Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2017

Мемлекеттік қолдау агроөнеркәсіпті аяғынан тұрғызды

31 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір екі қолын алдына салып жұмыссыз жүрген жастар көп. Сылтау бар. Жұмыс табылса тау қопарардай кейіп танытқанымен, аспаннан алтын жауатындай әлденені күтіп жүреді. Кінәні өзінен емес мемлекеттен көргісі келе ме қалай... 

 

Мемлекеттік қолдау агроөнеркәсіпті аяғынан тұрғызды

Тәуекелшіл жігіттер «алма піс, ау­зы­ма түс» деп қарап отырмайды. «Аман­гелді» ЖШС-нің директоры Нұр­лан Құраловтың еңбектегі жо­лы осылай дегізеді. Қарапайым мұ­ға­лімдер отбасында өскен. Алды-ар­тын­да анау айтқандай тіреп тұрған көке-жә­кесі жоқ. Еңбек етуден бөлек оны үй­лестіре біліп, бірді екеу ету және бар. Нұрлан Құраловтың мамандығы ин­женер. Шымкенттегі қорғасын зауытында қарапайым жұмысшыдан бөлім бастығына дейін жоғарылаған. Тоқырау заманында зауыт жабылды. Мыңдаған жұмысшы тентіреп қалды. Сол кезде Нұрланның Мәскеуде инженерқұрылысшы мамандығын оқып жатқан інісі бұған екі ел арасында cауда-саттықпен айналысуды ұсынады. Коммерция осылай басталған. Бірақ, өндірісі жоқ жабайы сауданың ерте ме, кеш пе тоқтайтындығы белгілі. Бизнесте біраз қаржы құрап алған аға мен іні ендігі жерде ауыл шаруашылығына инвестиция салуды қолай көреді. Арада бірталай уақыт өткенде өз туған әкесінің есімімен аталатын «Амангелді» серіктестігі облыстағы ең ірі агроөнеркәсіп корпорациясына айналады. Бұл іске тәуекелге баруының өзі қызық. 

Тоқырау заманы ғой. Шанақ ауылында мектеп директоры болып жұмыс жасайтын жақын ағасы, «мұғалімдердің айлығына деп 10 тонна бидай берді. Осыны ақшаға айналдырып берші» деп қолқа салады. Іскер жігіт бидайды алып ди­ірменге тартқызады. Дайын ұнды дү­кендерге сатып, мұғалімдердің ақ­шасын шығарады әрі өзіне де қаржы қа­лады. Адамға ең әуелі алтын-күміс емес, тамақ керек. Осы жағын бағамдаған Нұр­лан Қазығұртта астық қабылдау пун­к­тін, Монтайтас пен Шымкенттен бидай тар­татын диірмен салдырады.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елге ауыр тигені белгілі. Үлеске жер алғанымен техникасы жоқ халық сен­деліп қалған. Осы кезде Нұрлан Құ­ралов көпшілігінің басын қосып коопе­ратив құрады. Техникалар сатып ала­ды. Бүгінде Арыс қаласы, Сайрам, Са­рыағаш, Қазығұрт, Төле би және Ордабасы аудандарында корпорация иелігінде 30 мың гектардай жер бар.

2008 жылы 10 гектар жерге жүзім егіп көрді. Оған жұмсалған шығынның елу пайызын мемлекет көтергеннен кейін бауды ұлғайтудың мүмкіндігі туды. Техникаларды жаңалады.

– Кооперация туралы жаңа заң қабыл­дан­ды. Соған сәйкес жерi бар, бiрақ игере алмай жатқан шаруа қожалықтарының ба­сын бiрiктiру iсi әрi қарай да жалғасын таба бергені жақсы. Сондықтан да осы заңның мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, шаруаларды бiздiң компаниямен бiр­лесiп жұмыс iстеуге шақырдық, –дейдi Нұрлан. 

Алайда қиындықтар да жоқ емес. Көп­теген iрi шаруашылықтарды толған­ды­рып жүрген проблема аталған компания­ны да бiраз қиындыққа салып отыр. Ол – бi­лiктi агрономдардың жетiспеушiлiгi. Агро­құрылым басшысының айтуынша, жас кадрлар жоқтың қасы. Сондықтан аг­роном мамандығын игеруге ниетi бар жас­тарды компания өз қаражаты есе­бi­нен тегiн оқытуға дайын.

Серіктестік экономика саласын әр­та­­раптандыру бағытына көшкен. Агро­құрылым егiн егiп, бау өсiруден бөлек, мал шаруашылығын дамытуды да қолға алуда. Компанияның 400 басқа арналған мал бордақылау алаңы бар. Мың басқа шақталған тауарлы сүт фермасы жұмыс жасайды.
Жиын-терiм науқанында жиналған жемiс өнiмдерiн дер кезiнде өткiзбесе, кейiн сату қиынға соғады. Осыны ескерген агроқұрылым польшалық инвесторлармен бiрлесiп, жемiстерден джем, то­сап, шырын, концентрат шығаруды ой­­ластырып жатыр. Жобаға қажеттi қа­ра­жатты «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ал­мақ.

– Бiздiң өнiмдер – экологиялық жағы­нан таза. Астана қаласында жемiстердi ар­найы тексерген кезде құрамынан бiр­де-бiр нитрат қоспасын таппады. Жу­­ырда Қытайда iссапармен болдым. Қы­тай өнiмдерiн тұтынудың адам ден­сау­лығына пайдасы аздау екенiн бұ­рын­нан естiп жүрмiз ғой. Сол iссапарда ол жақ­та ауылшаруашылық өнiмдерi тек хи­миялық қоспалардың күшiмен өсi­рi­­летiнiне әбден көз жеткiздiм. Бiздiң өнiм­дер ұзақ тасымалға шыдамайды. Сол үшiн де экологиялық таза өнiм болып сана­лады. Бiзде химиялық преп­араттар тек арамшөптер мен өсiмдiк зи­­янкестерiмен күресу үшiн ғана қол­да­нылады. Еккен өнiмнiң жақсы жемiс бе­руi жерге байланысты екенiн ескерсек, «Амангелдi» шаруашылығына қарасты алқаптардың топырағын макро-микроэлементтермен үнемi байытып отырамыз, – дейдi Нұрлан Құралов.

Біз өткізу нарығын кеңейткіміз келе­ді. Барлық қазақстандық үшін ағзаға пай­далы табиғи тағамның қолжетімді бол­ған­ды қалаймыз. Жұрттың бәрі қазір гипермаркеттерден сауда жасайды. Біздің мақ­сат – жыл он екі ай тұтынушыға арзан ба­ғамен экологиялық таза өнім ұсыну. Ол үшін барлық жағдай жасалған, екі мың тонналық тоңазытқыштар баудың ба­сында орнатылды.

Бұрын бизнесті бастағанда жас ағаш көшеттерін шетелден, Түркия, Италия елдерінен іздеп әуреге түссек, қазіргі кезде тұқымды өзіміз өсіріп шығып, өзге әріптестерімізге бере аламыз. Суармалы жер­лерде бау-бақша баптау тиімді. Се­бебі Үкімет тамшылатып суару мен кө­шет­тер сатып алу сияқты қызмет ба­ғыт­тарына жұмсалған шығынның бір бөлігін өтеп береді. Қазіргі кезде жеміс мол. Жылына сан-алуан сұрыптағы  тонналаған жүзім мен алма өсіріп, Ресейдің де экспорт на­ры­ғын бағындырудамыз. Алатын өнім мөл­шері артып жатыр. Құдайға шүкір, «Атамекендегі» алқалы кеңестен соң, Ас­тана қаласындағы «Кең-mart» сау­да үйі­нің сөрелеріне төмен бағамен өнім­де­ріміз қойылып, тұтынушыларды қу­антуда. Бірнеше гипермаркетпен ке­лі­сімге келдік. Оларға жеміс жеткізіп беріп отырамыз. 

Бізде өнімді өткізудегі кедергілер көп. Қоймадан 100 теңгеге берген же­міс базар-дүкенге жеткенде 500 тең­ге­ге саудаланады. Жылыжайда өсетін қи­яр
бағасының сауда нүктелерінде мың теңгеден асып кететінін көріп, қат­ты таң қал­дым. Әрине, халықтың на­ра­зылығы осын­дайдан туады. Өзің кө­лік­ке тиеп бар­саң, әдейі шет жағынан ха­лық бар­май­тын елеусіз орын ұсынып, сау­даң жүрмейтіндей етеді. Заңнамалық тұр­ғыда жағдайды түбегейлі өзгертпесе, жақ­сылыққа апармайды. Мұндайда мем­лекеттен қатал шара қолданылуы керек. Шөп басын сындырмай диқан еңбегін қа­нау арқылы халықтың қалтасына түсіп отыр­ған делдалдарды жөнге салатындай заң талаптары жұмыс жасаса дейміз.

Серіктестік басшысы осылай деген. Бү­гінде «Амангелді» серіктестігінің бау-бақша өнімдері Ресейге экспортта­лып жатыр. Бидайдан тартқан ұнын Ауғанстан сияқты мемлекеттер өздері келіп алып кетеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы