
Фото: ашық дереккөз
Депутаттың айтуынша, ел аумағында бүгінгі күнге дейін 1981 жылы сериялық өндірісі тоқтатылған кеңестік Як-40 жолаушылар ұшағы әлі де пайдаланылып келеді. Бүгінде бұл әуе кемелері берісі 44, әрісі 55 жыл жұмыс істеп келеді.
Қырықбаев атап өткендей, 1980 жылдардың соңында бұл қозғалтқыштардың өндірісі тоқтатылған.
«Як-40 ұшақтары Халықаралық азаматтық авиация ұйымының қазіргі заманғы шу мен шығарындыларға қойылатын талаптарына сәйкес келмейді. Мұндай ұшақтарды пайдалану Еуропалық Одақ аумағында 2002 жылдың 1 сәуірінен бастап тыйым салынған. Алайда елімізде қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін Як-40 әуе кемелері санитарлық авиацияда, яғни пациенттерді тасымалдап жүр, бұл адам өміріне қауіп төндіреді емес пе?» деді депутат.
Халық қалаулысы Үкіметтен бірқатар нақты шара қабылдауды сұрады. Атап айтқанда, ол Як-40 ұшақтарын ел аумағында пайдалануды тоқтату, оларды кезең-кезеңімен шығарудың нақты кестесін ұсыну және халықаралық стандарттарға сай жаңа әуе кемелерін сатып алу бағдарламасын әзірлеу қажеттігін айтты.