
Тойға дейінгі әңгіме:
– Еркежан бауырың табан астында үйленемін деп қиғылықты салып жатыр.
– Оу, қайта қуанбайсыз ба?!. Ұзағынан болсын қуанышыңыз.
– Қарсы емеспіз ғой үйленгеніне. Бірақ бір шетінен қаражаттың жоқтығы қинап, екінші жағынан той өткізетін мейрамхана табудың өзі қиямет екен ғой Астанада. Осыны ақылдасайын деп келдім өзіңмен.
– Астанада аттап бассаң мейрамхана емес пе? Соны да сөз етіп...
– Сол қаптаған мейрамханаларыңның көбі тамыз айының сенбі күндерінде бос болмай тұрған жоқ па?
Иә, ағамыздың сөзінің жаны бар. Тамыз – той-думан айы. Жұрттың көбі жадыраған жаз айларында той жасағанды жөн көреді. Сол себепті ерте бастан қамданатыны анық. Тіпті мейрамхананың төлемін алдын-ала жүз пайыз төлеп қоюға да кейбір ата-ана пейілді. Өйткені қуаныштарын жақсы мейрамханада дүркіретіп өткізгенді қош көреді емес пе? Бұл кез келген отбасына тән жағдай.
Не керек, ағамыз табанынан таусылып жүріп той өткізетін мейрамхананы да тапты-ау. Несие алып, 250 адамға әр орын үшін орта есеппен 10 мың теңгеден 2,5 миллион теңгесін алдын ала төлеп те тастады. Онымен де тыныш тапқан жоқ, сырға салу мен құдалыққа, беташарға керек-жарақтарын іздеп, Алматы барды, Бішкек барды. Оған біраз шашылды. Алғашқы үлкен тойы болған соң аянып қалған жоқ, тапқан-таянғанының барлығын осы қызық-қуанышы үшін төкті.
Тойдан кейінгі әңгіме:
– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас екен-ау. Алты ай бойы алашапқын болып, ұйқы-күлкі көрмей дайындалған тойымыз әп-сәтте, төрт-бес сағаттың ішінде өте шықты ғой.
– Иә, күні бұрын тиянақты әзірленгендіктен болар, той жақсы өтті.
– Балалардың бақыты үшін жасап жатырмыз ғой бәрін.
Той өтер-өтпес ағамыз тағы да бір хабарласып, жастарды бөлек шығармақ болып жатқанын айтты. Өздерінің қалауы осы болса, ешкім қарсы келе қоймас. «Екеуі бірдей жұмыс істейді, тапқан табыстары жалдық пәтер мен күнкөрісіне жететін шығар. Біз де қарап қалмаспыз, көмектесеміз ғой», деді ағамыз. «Е-е, жөн екен» дедік.
Үш айдан кейінгі әңгіме:
– Той үстінде айтылған ақ тілектердің бәрі әдіре қалды ғой... Ай сайын бала-шағаның аузынан жырып төлейтін 120 мың теңге несие де қалтамызды қағып барады.
– Не болды, ағасы?
– Ана Еркежан мен келін ажырасамыз деп жатыр.
– Неге? Себеп?
– Мінездеріміз жараспайды, кішкентайымыз болмай тұрғанда ажырасқанымыз дұрыс деп шешіпті.
– ?!.
Соңғы уақытта жас отбасылардың үйленбей жатып ажырасуы жиілеп бара жатқандай. Әсіресе қалалық жас жұптар некесінің бұзылуы көп. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2017 жылдың қаңтар айы мен тамызы аралығында республика бойынша 76 мыңға жуық жұп шаңырақ көтерген. Некеге тұру бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы алда. Бұл өңірде осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында 11279 жас шаңырақ тіркелсе, онан кейінгі көрсеткіш Алматы қаласы мен облысына және Астана қаласына тиесілі.
Ал қарастырып отырған аралықта 31 500 отбасы ажырасқан. Бұл көп, әрине. Ажырасқандардың көбі Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында. Тіпті тойлары өтер-өтпес, қуаныштары басылар-басылмас уақытта жас жұбайлардың некесі бұзылуы ойландырмай қоймайды. Сонда ажырасулардың көп болуының түптөркіні неде? Отбасылық өмірге дайын болмағаны ма? Әлде, бірін-бірі толық тани білмегені ме? Жоқ әлде басқадай себеп-салдары бар ма? Көбінің айтатыны: «Мінезіміз үйлеспеді,сәйкес келмеді». Сонда олар отбасын құрар алдында бір-бірін «барынша зерттеп» алуға болмас па еді? Әбден танып-біліп болған соң ғана шаңырақ көтеруге бел байласа қайтер еді?
«Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді атам қазақ. Өмірден алынған қағида. Бірақ қазір үйлену де оңай емес. Жастар үшін түк емес шығар, бірақ ата-ана үшін өте қиын. Басқасын айтпағанда, той жасаймын деп көптеген ата-ана қарызға белшесінен батады. Ал жастар «Ағаттық жібердік-ау» деп қысылуды да білмейді, есесіне әке-шешесінің ағайынға қарауға беті болмай, ұяттан өртеніп, қордаланған берешектерін қайтару .үшін күндіз-түні бел жазбай жұмыс жасауына тура келеді. Балаларының көрсеткен «рахаты» осындай.
Ойланғандарыңыз жөн, жас жұбайлар! Отбасылық өмірге жүрдім-бардым, селсоқ қарауға әсте болмайды. Отан отбасыдан құралады. Соны ұмытпайық.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»