
Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен келіссөздерде Қырғызстан Президенті бұл сапардың ерекше маңызды екенін айта келіп, «қырғыз бен өзбек халқы осы сапарды 20 жылдан астам уақыт күтті. Жаңа дәуірді бастайтын бұл сапар көптеген мәселелерді шешеді, енді екі елдің арасында жаңа кезең басталды» деп атап өтті. Алмазбек Атамбаев ежелден көрші қырғыз бен өзбек халықтарының болашағына бағытталған осынау сөздерді жайдан-жай айтып отырған жоқ. Екі мемлекеттің тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихын қаузайтын болсақ, елдер арасында аса өткір әрі күрделі мәселелердің орын алғанына куә боламыз.
Рас, егемендігін жариялаған өзге республикалар сияқты Қырғызстан мен Өзбекстан арасында саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талданып, оларды үкіметаралық комиссия жан-жақты қарастырды. Сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда негізгі айқындаушы рөлді шекара маңындағы сауда атқарды. Оның ішінде өзекті мәселелер ретінде энергетика, шекара және көші-қон жайы танылды. Өйткені, мемлекеттер үшін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралардағы сауда қатынасын реттеу ерекше маңызды еді. Бұл этносаралық шиеленісті бәсеңдетуге ықпал ететін мәселенің бірі болатын. Оның үстіне, сол жылдары Ферғана атырабында ұлтаралық кикілжің ушығып тұрған.
Бішкек кездесуінде Өзбекстан басшысы Ш.Мирзиёев «шекарамызды достық шекарасына айналдыруымыз керек» дегенінде үлкен мән жатыр. Екі елдің арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 1400 шақырымды құрайды. Оның 230 шақырымға жуығы даулы саналады. Дәлірек айтқанда, осы 230 шақырымдық шекара сызығы өтетін жер әлі күнге дейін құқықтық негізде реттелмеген. Мұның салдары бауырлас өзбек пен қырғыз халықтарына қиындау тиіп отыр. Себебі, даулы деп аталған шекаралық учаскелерге жақын тұратын екі жақтағы тұрғындардың бір-біріне қатынауына мүмкіндіктері жоқ, ары-бері өтуге тыйым салынған. Кейбір деректер бойынша, Қырғызстанның Өзбекстанмен шекаралас аудандарында 1 миллионға жуық адам тұрады. Ал Қырғызстан халқының 14 пайызы этностық өзбектер екен.
Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, осыдан үш аптадай бұрын Қырғызстан мен Өзбекстан үкіметтерінің басшылары кездесіп, екі ел арасындағы шекараның 80 пайызынан астамына қатысты уағдаластыққа қол жеткізілген. Кешегі күнгі деректерге қарағанда, президенттердің кездесуі барысында қырғыз-өзбек мемлекеттік шекараларының 80 пайыздан асатын бөлігін демаркациялау туралы пактіге қол қойылған. Міне, бұл шекара мәселесін түпкілікті реттеуге жасалған қадам деп бағалаған жөн шығар. Өйткені, екі мемлекет арасындағы келіспеушілік, негізінен, осы шекара мәселесінен туындайтын.
Шекаралас жатқан елдер арасында шекараға байланысты проблемалардың өз уақытында шешілмеуі, кейде қарулы қақтығыстарға соқтыратыны бар. Қайғы мен қасіретке душар ететін қиын жағдайларды болдырмаудың, оның алдын алудың бірден-бір жолы – мәселені өзара түсіністік және дипломатиялық жолмен шешу. Еліміз өзімен шекаралас мемлекеттер – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен арадағы мемлекеттік шекарасын айқындап, тиісті халықаралық құжаттар негізінде заңдастырып алды.Бұған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қадағалауының нәтижесінде қол жеткізілді. Халқымыздың ғасырлар бойы жерінің тұтастығын қамтамасыз ету жолындағы арманы бейбіт жолмен, дипломатиялық жолмен жүзеге асты. Осыған байланысты Президент: «Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған шекарасын белгіледі», – деп атап өткен еді.
Қырғыз еліне Өзбекстан басшысы бұған дейін 2000 жылы сапармен барған екен. Аралықта екі ел президенттерінің жиындар кезінде өзара кездесіп, белгілі бір мәселелерді талқылағанын жоққа шығара алмаймыз. Екіжақты ынтымақтастықты жақсартуға үкіметаралық комиссия да өзіндік рөл атқарып келді. Негізінен ол сауда-экономикалық салаларды қамтыды. Ал қырғыз-өзбек қатынастарында күн тәртібінде тұрған проблемалық сипаттағы мәселелер де аз емес еді. Олардың ішінде жоғарыда аталған мемлекеттік шекараны делимитациялау үдерісінің аяқталмай қалуы, өзбекстандықтар тарапынан қойылған мина алаңдарының болуы, Нарын-Сырдария өзені бассейнінің су-энергетикалық қорларын пайдаланудың реттелмеуі, Қырғызстан аумағында орналасқан және Өзбекстанның шаруашылық жүргізушісі субъектілерімен пайдаланылатын су шаруашылығы нысандары бар еді. Осы проблемалар түрлі жағдайларға байланысты кезінде шешілмей қалды.
Қордаланған проблемалардың шешілмей, ұзаққа созылуына билік тарапынан жасалған түрлі мәлімдемелер де кері әсер еткенін айтуымыз керек. Мысалы, 2010 жылғы сәуірде Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Қырғызстанның мемлекеттік шекарасы учаскесіндегі өткізу бекеттерінде адамдар мен автокөлік құралдарының өтуіне уақытша шектеулер енгізгенін ресми түрде мәлімдеді. Сонымен бірге, Өзбекстан тарапы шекараны ашу жөніндегі шешім Қырғызстанның болашақтағы жағдайына байланысты болады деген ақпарат таратты. Бұған қоса, Өзбекстан билігі қырғыз-өзбек шекарасы арқылы өтетін әуе рейстеріне қойылатын шарттарды да күшейтті.
Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы келіспеушілік мұнай-газ кен орындарына меншік ету мәселесінде де өзекті болып отыр. Мысалы, 2011 жылы Қырғызстан парламенті «Солтүстік Сох» және «Чонгар-Галча» газ қоймаларын бақылауды Қырғызстанға беруді талап ететін қаулы жобасын мақұлдады. Бұған өзбекстандық тарап келісе қоймады. Мемлекеттер арасында даулы мәселелер Қамбарата су электр стансасы төңірегінде де кездеседі. Осындай және басқа да жағдайлар екі елдің сауда-экономикалық байланыстарына айтарлықтай салқынын тигізіп келді. Мәселен, 2014 жылы екіжақты сауда айналымының көлемі 101,7 миллион долларды құраса, одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш едәуір төмендеген еді.
Енді міне, Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиёевтің Бішкекке сапары екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа қазірдің өзінде тың серпін әкеліп отыр. Бұған осы сапар барысында қол қойылған құжаттар, соның ішінде әсіресе Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау мен демаркациялау туралы келісім айғақ. Шекарасы халықаралық құжаттар негізінде заңдастырылған ел-жұрттың еңсесі биік, ұйқысы тыныш болып, өзара байланыстары да жандана бермек. Біз қазір осыны байқап отымыз.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»