Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2018

Бір топ мал иесі жүген ұстап қалды

707 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бізге дейін құрық ұстаған қаймана қазақтың жылқы жарықтық «ысқырса желдікі, айдаса жаудікі» дейтіні әлі күнге дейін мәнін жойған жоқ. Ауылдағы шаруа жыл он екі ай балаша күтіп, көзінен таса қылмай бағатын төрт түліктің төресіне жау көп. 

Бір топ мал иесі жүген ұстап қалды

Ауыл адамдары осы малдың сүмесімен күн көріп отыр. Күні ертең ұлымды үйлендіріп, қы­зымды ұзатсам, перзенттерімді қатарынан қалдырмай оқытсам осы малым қажетіме жарайды деп үміттенеді. Ал бар күнкө­рісі сол мал болып отырған ел қазынасын айдың-күннің аманында түре қуып, ізім-қайым жоғалтып жіберу жаулық емей немене? Көкшетау қаласының тап іргесіндегі Кене­сары, Баянбай және Жамантұз ауылдарының тәмам жұрты  жү­ген ұстап қалды. Жоғалған жыл­қымен бірге жылқышының да көзден таса болуы көп күдікке себеп болып тұр. Өйткені жұрт жылқысын сеніп тапсырған жылқышы бір түннің ішінде белгісіз жақ­қа қопарыла көшіп кеткен. Ұрлықтың ізін індетіп таратып айтатұғын болсақ, қыруар мал бір күннің ішінде жоғалмаған. Аңғал жұрт жылқысының үйірде жоқ екендігін тіпті байқамай да қалыпты. Жылқышы бір үйір жылқыны айдап әкеліп, тізім бойынша иелеріне таратып бергеннен кейін малсақ қауым табында 200 бас жылқының жет­пейтінін бір-ақ білген. 

– Жылқының қолды болуы­на байланысты қылмыстық іс қоз­ғалды, – дейді облыстық полиция де­партаменті баспасөз қызметінің маманы Әсем Әб­дірах­манова, – қа­зір Бурабай ауда­нының бірнеше тұрғыны күдікке ілініп отыр. 

Бір қызығы, жылқышының жалы да жығылған жоқ. Қа­мауға алу жөнінде санкция бол­маған. Осы арасын ашынған жұрт түсінбей, аңтарылып отыр. Жайлаған же­рінен су шық­қандай бір түнде көшіп кеткен жылқышы көрші ауыл­да тұратын көрінеді. Бәрі белгілі бол­ғанымен, қашағанға құрық түс­пеу себебі беймәлім.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы