Қазақстан • 30 Қараша, 2018

Алматылық жас зияткерлер Президент күніне тарту жасады

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері Президент күніне арнап тамаша тарту жасады. Қаладағы ең үлкен ойын-сауық орталығында жиналған 200-ге тарта жас зияткер бір мезетте күмбірлете күй тартып,  әсем әннен шашу шашты. Жұртшылықты думанға бөлеген жас өнерпаздарға қала тұрғындары дән риза.

Алматылық жас зияткерлер Президент күніне тарту жасады

Көпшіліктің көңілін баураған  мәдени іс-шара Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының ұйымдастыруымен  осымен төртінші мәрте өткізіліп отыр. Бұл күнді асыға күтетін еліміздегі 20 Назарбаев Зияткерлік мектебінің  шәкірттері өз қалаларындағы сауда орталықтарында бас қосып,  мерейлі мерекеге тарту жасауды дәстүрге айналдырған.

Физика-математика бағытындағы жас дарындар мектебінің домбыра оркестрінің мүшелері күй атасы Құрманғазының «Балбырауын», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін күмбірлете орындап  көпшіліктің алғысына бөленді. Ал мектепшілік хор үйірмесінің таланттары «Қазақ елі» әнін нақышына келтіре шырқап  мерекенің шырайын ашты. Педагог-ұйымдастырушы Жанерке Сатқынбекованың сөзінше, оқушылар бұл күнге айрықша дайындалған. Олардың үстіндегі қазақы ою-өрнектермен көмкерілген ұлттық киімдерінің өзі шәкірттер үшін бұл мерекенің мәні зор екенін аңғартатындай. Жүздері бал-бұл жайнаған олар өз әсерлерімен бөлісті.

«Бүгін барша еліміз үшін үлкен мереке. Елбасының атымен аталатын мектеп болғаннан кейін бұл күн бізге ерекше жауапкершілік жүктейтіндей көрінеді. Өнерімізді паш етіп, халықтың көңіл-күйін көтереміз. Жарқын болашағымыз үшін еңбек еткен Президентімізге алғысымызды осы арқылы жеткізгіміз келеді», дейді Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 «а»  сынып оқушысы Алдияр Жайсаңбаев.

 2014 жылы ашылған білім ордасында бүгінгі таңда мыңға тарта шәкірт білім алуда. Оқытушылар құрамы тәжірибесі мол білікті мамандардан құралған. Шет елдерден арнайы шақыртылған ұстаздар дәріс береді. Бір айта кетерлігі, аз жылдар ішінде мектеп шәкірттері халықаралық олимпиадаларда топ жарып, жас зияткерлерге арналған әлемдік жобаларда көш басынан көрінген.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ