Әдебиет • 30 Қаңтар, 2018

Ата сазанның хикаясы. Белгілі этнограф-ғалым Жәрдем Кейкиннің ашылмаған бір қыры хақында

50 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«...Ата сазанның төзімі таусылды. Ноқат жоғарыдан жақындай бергенде құйрығымен суды осып-осып жіберіп, жемді жарыса аңды­ған шортанның бетіне шашты да, ноқатты қауып үлгерді. Аузына түскен жемді тамсанып еді, қармақ ұшы шықшытына қадалды. Жан­таласа тағы бір жұлқынғанда тегеурінді күш жоғары қарай сүйрей  жөнелді. Аласұрып жіп бауын арқа қанатымен ысқылап, қимақ еді, үлгермеді. Суда қан-жоса із тастап, мұз үк­ісінен суырылды. Қайда барса да қыр соңы­нан қалмаған қара сирақтың сұлбасын көріп, шошына бұлқынды. Темір істік тынысын одан әрі тарылтып, тұншықты, аузы қанға толып, көзі бозқырауланды. Жандәрмен күйде жанын­дағы үкіге ұмтылмақ еді, сал денесі көте­ртпеді. Басын мұзға ұрды, құйрығымен мұз­ды сабалады. Ұрды, ұрды да сұлқ жатты. Денесі сіресіп, тоңази берді...». 

Ата сазанның хикаясы. Белгілі этнограф-ғалым Жәрдем Кейкиннің ашылмаған бір қыры хақында

Табиғатқа әманда әмірін жүргізіп үйрен­ген Адам-Ата мен су асты тіршілігінің  иесі – өз үйі­рінің ғана әміршісі атанған Ата сазан арасындағы ақтық  айқас...  Бейнелі түр­де баяндалған оқиғаны бей-жай отырып оқу мүмкін емес. Өйткені әңгіменің желі­сі су астындағы алуан-алуан адам сенбес сыр­лы тіршілік иелері жайында. Қазақ әде­бие­тінде бұрын-соңды су астындағы тір­шілік хақында көркем шығарма  болған да шығар, мен білмеймін, бірақ, «Ата сазан хикаясы» әңгімесін оқи отырып, ғаламдық апаттың мезгіл санап жеделдеуіне тек қана саналы индивидтің  – Адам  баласының себеп­ші екенін тағы бір үрейлене отырып мойындайсың. Адам-Ата ұрпағының  ашкөздігі мен аяусыз­дығына күйінішпен өкініп, тұңғиық ойдың құшағына енесің. Аумақты арнасын ақ көбікке толтыра соққылап, ұлы теңіз­ге еміне асыққан адуынды өзеннің саға­сына табаны дірілдеп ауыр техника кел­гелі су астындағы тіршіліктен маза кеткен. Мөлдіреп жатқан айнадай өзен сағасы қоқыс­қа толды, ластанып, төңірек шулы дабырға ай­нал­ды. Су асты әлемінің мамыражай ты­ныш­тығы бір сәтте бұзылды. Тұңғиық-те­реңнің адам атаулыға беймәлім сырларын сон­дайлық тәптіштеп баяндаған қаламгердің көре­гендігіне таңданбай қоймайсың. Оқиға же­лісінің қалай аяқталғанын немен тынғанын жо­ғарыдағы жолдардан танисыз...

Әңгіменің авторы есімі елге танымал  қоғам қайраткері – Жәрдем Салих­ұлы Кейкин. Белгілі этнограф ғалымның  «мұн­дай да өнері бар ма еді» деген таңданушы қа­уымның болары хақ. Өйткені тәуелсіздік жыл­дарының аясында «Қазақы  атаулар мен бай­ламдар» атты этнографиялық, «Ойлар, ойлар», «Ой иірімі» адами  танымдық-фи­лософиялық па­йым жасаған, өзге де ал­уан сырлы кітаптарымен белгілі болған қа­лам­­гердің негізінен қаузап жазып жүрген шы­ғар­машылық тақырыптары көзіқарақты оқыр­манға жақсы таныс. Хал­қымыздың көне сөздері мен атауларын жан­дандырғанын  былай қойғанда Жәрдем Кейкин әр жылдар бедерінде «Қазақтың 6666 мақалы мен мәтелі», «Қазақтың 7777 мақалы мен мәтелі» жинақтарын жариялаған, ал 2012 жылы осынау поэтикалық жанрдағы халықтың рухани қазынасын «Қазақ мақал-мәтелдерінің Алтын кітабымен (8675 мақал-мәтел)»  жинақтап-түйіндеген көрнекті ғалым. 

Бұқаралық ақпарат құралдарына үне­мі үн қатып, мезгіл-мезгіл  танымдық-фило­софиялық мақалалар жариялағаны – белгілі қаламгердің  ізденімпаздығы мен ерекше еңбекқорлығын көрсетсе керек. Дәл осы арада өзінің сүйікті басылымы «Еге­мен Қазақстан» газетімен Жәрдем Салих­ұлы­ның шығармашылық достастығы 90- жыл­дардың  орта тұсынан басталғанын да атап өту абзал. Жоғарыда аталған этнографиялық, та­ным­дық-философиялық дүниелерінің дені, кейін жинақтарға енген, алдымен осынау аға басылымда жарық көрген. «Адам межелі ғұмырында қоян жымындай бұралаң, кедірлі-бұдырлы соқпақ, табан тірелмес тайғақ, биік асулы, терең өткелді, сондай-ақ тақтайдай даңғыл, әйтеуір, қилы-қилы жолдардың талайынан өтеді.  Адамның салыстырмалы түрде ұзақ жасаған ғұмыры көп сатылы...»  деп ой түйіндеген  абыз ақсақалдың  «Қарттық және қарт» («Егемен Қазақстан», 2010 жыл) атты мақаласы газет оқырмандары тарапынан айрықша бағаланып, көпшілікке қызу да қызықты ой-қозғау салғаны да ұмытылмақ емес. Сонда қорытынды сөзін «Сәнімен қартаю, әдемі қартаю – абырой» деп түйіндеген еді ақылман ақсақал.

Ғылымда қазақтың ұлттық сөздік қорының уақыт көшіне ілесіп құбылып тұруы лексико-семантикалық құбылыс екенін айғақтап берген де Жәрдем Кейкин екенін  көпшіліктің  біле бермеуі мүмкін. Өйткені жанының тазалығы мен қарапайымдылығын өзінің бойынан биік ұстаған әзіз жанды азамат ерте ме, кеш пе айтқандарына оқырманын ұйытатынына бек сенімді еді. Тіпті көз жанарының сондайлық әлсіреген тұсында қаламгердің қажымай микроскоптық көзәйнекпен  жұмыс істегенін көргендер бар... Абыз ақсақал – өзі жоғарыда айтқан  «Қарттық туралы» қағиданың бірден-бір дәлелдеушісіндей болып өмірден өтті.  

Саналы ғұмы­рының қарттық кезеңінде болашақ ұрпақ­тың рухани құндылықтары үшін тер төгіп, төпелете кітап жазған қаламгер ұлт­тың әдебиет пен өнердегі көмескіленген мұра­ларын жинап, жіпке тізгендей етіп түген­деп, зиялы қазақылықтың шынайы үлгі­сін көрсете білді. Бұл орайда дәл солай деп айту ғана ақиқатқа жарасары хақ. Жәр­дем аға еңбек жолын кәдімгі аудандық газеттен – журналистикадан бастаған, кейін  қауіпсіздік комитетінің офицері атанды, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң бейбіт өмірде облыс көлемінде (Атырау, Маңғыстау) ел басқарды, шаруашылық құрды, ғылым жолын  қуды. Бейнетіне қарай КСРО-дағы ең мәртебелі одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер атанды. Тәрбиелі ұрпақ өсірді. Өмірден көргені мен түйгенін қағаз бетіне түсіруге асыққан сезімтал жанның өмірінің қай кезеңде де қолынан қаламының түспегенін аңғарамыз.

Бойын тіктеп, малдас құрып отырса шын­та­ғы тірелетін кітаптар жинағын Жәрдем аға­­мыз соңғы он бес жылдың ішінде ғана жа­зып шыққан екен. Солардың ішінде  біз­дің әңгімемізді бастауға ілік-себеп болған  «Тағ­дырлар тағылымы» («Қайнар» баспасы, Алматы, 2010 жыл) атты әңгімелер жинағы бір төбе. Этнограф-ғалымның көркем әдебиеттегі көсіле қалам тербеуі оқырманын бей-жай қал­дыра алмайды. Жайықтың Каспийге құйы­лар сағасында туып-өскен азаматтың бір ғана «Ата сазан хикаясын» қалайша қа­зақ әдебиетіндегі айрықша құбылыс немесе жаңалық демеске?! Экологиялық үйле­сімсіздікті көркем тілмен өрнектеген жазушы айрықша байқампаздықпен  адамдарға «Өзіңіз өмір сүрген, қоршаған ортаны аялаңыздар!» деп ибалықпен ескертеді, кейде мазасыздана дабыл қағады. Аталған шығарманың өміршеңдігі де қаламгердің осындай берік  ұстанымында болса керек. Осы орайда «Алдар көсе» мен «Ер Төстікті» қайта-қайта жандандырып балауса көрерменнің көзін алдаған  отандық аниматор-шеберлерімізге құлаққағыс ете кетудің де оңтайлы сәті туған секілді. Керек десеңіз, «Ата сазанның хикаясы» бүгінгі қазақ мультипликациялық фильміне дап-дайын тұрған шикізат.

Жазушының өзге де мінсіз әңгімелері ара­сынан біз ерекше, бөлектеп сөз  етіп отыр­ған «Ата сазанның хикаясы»  –  кәдімгі су астындағы өмір. Кәдімгі су астындағы – өзі­міздің өзен-көлдеріміз бен телегей теңізіміздің астындағы мақұлықтар –  «қазақша ойлайтын һәм қазақша сөйлейтін» балықтар өмірі туралы хикая. Олардың өз көсемдері, өз үйірі бар. Қастасы да, достасы да қасында. Жазушы  қиялындағы Ата сазанның ғұмырын зерделей отырып, ел басына күн туғанда бір тайпа елін сыртқы жаудан қорғалақтап қыр асып көшкен  қаймана  қазақтың  келбетін көргендей күй кешесің. Тек бәрі де су астындағы өмір, су астындағы көш, су астындағы тартыс, қайшылықтар!..  Ол нанымды да көркем шұрайлы тілмен суреттеледі.

Танымал этнограф-ғалым Жәрдем Кей­кин кітаптарының қай-қайсы да ең алдымен  қазақ оқырманы үшін, жалпы қазақ қоға­мы үшін тәлімі зор, тәрбиесі мол рухани қазы­на саналып келетіні даусыз. Осы орайда қалам­гердің  көркем әдебиеттегі қолтаңбасы, оның ішінде тек бір ғана «Ата сазанның хикаясы» әдебиет зерттеушілері үшін игерілмеген тың дүние деген ойда қалып отырғанымызды және де жасырып қалмақ емеспіз...

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ