13 Ақпан, 2017

Түрікменстанда президент сайлауы өтті

364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сайлауға бұл жолы тоғыз кандидат түсті. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жартысынан көбінің қолдауына ие болған кандидат жеңімпаз атанады. Сайлаушылар тізіміне 3 миллион 223 мың 455 адам енгізілген. 2016 жылдың 14 қыр­күйе­гін­де қабыл­дан­ған жаңа Кон­с­­ти­туцияға сәйкес, президент өкі­леттігі бес жылдан жеті жыл­ға ұзартылды. Сонымен қа­тар, президенттің жасы 70-тен жо­ға­ры болмауы керек деген шектеу алынып тасталды. Түрікменстан пре­зи­де­нт­тігіне кандидат, елдің қа­зір­гі басшысы Гурбангулы Бер­дім­ұ­хамедов отбасымен бірге жек­сен­бі күні таңертең дауыс берді. Сай­лау учас­ке­сі­не президентпен бірге оның әке-шешесі де кел­ді. «Бүкіл халқымыз ел үшін ма­ңызды оқи­ғаға қатысуда. Ми­ллиондаған адам кон­сти­ту­циялық құқығын пайдаланып, ерік­терін білдіріп жатыр. Олар болашақ алдындағы ұлы жауапкершілігін сезініп, жоғары мемлекеттік қызметке алдағы жеті жылға лайықты деген кандидатқа дауыс беруде», деді Г.Бердімұхамедов. 59 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедов Түрікменстан­да билікке 2006 жылдың жел­тоқ­санында елдің тұңғыш пре­зи­денті Сапармұрат Ниязов қай­тыс болғаннан кейін келді. Ал 2012 жылы ол сай­лау­шылардың 97% даусымен екін­ші мерзімге сайланды. Осы ретте Түрікменстанда президент сайлаудың кейбір ерекшеліктеріне тоқтала кеткенді жөн көрдік. Түрікменстан Конституция­сы бойынша пре­зиде­нт – мемлекеттің және атқа­ру­шы биліктің басшысы. Ел тәу­ел­сіз­дігінің, бей­та­рап­ты­ғының, терри­ториялық тұтас­ты­ғының кепілі. Түрікменстан президенті тіке­лей сайлауда жеті жылға сай­ланады және ант берген сәт­тен қызметке кіріседі. Дауыс беру құқына 18 жасқа тол­­ған ел азаматтары ие. Сот ше­шімімен істеген ісі үшін заң алдында жауапкершілігі жоқ деп танылған адамдар және түр­меде жазасын өтеушілер сай­лауға қатыса алмайды. Түрікменстан президент­ті­гіне кандидат ретінде Түрік­мен­станда туған, жасы 40-тан төмен емес, мемлекеттік тіл­ді білетін, соңғы 15 жыл бойы Түрікменстанда тұрған, мем­ле­кеттік органдарда, қоғамдық бір­лестіктерде, кәсіпорындарда, ме­кемелерде жұмыс істеген Тү­рікменстан азаматын ұсынуға бо­лады. Кандидатты саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Құрылтайға қатысушылардың жартысынан көбінің даусын жинаған жағдайда үміткер сайлауға ұсынылған болып саналады. Азаматтардың тобы ұсынған жағ­дайда, кандидат болып тір­ке­лу үшін кемінде 10 мың сай­лау­шының қолы керек. Кандидаттарға теле-ра­дио­арналардан теңдей эфир уақыты (күніне кемінде бір сағат), бас­пасөзден бірдей көлемде орын беріледі. Сайлаушылардың белсен­ді­лі­гі қандай деңгейде болғанына қара­мастан, сайлау өткен болып есеп­теледі. Дауыс беруге қатыс­қан­дар­дың жарты­сының көбіне ие бол­ған кандидат жеңген болып са­налады. Түрікменстан президенті ел Консти­туциясына оң қолын қойып ант береді. Салтанатты жиынның тө­ра­­ғасы, Түрікменстанның бес уәлаяты және Ашғабаттың атынан келген ақсақалдар мемлекет басшысына Түрікменстан пре­зидентінің куәлігін және бел­гі­сін табыстайды. Президент екін­ші мерзімге сайланған болса, Президент белгісі қайта табыс етілмейді. Инаугурацияда Түрікменстан президенті алдына ақ киіз төсе­ле­ді. Президентке дәстүрлі түрік­мен сачагы (нан орайтын қа­сиетті дастарқан), жебе са­лын­ған қорамсақ, Құран және Рухнама тартылады. Бұдан кейін президент Түрікменстан азаматтарына арнап қысқаша сөз сөйлейді. Ержан ӘБДІРАМАН, «Егемен Қазақстан»