Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2018

Мақсат – сейсмикаға төзімді құрылысты дамыту

470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ТМД елдерінде зілзалаға төзімді құрылысты дамыту мәселелерін шешу үшін негізгі алаң ретінде Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) таңдап алынды. Яғни «ҚазҚСҒЗИ» АҚ базасында ТМД-ның Сейсмикаға төзімді құрылыс жөніндегі базалық ұйымы құрылады. Бұл ортақ шешім Мәскеуде өткен ТМД елдерінің Құрылыс қызметіндегі ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық кеңесінің отырысында қабылданды. 

Мақсат – сейсмикаға төзімді құрылысты дамыту

ТМД-дағы сейсмикаға төзімді құрылыс мәселелерімен айналысатын бірыңғай ұйымды құру қажеттілігі сейсмикаға төзімділік мәселелерінің геофизика, оның ішінде сейсмология және геодинамика міндеттерін шешуде құрылыс қызметіне қатысы жоқ әрі ғылыми тұрғыдан көп зерттелмеген тақырыптармен тығыз байланысты болуынан туындап отыр. ТМД-дағы сейсмикаға төзімді құрылысты дамыту сала­сындағы бірыңғай тәсіл сон­дай-ақ күрделі инженерлік-геоло­гиялық жағдайларда әртүрлі конструктивтік шешімдердің орнықтылығына талдау жүргізу және тиімді сейсмикалық оқ­шаулау әдістерін өндіру қа­жет­тілігі мәселесін шешуге мүм­кіндік береді.

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ведомстволық бағынышты ұйы­мының сейсмикаға төзімді құрылыс саласында 87 жылдық тәжірибесі бар. Институттың қажетті ғылыми әлеуеті, сон­дай-ақ конструкциялардың, на­туралық ғимараттардың және олардың фрагменттерінің инер­циялық әрекет ететін діріл маши­насы және полигондарда сейсмикалық жарылыс әсер­лері арқылы статикалық жә­не динамикалық сынаула­ры­нан тұратын бірегей экспе­рименталдық зерттеу­лер жүр­гі­зілетін заманауи жаб­дық­тармен және өлшеу құрал­да­рымен қамтамасыз етілген экс­перименталдық базасы бар. Ғимараттарда орналасқан Қа­зақстандағы жалғыз инже­нерлік-сейсмометриялық стансалар желісі – Алматы қаласында 10 станса, Қапшағай және Тараз қалаларында 1 стансадан ой­дағыдай қызмет атқарып тұр. Бұдан әрі оны жаңғырту және кеңейту ұйғарылып отыр.

«Ғимараттардың сейсмикаға төзімділігі міндеттері өзіне тұтас ғылымдар спектрін бі­ріктіреді және әртүрлі бе­йінді мамандарды тартуды қа­жет етеді. Өкінішке қарай, соңғы 20 жылда сейсмология және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын сарапшылар мен ғалымдар саны айтарлықтай азайғанын мойындауға мәж­бүрміз. ТМД елдерінің аумағында сейсмикаға төзімді құрылыс теориялары мен практикасын дамытуға жағдайлар мен тиімді механизмдер құру үшін мүмкіндіктер мен ғылыми әлеуетті шоғырландыратын уақыт келді», дейді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Бас директоры Бегман Кульбаев. 

ТМД қатысушы мемле­кеттерінің базалық ұйымының сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы негізгі мақсаттары мен міндеттері – ғылыми-зерттеу институттарының тәжірибе алмасу, эксперименталдық-теориялық зерттеулер жүргізуде тиімді серіктестігі үшін шығармашылық платформа ұйымдастыру; сейсмикаға төзімді құрылыс ба­ры­сында бірыңғай техникалық саясат жүргізуде жан-жақты се­ріктестігіне жәрдемдесу; ғима­раттар мен құрылыстардың сейсмикаға төзімділігін қам­та­масыз ету мәселелерін шешуге жас ғалымдарды тарту болмақ.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ