Қазақстан • 30 Қараша, 2018

Әр баланың өз несібесі бар

614 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасымен суретке түскен кішкентай Нұржан Мурсалимов қазір ержетті. Ол облыс орталығындағы №19 мектептің 11 сыныбында оқиды. Былтыр үлгілі тәртібімен, үздік оқығанымен, белсенді ұйымдастырушылық қабілетімен танылған жасөспірім мектеп президенті атаныпты. 

Әр баланың өз несібесі бар

Біз Нұржан туралы «Еге­менде» 2015 жылы қаңтар айы­нда «Пәтер алған күні Елбасына хат жаза­­мын...» деген мақа­ла­мыз­да жазған едік. Онда Н.Мур­са­­лимов­тің ата-анасы Рамазан мен Қауия­ның үй ке­зе­­гінде 1992 жылдан бері тұр­ып келе жатқан­дары ай­­тылған-тын. Облыс орта­лығында пәтер жал­­дап тұрған от­басы ұз­ақ жыл бо­йы үйіміз болса деген үмітпен өмір сүрді. Тіпті тұрған үй кезек­те­рі­нің құжаттары да облыс о­рта­лығындағы Индустриялық ауда­ны тараған кезде жоғалып кетіпті. Бірақ отбасы үміттерін үзбейді. Несібе әкелер жақсы бір күннің боларына сенеді. Пәтерден пәтерге көшіп жүрсе де Меруерт, Қарлығаш атты екі қыз бен Нариман, Бауыржан, Нұржан есімді үш ұлды дүниеге әкелді... 

...2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Пав­ло­­дарға келді. Жұмыс са­пары­­ның соңында облыс орталығындағы жаңадан ашылған №10 балабақшаны аралап көрді. Елбасы балабақшаға кел­генде кішкентай Нұржан Рамазанұлы компьютер арқылы қа­зақы ұғымдар тізбелерін жасап көрсетіп берді. Сол жолғы ма­қа­­ла­да біз: «Кішкентай компьютер­ші бала Нұржан ержетті, облыс ор­та­лығындағы №19 мектептің 7 сыныбында оқып жүр. Елбасы риза­лығын, батасын алған бала. Талапты, зерек оқушы. Қазір осы Нұржан өсіп келе жатқан отбасы облыс орта­лығындағы пә­тер кезегінде 71-ші болып тұр екен. Әне-міне деу­мен, күтумен, ше­неу­нік­тердің уәдесіне сенумен келеді. Ылғи кейін шегеріле берген ғой. Үй кезегіне 1992 жылдан бері тұр­ған­нан санасақ, 20 жылдан асып кетіпті. 

«Әке-шешемнің талай жыл бойы сары­лып әзер жеткен 71-ші кезегі та­ғы да кейін шеге­ріліп тас­талмаса екен, би­ыл пәтер ал­­сақ, қуа­­ны­­­ш­ымды айтып Елбасына хат жазар едім», деген еді сонда Нұржан. 

Қазір Мусалимовтердің көп­балалы отбасы облыс ор­та­лы­ғын­дағы жаңа салынған үйдегі 3 бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. «Әрине пәтер алған күні Ел­ба­сына хат жаздық. «Егемен» газетіне рахмет! Менің ата-анам, мен жайлы жаздыңыздар. Бұл ме­нің өмірімдегі ұмы­­тыл­мас қуа­ны­ш­­­­­тар ғой! Кішкентай күнім­де көрген Ел­­басының ба­та­сы өмір жолы­­ма жолдама бер­ген­дей. Бұл сурет әр­қа­шанда менімен бірге»,  дейді Н.Мурсалимов.

Мектеп бітірген соң Мәс­кеу­де­гі М.В.Ломоносов атындағы мемле­кеттік уни­верситетке оқуға түс­сем дейді ол. Сәттілік тілейміз саған, Нұржан!

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

ПАВЛОДАР

Суретте: Елбасы Павлодар­ға келгенде. 2007 жыл. Кіш­кентай Нұржан Мурсалимов компьютерде.