Медицина • 23 Ақпан, 2018

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру: телемедицина қызметін қайта қарау қажет

572 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Телемедицина денсаулық сақтау саласындағы цифрлы бағыттардың бірі болып табылады. Бұл – меди­ци­на­лық ақпаратты қашықтан беру немесе «дәрігер-пациент», «дәрі­гер-дәрігер» консультация­ларын өткізуді оңтайландыру және өңірлік деңгейде денсаулық сақтау саласы үшін қолжетімді көмек беру мүм­кін­діктерін ашады. 

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру: телемедицина қызметін қайта қарау қажет

Бүкіл әлем­де теле­медициналық қыз­мет­тер бел­сенді түрде 80-90 жыл­дары енгі­зі­ліп, жақсы нәти­желерін көр­сет­кен. Қазіргі таңда, цифрландыру дәуі­рінде телемедицина медицина сала­сында ескірген технологияларға жа­та­ды. Осыған қарамастан, мыса­лы АҚШ-та, клиникалардың 30 %-нан астамы қашықтан берілетін консультациялар жүйесін пайдаланса, дәрігерлердің 50 %-нан астамы «дәрігер-дәрігер» форматында теле­медициналық консультациялар­ды күн сайын пайдаланады екен. Бұл елдерде телемедицинаны пай­да­лану­дың заңнамамен реттеле­тіні де аса маңызды. АҚШ-та эле­ктрон­дық денсаулық сақтау сала­сы­ның бір бөлігі ретінде телемедици­на сала­сын­­дағы нормативтік акті­лер­дің қа­б­ыл­данғанына 10 жылдан ас­там уа­қыт өтті, ал Ресейде заң осы жыл­­дың 1 қаңтарынан бастап күші­не енді.

Қазақстанда телемедицина 2004 жылдан бастап «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласындағы мобильді және телемедицинаны да­мыту» жобасы аясында дамыды. Теле­медицина орталықтары саны­ның өсу динамикасы мынадай: егер 2004 жылы 14 телемедицина орталығы болса, қазіргі уақытта олардың саны 204-ке жетті, олардың ішінде: 145-сі аудандық ауруханаларда, 37-сі облыстық және қалалық ауруханаларда; 25-сі республикалық ғылыми-зерттеу орталықтарында орналасқан. 

Елді мекендердің едәуір ал­шақ орналасуын және жоғары ма­­­ман­­­дандырылған кадрлардың тап­­­шы­лығын ескерсек, іс жүзінде теле­медицина Қазақстан үшін өте қажет, әрі өзекті. Телемедицинаның дәрігерлер үшін қандай жағдайларда, қаншалықты қажет екенін айтып өткім келеді. Біріншіден, шалғайда орналасқан ауруханаларда кейбір қиын, шұғыл, ауыр операциялар кезінде аудандық бөлімшелердегі дәрігерлердің білімі мен біліктілігі жете бермейді. Осындай жағдайда оларға әлдеқайда біліктілігі жоға­ры әріптестерінің көмегі өте қажет. Сондықтан бұл әдіс орталықтағы жоғары дәрежелі хирургтердің, медицина профессорларының телемедицина арқылы сол операциялар­ға қатысуына мүмкіндік беріп, сәт­ті аяқталуына септігін тигізер еді. Екіншіден, білікті мамандар реа­нимация бөліміндегі ауыр халде жатқан науқастарға өз кеңесін бе­ріп, дәрігерлердің консилиуміне қа­ты­сып, ем жолдарын нақтылап көр­сете алады. Үшіншіден, телеме­дицинаны пайдалана отырып, бі­лік­тілігі жоғары хирургтер іс жү­зін­де студенттер мен жас ор­ди­на­торларға қиын операциялардың қалай өтетінін көрсетіп, барынша олардың тәжірибесі мен кәсіби шеберлігін арттыруға өз үлестерін қосатыны сөзсіз.

Өкінішке қарай, елімізде мұндай мүмкіншіліктер жоқ, сондықтан хирургия мен реанимация бойын­ша бірде-бір консультация өт­кізілмеген.
Себебі біздің телемедициналық құрылғылар ауруханалардың кіші­гірім бөлмелерінде орналасқан, әрі қарай операция мен реанимация бөлімдеріне жеткізілмеген. Ал Американың тәжірибесін қа­рай­тын болсақ, цифрлы медицинаны дамы­тудың нәтижесінде теле­ме­ди­цинаның көмегімен консультация берілетін операциялардың 90 %-ы сәтті аяқталады екен. 

Бізде көп жағдайда телемедицина ауру тарихының, ЭКГ, УЗИ, рентген деректерінің қағаздағы үзінді көшірмелерін электронды түрге көшіруді және оларды респуб­ликалық орталықтарға жіберу­ді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ те­ле­ме­дицина бейнеселекторлық кеңестер, республикалық штабтар, үй­лестіру кеңестерін, телелек­ция­лар, оқыту семинарларын өткізу үшін пайдаланылады. 2017 жылы Денсаулық сақтау министрлігі өңір­лермен 421 бейне-конференц байланыс сеансын өткізгенін хабарлайды. Мұндай конференциялар мен бейнеселекторлық кеңестерді қымбат телемедицина арқылы емес арзан, қарапайым онлайн ре­жі­мін­де немесе скайп арқылы өт­кізуге болар еді. Сондықтан біз теле­­ме­ди­цинаны енгізу кезіндегі қан­­ш­ама қар­жы бөлінсе де алды­мыз­ға қойған мақ­­саттарға қол жет­кізе ал­мадық. Ден­­саулық сақтау ми­нистр­­лігінің дерек­тері бойынша, жұмыс істегелі бері ша­мамен 3 млрд теңге (2 849 159 102 теңге) со­ма­ға 188 298 теле­меди­ци­на­лық жә­не бейне-консультация­лар ұсы­ныл­ған. Қаржыландыру респуб­лика­лық бюджет есебінен ғана емес, жергілікті бюджет есебінен де жү­зеге асырылған. Мәселен 204 қон­дыр­ғының 22-сі жергілікті бюд­жет қаражаты есебінен іске қосылған. 

Сондықтан қолданыстағы телемедицина қызметі бағдарламасын оның нысаналы мақсатын ескеріп, қазіргі заманғы технология­лар­ға сәйкес қайта қараған жөн деп есептейміз.

Зәуреш АМАНЖОЛОВА,
Мәжіліс депутаты