
Миссия жетекшісі М.Хортонның айтуынша, бүгінгі күні Қазақстан экономикасында өсім байқалады. Биылғы жылға жасалған болжам бойынша экономикалық өсім 4 пайыз шамасында болмақ.
– Алайда аталған көрсеткіш одан да жоғары болуы әбден мүмкін. Шамамен − 4,5 пайыз. Ал мемлекеттік органдар жасаған болжам біз көрсеткен межеден жоғары болып отыр. Оған басты себеп, елдегі жүргізіліп отырған реформалардың сәтті іске асуы, экономиканы әртараптандырудың жолға қойылуы деп бағамдаймыз. Бұған қоса, екінші деңгейлі банктердің тұрақтылығы мен әлеуетінің жоғары болуы, экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі, – деді М.Хортон. Миссия жетекшісі жасаған болжамына сәйкес, алдағы 4 жылда елдегі ІЖӨ 5,5 пайызды құрауы ықтимал. Ол үшін мемлекет басшылығы мен Ұлттық банк құрылымдық реформалардың жүйелі іске асуын назарға алуы тиіс.
– 2000-2007 жылдары мұнай ресурстары көптеп ашылып, Астанаға тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай артып, мемлекеттік инвестицияның қарқын алып тұрған шағында елдегі ІЖӨ үлесі 7,5 пайызды құраған еді. Бұл көрсеткішке қайта қол жеткізу үшін жоспарлы түрде жұмыс жүргізу қажет деп есептеймін, – деді миссия жетекшісі.
Оның айтуынша, өсімнің артуына салық саласындағы реформалардың да оң ықпалы бар. Халықаралық валюта қоры жалақысы төмен азаматтардың кіріс салығын төмендету сияқты шараларды қолдайтындығын білдірді. Алайда жоғары жалақы алатындардың прогрессивті межесін көтеру арқылы жеңілдік шараларына кеткен қаражатты ақтап алуға болатынын айтады. Ал білім мен денсаулық саласында адам басына қарай қаржыландыру тетігін енгізудің нәтижесінде бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге мүмкіндік бар.
– Ұлттық банк өз жұмысын ойдағыдай атқарып келеді. Инфляцияның деңгейі 6 пайыздың айналасында. Аталған көрсеткішті төмендету мақсатында тиісті шаралар атқарылуда. Теңге бағамы да айтарлықтай өзгерген жоқ. Оған көп жағдайда мұнай бағасы мен рубльдің бағамы әсер етіп отыр. Геосаяси факторлардың ықпалы да бар. Жалпы, бүгінде елде экономикалық өсім байқалады. Енді Ұлттық банк пен мемлекеттік органдарға экономиканы қаржыландыруды азайту қажет деп санаймын. Бизнес бірінші орынға шығуы тиіс. Оған тағы бір-екі жыл керек екені анық. Меніңше, елдегі қолға алған бастамалар соңына дейін сәтті жүзеге асатын болса, экономикалық өсімнің көрсеткіші артады, – деді Халықаралық валюта қоры Қазақстандағы миссиясының басшысы.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»