
Қымбатты отандастар!
Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді шын ықыласымен бүкілхалықтық мереке – Астана күнімен құттықтайды!
Бұл – Тәуелсіздігіміздің тарихында ерекше орны бар мереке.
Өйткені Астана күні – жас мемлекетіміз дамудың өзгеше жолымен жүруі үшін ордасын ел орталығына көшіру туралы тарихи шешім қабылданған күнді бейнелейді.
Астана – елдің іргесі берік болуын мақсат етіп, аса маңызды стратегиялық қадам жасаған Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігін көрсететін жоба.
Елбасының бастамасын қолдап, Сарыарқа төсіне келген барша адам, Қазақстанды мекен еткен бүкіл халық бұл жобаның бірегей табыстарына күн сайын куә болуда. Жаңа мәртебеге ие болғалы өткен 20 жыл ішінде Астана даму қарқыны мен ерекше сәулетінің арқасында ғасыр ғажаптарының қатарында аталатын дәрежеге жетті. Ол ірі саяси шешімдер қабылданатын, ғылыми жаңалықтар жасалып, мәдени іс-шаралар өткізілетін танымал орталыққа айналды.
Астана мен ел бірлігі, достық пен қоғамдық келісім ұғымдары – бір жүретін қасиетті ұғымдар. Қазақстандықтарды ғана емес, жаһан халқын түсіністік пен татулыққа шақыратын съездер мен форумдардың Астанада өткізілуінің мәні де осында.
Қызметі елдің бірлігі мен ынтымағын сақтап, келер ұрпаққа берекесі мол, бірлігі берік қоғамды табыс етуді мақсат ететін Қазақстан халқы Ассамблеясының биыл өткен XXVI сессиясында «Ассамблея туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елімізде осы ұғымдарды іс жүзінде орнықтыра, бекіте түсуді көздейтіні атап өтілді.
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгінде Астана – рухани жаңғырып, Мәңгілік Ел болуды мұрат еткен, болашағы жарқын елдің айбынды ордасы.
Осындай мерекелі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің әрбір азаматын құттықтап, қуаныш пен табыс, отбасына бақ пен береке, Отанымызға және еңселі елордамызға өсіп-өркендеу тілейді!
Астана – рухани жаңғыруымыздың, Қазақстан халқының болашаққа деген нық сенімі мен оны түрлендіретін жасампаз күшінің символы болып қала берсін!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі