Аймақтар • 01 Желтоқсан, 2018

Ақтауда «Ұлы дала мұрагерлері» флешмобы өтті

361 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ата-аналары қала орталығындағы «Дина» гипермаркетінде ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай республикада бір мезетте ұйымдастырылатын «Ұлы Дала мұрагерлері» домбырашылар флешмобын өткізді. Дәстүрлі акция, сонымен қатар, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 10 жылдық мерейтойына арналды.

Ақтауда «Ұлы дала мұрагерлері» флешмобы өтті

Шараның басты мақсаты – республикадағы зияткерлік мектеп оқушыларының ынтымақтастығын арттырып, олардың өнерін көпшілікке дәріптеу, жергілікті халыққа қазақ күйлерінің күмбірін естірту. Акцияға қатысушылар «Ерке сылқым», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай» және «Ата толғауы» күйлерін тартты. Флешмобқа биыл 30-дан аса домбырашы қатысты.

-Зияткерлік мектеп оқушылары ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ұйымдастырылатын аталған акцияға жыл сайын белсенді қатысады. Қазақтың күйлерін тартып, әндерін айтады. Шараға мектебіміздің домбыра үйірмесінің оқушылары өз өнерлерін көрсетеді. Қазақтың ұлттық аспабы домбырада ойнаушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Бұл, әрине қуанарлық жағдай, дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.

Биылғы флешмобтың ерекшелігі оқушылармен қатар, ата-аналардың қатысуында. Олар балалармен күй тартып, республикалық масштабтағы акцияға елеулі үлес қосты.

-Бүгінгі жас домбырашылардың акциясы ұлттық аспабымыз домбыраның қоңыр дауысын рахаттана тыңдауға мүмкіндік берді. Зияткерлік мектеп оқушыларының өнері өрге жүзсін! Барша қазақстандықтарды ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын!- дейді Тамара Дүйсенова.

Айта кетейік, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының авторлық акциясына биыл 1500-ден аса домбырашы қатысты.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы