Әлем біріншілігінің соңғы тур ойындары алдында Польша құрамасынан басқа барлық командалардың Жоғары топқа шығуына мүмкіндіктері бар еді. Ал қазақстандық хоккейшілер Польшаны жеңгеннен соң ТОП дивизионға өту-өтпеуі айдын иелері Венгрия-Ұлыбритания және Словения-Италия құрамаларының ойындарына байланысты болды. Өйткені жарыс қожайындары британиялықтарды жеңетін болса, екінші ойынның нәтижесіне қарамай Қазақстан мен Венгрия құрамаларының ұпайы бірдей болып, отандастарымыз алғашқы ойында Венгрияны жеңгені ескеріліп, топта бірінші орынмен әлем чемпионатының Жоғары тобына жолдама алуға мүмкіндігі бар болатын. Ал егер Италия құрамасы Словенияны жеңетін болса, Қазақстанмен ұпайы теңесіп, жеке кездесу бойынша отандастарымызды жеңген италиялықтар бірінші орынмен, қазақстандықтар екінші орынмен келесі топқа өтетін еді. Тіпті Словения мен Италия негізгі уақытты тең аяқтағанда, біз үшін ең ұтымды нәтиже сол болатын. Өкінішке қарай венгриялық хоккейшілер де Ұлыбританиямен негізі уақытта 2:2 есебімен тең ойнап, ойын соңындағы буллит сериясында жеңіліп қалды. Италия құрамасы болса словениялықтардан 4:3 есебімен басым түсті. Ұлыбритания мен Италия құрамалары ТОП дивизионға жолдама алды.
Чемпионат қорытындысы бойынша үш жеңіс, екі жеңілісі бар Қазақстан құрамасының хоккейшілері тоғыз ұпаймен үшінші орында қалып қойып, келесі жылы да І дивизионның «А» тобында ойнайтын болды. Бірінші орынды 11 ұпайы бар Ұлыбритания құрамасы еншіледі. Ал топта ең соңғы орын алған Польша құрамасы «В» тобының І дивизионына сырғыды.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»