
Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің басшылығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, онда негізінен екі заң жобасы талқыланды.
Мәжіліс Төрағасы бірінші кезекте Елбасының өткен аптада «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қойғанын және Президент Жарлығымен осы заңды жүзеге асыруға байланысты шаралар жоспары бекітілгенін айта келіп, Парламентке, соның ішінде, Мәжіліске үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, Н.Нығматулин Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен «Нұр Отан» партиясының мүшесі Альберт Павлович Раудың Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде тіркелгенін айта келіп, оны депутаттық мандатымен құттықтады әрі әріптестері атынан жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін бекітілген күн тәртібі бойынша дауысқа салу тәртібімен депутат Альберт Рау Қаржы және бюджет комитетінің, депутат Серік Сәпиев Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды.
Сондай-ақ, күн тәртібі негізінде Парламент Мәжілісі депутаттарының тұрақты комитеттің бірінен екіншісіне ауысу туралы Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский хабарлама жасады. Бұл хабарламада депутаттар Мансұрхан Махамбетов (Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі) пен Артур Платонов (Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі) Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне ауысуға ниет білдіргені айтылды. Олардың бұл қалауларына әріптестері қолдау білдіріп, соның нәтижесінде М.Махамбетов пен А.Платонов Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне енді.
Бұл күнгі отырыста қаралған заң жобаларының бірі «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Бұл жөнінде баяндаманы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жасады.
Ж.Қасымбек 2016 жылы Қазақстан мен Сербия арасындағы автомобильмен жүк тасымал көлемі 15 пайызға ұлғайғанына тоқтала келіп: «Негізгі тасымалданған жүктер – құрал-жабдықтар, қара және түсті металдар, ағаш және одан жасалатын бұйымдар. Келісіммен екі ел арасындағы автомобиль тасымалы жұмысын жүзеге асыру үшін құқықтық норма бекітілді. Екіжақты және транзиттік тасымалдар рұқсатсыз негізде, ал үшінші елдерден немесе үшінші елдерге тасымал рұқсат беру негізінде жүзеге асырылатын болады. Аталған шарттар қазақстандық тасымалдаушылар үшін тиімді болып табылады. Өйткені, Сербия аумағы арқылы біз Оңтүстік Еуропа мемлекеттері – Грекия, Хорватия, Болгария және басқа елдерге шыға аламыз. Аталған келісімді ратификациялау бюджет қаражатын жұмсауды қажет етпейді», – деді.
Баяндама аяқталған соң Ж.Қасымбекке депутаттар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, тиянақты жауаптар қайтарылды.
Отырыста қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Құдайберген Ержан халықаралық автомобиль тасымалдары Қазақстанның бүкіл көлік жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылатынына тоқтала отырып: «Қазақстан автомобиль тасымалын жүзеге асыру тәртібін реттейтін негізгі 11 конвенцияға қосылған. Сондай-ақ, 40-қа жуық екіжақты шарттарға қол қойылды. Қазақстан тасымалдаушылар одағы Халықаралық автомобиль одағының мүшесі болып қабылданған. Барлық осы аталған мәселелер отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Мәселен, халықаралық бағытта автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау көлемі 2016 жылы 8 млн 446 мың 700 тоннаны құрады. Бұл – 2015 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 15 пайызға артық. Елімізде халықаралық автомобиль тасымалын жүзеге асыратын 3,5 мыңдай көлік компаниясы тіркелген. Олардың автокөлік паркінде шамамен 17 мың автокөлік бар. Олардың ішінде еліміздің Халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағының мүшесі болып табылатын 7 мың 92 жүк көлігі бар 345 компания көліктері шекараны оңайлатылған түрде кесіп өтеді», – деді.
Сондай-ақ, ол Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың өткен жылы Сербияға жасаған ресми сапары жөнінде сөз қозғады. «Былтыр тамыз айында Сербияға ресми сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Ұлы Жібек жолын қалпына келтіру идеясын жүзеге асырып жатқанын, бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, оның ішінде Қытайдан Каспийге дейін автомобиль жолының және одан әрі Иран, Парсы шығанағы арқылы өтетін темір жолдың құрылысына қатысатынын еске салды. Сонымен қатар, сапар аясында тараптар Еуропа мен Азия бағытына көлік жүйесін пайдалануға қатысты өзара пікір алмасып, ЕАЭО аясында өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады», – деді депутат.
Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар Ерсұлтан Бектұрғанов пен Сергей Звольский сөз алып, жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру, оларды жаңарту ісін қамтамасыз ету, сондай-ақ, көлік инфрақұрылымын басқаруға, әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажеттігі Елбасы Жолдауында нақты көрсетілгенін айта келіп, осы орайда қаралып отырған заң жобасының маңыздылығын атады. Олар, сондай-ақ, қаралып отырған заң жобасын мақұлдап, оны Парламент Сенатының қарауына жолдауды ұсынды.
Сонымен, аталған заң жобасын депутаттар бірауыздан мақұлдады.
Келесі кезекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланды. Бұл жөнінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Бекболат Тілеухан баяндама жасап, заң жобасының жай-жапсарынан жан-жақты мағлұмат берді. Ол өзінің сөзінде заң жобасына Парламент депутаттары бастамашы болғанын, оның мәдениет саласындағы қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында әзірленгенін атап көрсетті. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы 2016 жылдың 30 қарашасында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған.
Бұдан бөлек, депутат заң жобасы бойынша Қазақстан Республикасының 2 Кодексі мен 6 заңына өзгерістер мен түзетулер енгізу көзделіп отырғанын, Мәжіліс комитеттері оң қорытындыларын бергенін, жұмыс тобына 200-ден астам түзетулер келіп түсіп, олар мүдделі мемлекеттік органдар, мемлекеттік мәдени ұйымдар, Парламентке кірмейтін саяси партиялар өкілдері, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар мен мәдениет саласындағы сарапшылардың қатысуымен жұмыс тобының 22 отырысында және Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында қаралғанын айтты. Сөзінің соңында Б.Тілеухан өз әріптестерін аталған заң жобасын қолдауға шақырды.
Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»