
1927 жылдың 23 наурызында Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы Атасу селосында Серік Смайылұлы Қирабаев өмірге келді. Серағаның өмір жолына қарап отырсаңыз, ХХ ғасырдағы білім, ғылым саласындағы айтулы оқиғалардың бел ортасында жүргеніне көзіңіз жетеді.
Бұл заман өкілдеріне уақыттың өзі ауыр жүк арқалатты. Бейбіт өмірді бір сәтте аласапыранға айналдырған Ұлы Отан соғысы тұсындағы бозбалалар бір күнде есейіп, бір отбасының, қала берді, ауыл-аймақтың бар ауыр тірлігі өздеріне қарап қалғанын түсінді. Ұзаққа созылған соғыс елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайын тұралатқанмен, олардың болашаққа деген сенімін, өршіл рухын өшіре алмады. Ел басына ауыр күн түскен шақта мектепті үздік оқыған Серағаңдай білімді жасқа партия Ынталы жетіжылдық мектебінде оқытушылық қызмет атқаруды тапсырды. Карл Маркс атындағы колхозда бастауыш мектептің меңгерушісі болып істеген Серағаңның күні бүгінге дейінгі бүкіл саналы ғұмыры білім, ғылым саласына арналып келе жатқаны да бір ғанибет.
Соғыс аяқталып, ел есін жиған шақта білімін жетілдіруді көздеген Серік Смайылұлы 1947 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Өмірдің қайрағына түсіп, ел тіршілігіне ерте араласқан ол оқу-білімге бар ынтасымен кірісіп, үздік оқығаны үшін Сталин атындағы стипендия алды. Өз қатарларының арасында білімімен көзге түскен Серағаң студенттердің ғылыми қоғамы мен әдебиет үйірмесінің жұмысына, қоғамдық істерге де белсене араласты. Факультеттің кәсіподақ, комсомол ұйымдарын басқара жүріп, әдеби-сын мақалалар жазды, өзінің әдебиетке икемділігін танытты.
Әдеби талдаулары көпшіліктің назарын аударған Серік Смайылұлы студент күнінен-ақ Жазушылар одағының жұмысына кірісіпті.
1951 жылдың қаңтарынан Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында проза бөлімінің редакторы болып қызмет атқарғанын еске алатын болсақ, институттың соңғы курсынан қызметке араласқандығы байқалады. Ұстаздар қауымы жоғары оқу орнын үздік бітірген студенттерін аспирантураға алып қалуға тырысатын. С.Қирабаев аспирантурада оқи жүріп ұстазы Қажым Жұмалиевтің жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын жазды, әрі «Әдебиет және искусство» журналының редакциясында бөлім меңгерушісі қызметін қоса атқарды.
Алайда, жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарындағы саяси жағдайдың құрығы профессор Қ.Жұмалиевтің де басына түсіп, ол саяси айыптармен ұсталып кетті. Енді кафедрада ғылыми жұмыс істеудің мүмкіншіліктері азайды. Серік Қирабаев Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің ұсынысымен «Пионер» журналына редактор, «Социалистік Қазақстан» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі қызметтерін атқарды. Баспасөз қызметінде жүргенде газет беттерінде әдебиет пен өнердің өзекті мәселелеріне арналған көптеген мақалалар жариялап, әдеби процеске үзбей атсалысты.
Серағаңның елуінші жылдардағы баспасөз қызметін, әдеби-ғылымдық еңбектерінің қатарын орта мектепке арнап жазған оқулықтары толықтырды. Қазақстан Оқу министрлігі мектепке арналған жаңа оқулықтар жасау ісіне қосқан бір топ жастардың ішінде С.Қирабаев та бар еді. А.Нұрқатов, З.Қабдолов үшеуінің авторлығымен жазылған орта мектептің 9-сыныбына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы алғаш рет 1952 жылы жарық көрді. Осы оқулық 1986 жылға дейін толықтырылып, уақыт талабына сай жаңартылып бірнеше дүркін басылды. Кейін бұл оқулық 10-сыныпқа арнап қайта жазылды, аталған оқулық 1989 жылдан бері бірнеше рет қайта шығарылып, мектеп оқушыларының әдеби білім алуына зор көмегін тигізуде. Кейін ол 9-10-сыныпқа арналған «Қазақ совет әдебиеті», орта мектептің жоғарғы сыныптарында өтілетін факультативтік курсқа арналған «Қазақ совет әдебиеті», жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазақ совет әдебиеті», «Қазақ әдебиеті және мектеп», «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті», 9-10-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығына әдістемелік нұсқау, 9-10-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» тәрізді көптеген оқулықтармен толықты.
Сыншының қаламынан туған оқулықтар осылайша 65 жылдан бері мектептерде үздіксіз оқытылып келе жатқанын ескеретін болсақ, осы оқу құралдарынан қазақ жастарының неше буын ұрпағы білім алғанын түйсінесің. Жоғары сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарынан білім нәрін алған шәкірттер шаруашылық пен мәдениеттің алуан саласында қызмет атқарып, тәуелсіз Қазақ елінің белгілі де білікті мамандарының қатарына қосылды. Мыңдаған шәкірттердің кейбіреулері жоғары дәрежелі ғылыми атақ алып, бірсыпырасы ақын-жазушылар қатарын толықтырып, көркемдік мәдениетімізді дамытуға атсалысса, енді бір парасы әдебиеттану ғылымының төңірегінде еңбек етіп келеді.
Осылайша сан-салада қым-қуыт еңбек етуде журналистік қызмет пен зерттеушілікті, әдіскерлікті әдемі ұштастырған ізденуші педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің өмірі мен шығармашылығын тыңғылықты зерттеген кандидаттық диссертациясын қорғады. Әдебиеттанушы ғалымдардан жоғары баға алған бұл диссертацияның монографиясы күні бүгінге дейін қолданыстан түскен жоқ. Жазушы туралы іздегендер Серағаңның құрастыруымен, алғы сөзімен шыққан Спандияр Көбеевтің бір томдық шығармалар жинағына соқпай өткен емес. Себебі, бұл – жазушының толық күйінде басылған тұңғыш кітабы еді.
«Қазақ совет әдебиеті тарихы очеркіне» жазылған «Ғабиден Мұстафин» тарауы кейін толықтырылып монография болып жарияланды. М.Әуезовтің «Абай», С.Мұқановтың «Ботагөз», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романдарының қатарынан орын алған Ғ.Мұстафиннін «Миллионері» қазақ әдебиетін әлемге танытқан туындылардың бірі болды. Ғалым жазушының өмірі мен шығармашылығына, «Миллионер», «Қарағанды» тәрізді оң бағаланған романдарына кең талдау жасады. Әдеби қауымнан оң пікір алған монография қазақ (1956), орыс (1957) тілдерінде жарық көрді.
Осы еңбектері жөнінде ғалымның замандасы З.Қабдолов осыдан қырық жыл бұрын: «Сол кездің өзінде әдеби-эстетикалық құбылыстарды жіті байқап, нәзік танитын, жосылта, еркін жазатын, шабытпен жазатын. Бұл, әрине, жас сыншының жақсы дайындығының нәтижесі еді. Осының арқасында, сала-сала әдеби-көркем сын мақалаларын өз алдына койғанда, алғашқы беттен-ақ күрделі ғылыми ізденулерге апаратын іргелі мәселелерге қалам тербеді. Келелі тақырыптарды кең пайдаланып, тұтас баурап, Спандияр Көбеев, Ғабиден Мұстафин туралы көлемді-көлемді зерттеулерін жазды. Бұлар нағыз ғалымның әрекеттері болатын. Сондықтан да Серік жап-жас кезінде ғылым кандидаты дәрежесін алды», – деген еді.
Осы үлгімен жазылған «Сәкен Сейфуллин» атты монографиясында жаңашыл ақын, революция сарбазы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің әдеби мұрасы жан-жақты талданады. Монографияда Қазақстандағы 20-жылдардағы әдеби процесс, қоғам дамуындағы жаңа мазмұнды әдебиеттің қалыптасуы, жазушы шығармаларындағы тақырыптық, стильдік ізденістер, Сәкеннің әдеби процестегі және әдебиет тарихынан алатын рөлі тәрізді мәселелер жан-жақты қарастырылды. Монография негізінде автор докторлық диссертация қорғады. Ғылыми жұртшылық пен қалың оқырман тарапынан оң бағаланған Сәкен Сейфуллин туралы тұңғыш еңбек қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметін атқарған жылдары Серағаңның ұлтжандылық һәм азаматтық ұстанымдары жарқырай көрінді. Алаш арыстарының мұрасын ақтау, оларды насихаттау, қайта жариялау істерімен тыңғылықты да, жүйелі түрде айналысты. Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды Алаш ардақтыларын ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде Серағаң өзінің ұлтжанды болмысын танытты. Алғашында Жүсіпбек Аймауытовты ақтау жөніндегі құжаттарды дайындау ісімен шұғылданған ол кейінгі жылдары осы тақырыптағы ізденістерін мәнді де мазмұнды, терең де кешенді зерттеуге ұластырып, сол еңбегі үшін Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықты алды. С.Қирабаевтың алғы сөзімен, оның басшылығымен Жүсіпбек Аймауытов шығармалары алғашында бір томдық, кейін бес томдық, алты томдық болып жыл өткен сайын толығып жатуы ғалымның осы саладағы тыңғылықты зерттеулерінің нәтижесін көрсетті.
Ғалым-зерттеуші, академик Серік Қирабаевтың ұйымдастырушылық жұмыстарының бірі – ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен ұлы Абай Құнанбаев пен ауыз әдебиетінің дарабозы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық және Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойлары кезіндегі ерен еңбегі. Абайтану ғылымына қосылған іргелі зерттеулерге жетекшілік жасап, абайтануға қомақты үлес қосқаны үшін академик С.Қирабаев әріптестері З.Ахметов, М.Мырзахметұлы және Қ.Мұхамедханұлы тәрізді әдебиеттанушы – ғалымдармен бірге еліміздің ең жоғары − Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Сонымен бірге, Серағаң Жамбылтану бөлімінің қызметкерлерін ұйымдастыра отырып, ақынның екі томдық таңдамалы шығармаларын шығаруға басшылық жасады. Ғылыми түсінікпен толықтырылған жинақ заман ыңғайымен кеткен кемшіліктерден тазартылды, толықтырылды. «Жамбыл туралы сөз» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарының жинағына ұлы дала жыршысы туралы жазылған алыс-жақын шет ел ғалымдарының баяндамалары мен мақалалары жинақталды. Аталған мәнді де мазмұнды еңбектерді бүгінгі таңда сирек кітаптар қорынан ғана көретін болдық.
Бұл жылдары Әуезовтану үрдісі дамыды. «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі», «Мухтар Ауэзов. Письма родным и близким», «М.О.Әуезов туралы естеліктер», «Әуезов энциклопедиясы» жарық көріп, М.Әуезовтің елу томдық академиялық шығармалар жинағы 1, 2, 3- томдармен толықты. Сол тұста басталған жазушының елу томдық жинағы 15 жылға созылған қажырлы еңбекпен тиянақталды. Бұл жинақта жазушы мұрасы түгелдей тасқа басылып, хатқа түсірілді, кеңестік дәуір тұсындағы идеологиялық қысым салдарынан кiрген кейбiр бұрмалаулардан, қысқартулардан тазартылды, академиялық сипаттағы ғылыми түсiнiктемелер берiлдi. Қолдан-қолға тимей кеткен жинаққа деген сұраныстың көптігінен оның екінші басылымын шығару маған бұйырды. Енді Әуезовтi жаңаша, жаңа деңгейде зерттеуге толық мүмкiндiк туып отыр.
Ғалымның ХХІ ғасырдың еншісіне тиесілі еңбектерінің өзі – бір төбе. Бұл жылдары академик Серік Қирабаевтың басшылығымен 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты кешенді еңбек жазылып, оқырманға жол тартты. Кеңестік дәуір әдебиетін дәуірлеу, жүйелеу, зерттеу ісіне басшылық жасаған ол 7, 8, 9-томдардың жетекшісі ғана емес, негізгі авторларының бірі ретінде көптеген тарауларда кеңестік дәуір әдебиетін бүгінгі егемен елдің талап-тілектеріне сай жаңаша бағамдады. Осы қатарда ерекше атауды қажет ететін тағы бір еңбек – «Қазақ романы: өткені мен бүгіні» атты ұжымдық монография. Бұл еңбекте ХХ ғасыр еншісіне тиген қазақ романының алғашқы үлгілерінен бастап, оның қалыптасу, даму, өсіп-өркендеу дәуірі хронологиялық жүйе бойынша тыңғылықты зерттелді. Сонымен бірге, қолданбалы және іргелі зерттеулердің негізінде Серағаңның ғылыми жетекшілігімен жарық көрген «Қазақ көркем сөзінің шеберлері», «ХХ ғасыр әдебиетіндегі тәуелсіздік идеясының көркем шешімі» тәрізді ұжымдық монографиялар бүгінгі таңда қолдан-қолға өтіп оқылуда.
Қазір Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік гранттық жобалары аясында жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық әдебиет және еліміздің зияткерлік әлеуеті» атты жоба негізінде соңғы ширек ғасырдағы қазақ прозасы Серағаңның жетекшілігімен зерттелу үстінде.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Классикалық зерттеулер» сериясымен жарияланған көп томдық еңбектің 21-томының мазмұнын ғалым зерттеулері құрады. Мұнда Абай, Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Спандияр, Жүсіпбек, Сәкен, Сәбит тәрізді қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының әдеби портреттері мен «Тәуелсіздік идеясы және «Ұлтшылдық» әдебиет», «Тәуелсіздік және ұлт-азаттық қозғалысының қаһармандары», «40-50-жылдар романдарындағы ұлттық идея және ұлттық характер», «Ұлттық тәрбие және қазақ әдебиеті», «Қазақ Кеңес лирикасындағы тәуелсіздік рухы» тәрізді қай дәуірде де, қай қоғамда да құнын жоғалтпайтын зерттеулері қамтылды.
Кеңестік дәуір мен тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасырының куәсі болған Серағаң Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, 50-ден астам әдеби сын кітаптарының, 20-дан астам оқулықтар мен оқу құралдарының, 800-ден астам мақалалардың авторы ретінде белгілі. 15 ғылым докторы мен 35 ғылым кандидатының бағын ашып, ғылымға жолдама берді, әдебиеттану ғылымында өзінің мектебін қалыптастырды.
Серағаңның шекпенінен шыққан ондаған, жүздеген шәкірттері бүгінде тұлғалы ғалымдар, айтулы азаматтар санатында жүргені де ағаның бір мерейі іспеттес.
Академик Серік Қирабаев бүгінгі таңда да замана сөзін айтып, егемен еліміздің өмірінде болып жатқан құбылыстарға өз үнін қосып отырады. 90 жаста да қаламы қолынан түспей, Елбасы саясаты жөнінде толғақты ой айтып, өз көзқарасын ашық та, бүкпесіз білдіріп келеді. Абыз ағаға қарап Қазақстан жастары ой түзесе екен, бой түзесе екен деймін...
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері