекеттік қызметкерлермен кездесу өткізді. Сапар барысында Грекияның қоршаған орта және энергетика министрі Георгиос Статакис­пен, Экономика және даму министр­лігінің бас хатшысы – Грекия ұлттық секциясының комис­сары Илиас Ксанфакоспен, сонымен бірге «Enterprice Greece» атты Грекияның ірі ұлттық ком­паниясының төрағасы Хрис­тос Стайкостармен екіжақты кездесулер өткізілді. Энергетика және экономика министрлігін­де өткізілген кездесу барысын­да Рәпіл Жошыбаев грекия­лық ведомство басшылары­мен Эллада елінің Астана қаласында өтетін халықаралық көрмеге қатысу мүмкіндіктерін талқы­лады. Сонымен бірге, ол осы кез­десуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан хал­қына арнаған «Қазақстан­ның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы­ның маңызын тілге тиек етті. Атап айтқанда, Рәпіл Жошыбаев кездесуге қаты­сушыларға еліміз­дің жаңа эко­номикалық модельге көш­­кен­дігін және цифрлы тех­но­ло­гияны қолдана оты­рып, индус­трияны дамытудың жаңа мүмкіндіктерін белгілеген­ді­гін атап көрсетті. ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары гре­кия­­лық бизнесмендерді ІТ-стар­таптар­дың халықаралық технопаркі ұйымдастырыла­тын елордадағы халықаралық көрмеге белсене қатысуға шақырды. Өз кезегінде Грекияның Энер­­гетика министрі Астана­да өтетін көрмеге өз елі­нің халық­аралық экология­лық стан­дарттарға сәйкестен­дірі­л­ген нақты энергетикалық инфра­­құрылымды паш ететін­дігін айтты. Грекия жаңғыр­малы энер­гиялық қуат көздерін дамы­ту мәселесінде ерекше тәжі­рибе жинақтаған. Бүгінде бұл елдің электр энергиясына деген қажеттілігінің 20 пайызын күн энергиясы қамтамасыз ете­ді. Сонымен бірге, Грекия жаңғыр­малы энергия көздерін дамы­ту мәселесіндегі бұл мүмкін­діктермен шектеліп қалмақ емес. 2020 жылға дейін бұл ел жаңғырмалы қуат көздерінен алынатын электр энергиясының үлесін 30 пайызға жеткізбек. Кездесу қорытындысында, ЭКСПО-2017 көрмесінің Комис­сары Р.Жошыбаев пен Грекия­ның Экономика және даму министр­лігінің бас хатшысы И.Ксан­факос грекиялық тарап­тың Астанада өтетін халықаралық көрмеге қатысуы туралы келісім­шартқа қол қойды. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»